Госорганы

Қаладан ауылға жұмыс істеуге баратын жастарға енді 369 мың теңге төленеді

Елімізде қаладан ауылға жұмыс істеуге баратын мамандарға берілетін төлем сомасы көбейтілмек. Ұлттық экономика министрлігі бағдарламаға өзгертулер енгізіп, жаңа жобаны қоғам талқысына шығарды. Енді олар 369 мың теңге алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Қаладан ауылға баратындарға тұрғын үй алуға берілетін қаржы да ұлғайған. Аудан орталықтарына баратын қызметкерлер 0,01 пайызбен 9 миллионнан астам теңге, ауылда еңбек ететіндер 7 миллион теңгеге несие рәсімдей алады. 2009 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан бағдарламаға дәрігерлер, мұғалімдер, әлеуметтік көмек қызметкерлері, мәдениет пен спорт мамандары мен ауыл шаруашылығы қызметкерлері қатыса алады.

Петропавл тұрғыны Бекзат Асқар ауыл шаруашылығы саласында қызмет етуді жоспарлап отыр. Сол себепті агроном мамандығын таңдаған екен. Қазір университетте білім алып жатқан студент болашақта ауылда еңбек ететінін айтты.

“Биыл үшінші курсты аяқтадым. Қазір жастар көбі ауылға барғысы келмейді. Мен, керісінше, ауылға барып жұмыс істегім келеді. Болашақта агроном болғым келеді”, – деді Петропавл тұрғыны Бекзат Асқар.

Биылдан бастап ауылда жұмыс істегісі келетін жас мамандарға берілетін төлем сомасы 369 мың теңгеге дейін көтеріледі. Қоғам талқысына салынған өзгертулерге сәйкес ұстаздар, дәрігерлер, ауыл шаруашылығы мамандары 0,01 пайыз мөлшермен тұрғын үйге несие рәсімдей алады. Оның мөлшері 9 миллион 230 мың теңгеге дейін жетеді. Бұл жаңашылдық ауылға жас мамандарды тарту үшін жасалып отыр екен.

“Негізгі талаптардың бірі – соңғы екі жылда қызмет алушының 90 күннен асқан берешегі болмауы керек. Яғни несиесін мерзімінен кешіктірмей төлеуі қажет. Мұндай әлеуметтік қолдау шараларына ие болған маман ауылда үш жыл жұмыс істеуге міндетті”, – деді ҰЭМ ауылдық және шекара маңы аумақтарын дамыту басқармасының бас сарапшысы Гүлмира Тынабекова.

Алайда әлеуметтанушы Айжан Базарханқызы тиісті төлемді ұлғайту мәселені түпкілікті шешпейді дейді. Себебі 2009 жылы басталған бағдарлама нәтижесін әлі бермеген. Диплом алған түлектердің көбісі ауылға барғысы келмейтінін айтады. Маманның сөзінше, алдымен елдімекендегі инфрақұрылымды дамыту керек. Жастарға жағдай жасау маңызды.

“Жас мамандардың ауылға көшуге асықпауының бір себебі – урбанизация. Жастарды ауылға тарту үшін қызықтыру керек. Бос уақытын өткізетін орындар көптеп ашылуы керек. Интернет, су, газдың болмауы да кері әсерін тигізеді. Сол себепті ең алдымен инфрақұрылымды дамытпай бәрі бекер болады”, – деді әлеуметтанушы Айжан Базарханқызы.

Әлеуметтанушының пікірінше, дипломмен ауылға баратын жас мамандардың дені қалаға қайтуға тырысады. Міндеттемесін орындаған соң қалаға асығады. Сондықтан проблеманың себебімен емес, салдарымен күресу қажет дейді маман.

Другие новости

Back to top button