Қайтыс болған каратэ жаттықтырушысының ата-аналары мен балалары оның әйелімен соттасты
2020 жылы атақты спортшы мен каратэ жаттықтырушысы қайтыс болғаннан кейін оның есімі үшін сот отырысы өтті. Сот арқылы заңды құқықты марқұмның жұбайы, балалары мен ата-аналары анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жоғарғы сот мәліметінше, 2020 жылдың соңында Қазақстанның каратэ бойынша танымал спортшысы қайтыс болды. Ал 2 айдан кейін мұрагер – жесір әйел Әділет министрлігінің сараптама ұйымына спортшы мен жаттықтырушының атында өнімнің 6 түрі бойынша (баспа, фарфордан жасалған мүсіншелер, керамика және шыны, шыныаяқ, киім мен аяқ киім, маркетинг, көрмелер ұйымдастыру және т.б.) тауар белгісін тіркеуге өтініш жолдаған. 9 айдан кейін тауар белгісі оған тіркелді.
«Марқұм спортшының әкесі тауар таңбасын тіркеумен келіспегендіктен, Әділет министрлігінің апелляциялық кеңесіне аталған шешімге қатысты шағым түсірген. Алайда одан бас тартты.
Мұра қалдырушының ата-анасы мен балаларының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында спортшының әкесі сотқа талап қоюмен жүгінген. Астананың МАӘС-ы және апелляция талап қоюды қанағаттандырды. Министрлік аталған сот актілеріне кассациялық тәртіпте шағым түсірді.
Жоғарғы Соттың Әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы істі қарап, төменгі сатыдағы соттардың қорытындыларының негізділігін көрсетті», — делінген Жоғарғы сот хабарламасында.
Ведомство мәліметінше, даулы тауар белгісін тіркеген және апелляциялық кеңес қарсылықтарды қараған кезде тікелей туыстығына байланысты өздерінің атақты атауын пайдалану құқығынан айырылған мұрагерлердің (мұра қалдырушының ата-аналары мен балаларының) құқықтары мен заңды мүдделері ескерілмеген.
Бұл адалдық, парасаттылық, әділдік пен адамгершілік қағидаларын бұзады, өйткені мұндай әрекеттің салдары әкімшілік процеске қатысушылар мүдделерінің теңгерімінің әділетсіз бөлінуіне әкеп соққан.
Осы дәлелдерді ескере отырып, министрліктің шағымы негізсіз деп танылып, аталған іс бойынша сот актілері күшінде қалдырылды.