Қайтсек жақсы ана боламыз?
Соңғы кездері көпбалалы аналардың балаларын тастап, өз үйінен безіп, басы ауған жаққа қаңғып кеткен оқиғалар жиілеп барады. Тұрмыстағы қиыншылықтар, әлеуметтік түйіткілдердің салдары ма, әлде психикалық ауытқудың белгісі ме? Қалай өте жақсы ана боламыз? Осы сұраққа жауап іздеп, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс балалар психиатры, Республикалық психикалық ғылыми практикалық орталығының бөлім меңгерушісі Марина Вихновскаямен әңгімелестік.
— Марина Владимирқызы , соңғы кездері көпбалалы аналардың үйден қашып, балаларын тастап кететін оқиғалар жиіледі. Мұндай көкек аналарды психикалық ауруға шалдыққан деуге бола ма?
-Ананың балаларынан бас тартып, тастап кетуіне итермелейтін себеп өте көп. Біз ана өз перзентінен ешқашан бас тартпайды деп ойлаймыз.
Мәселен, әлеуметтік түйіткілдерді алайық. Шешесі перзенттерін өмірге әкелді. Оған күйеуі жүктіліктен сақтануға тыйым салады немесе түсік жасауына да рұқсат бермеуі мүмкін. Бұл жерде діни көзқарастың ықпалы да болуы ықтимал. Бәлкім жүктіліктен сақтану туралы ақпараттан әйел хабарсыз.
Қазір қоғамда халықтың көзі ашық. Дегенмен шалғайдағы аудандарда жүктіліктен сақтануға арналған заттар жайлы білмейтін әйелдер де бар. Олар біреуден кеңес алуға ұялады. Олар үшін жүктілікті болдырмайтын дәрілер қолы жетпейтін дүние сияқты көрінеді. Сондықтан туады, туады және туады. Әйел егер өзінің қалауынсыз өмірге сәби әкелген жағдайда оның өміріне бұл да өзгеріс әкеледі. Ол күнделікті күйбең шаруалардан шаршайды және өз міндетін атқаруға қауқары, күші таусылады . Біз оның отбасындағы қарым-қатынастың қандай екенін білмейміз. Бәлкім күйеуі мүлдем көмектеспейді. Ері зорлық-зомбылық көрсетуі де мүмкін. Енесімен кикілжің бар шығар, үйден кеткен қызына анасы да көмектеспейді. Бізде қыз тұрмысқа шыққаннан кейін шешесі перзентінің өміріне араласпайды, жағдайын сұрамайды. Әсіресе шалғайдағы аудандарда мұндай салт қатал сақталады. Әйелдің өз басына түскен түйіткілдерді еңсеруге дәрмені таусылып, тығырықтан шығудың жалғыз жолы бәрін тастап кету деп шешім қабылдайды. Бұл бір себеп.
Тағы бір себеп тұлғаның бойында психикалық бұзылыстарының болуы мүмкін. Бір емес, бірнеше баласын оңай тастап, басы ауған жаққа көңіл көтеруге кетеді . Туады, туады, туады. Себебі күйеуге шықты, осылай перзент сүю керек деп ойлайды. Нәтижесінде отбасын, балаларын бәрін тастап, басқа еркекпен көңіл қосады. Егер бұрын ерлер үйінен безген болса, қазір әйелдердің баладан қашып кетуі жиі байқалады. Бұл немен байланысты? Себебін нақты ешкім айта алмайды. Психикалық бұзылыстар болуы мүмкін. Мұны жоққа шығаруға болмайды. Бізде мұндай оқиғаларды жиі кездестіреміз. Анасы психикалық кеселмен ауырады, сондықтан жәутеңдеген ұл-қызына мойын бұрылмай өзі рахаттанып өмір сүру үшін басы ауған жаққа кетеді . Ол өзінің не істеп жатқанын сезбейді. Өкінішті жағдай. Дегенмен әр оқиғаның себебіне үңіліп, әрқайсысын жеке талдау керек.
— Ең жақсы ана болу үшін не істеу керек?
— Ең бастысы анаға балаларымен тығыз қарым-қатынас орнату керек. Перзентімен әңгімелесу, оның өмірінде не болып жатқанын білу немесе қандай сұрақтар мазалайтынын сұрауға уақыт тапшы деп ақталамыз. Қалай десек те, әр бала ата-анасының назар аударғанын қалайды. Мен де күнімен жұмыстамын. Қазір көптеген әйелдер жұмыс істейді. Үйде бала бағып отыратын аналар аз. Еңбек еткен шешемен салыстырғанда бала күтіміндегі аналардың перзентіне көңіл аударуға керісінше мүмкіндігі бола бермейді. Себебі ол үй шаруасынан шаршайды. Отбасында перзент көп болса, олардың әрқайсысы ата-анасынан қамқорлықты күтеді.
Көбінесе отбасында кенже балаларды еркелетеді, үлкендерін елемейді. Тіпті назардан тыс қалады десе де болады. Мұндай қарым- қатынас әлі буыны қатпаған жасөспірімнің мінез-құлқына әсер етуі мүмкін. Сондықтан қарны тоқ , көйлегі көк болса да ,баламен сөйлесу, пікірін тыңдау маңызды. Олардың достары кімдер, нені қалайды, немен айналысады, тіпті оның өміріндегі болып жатқан оқиғаларды айтып, әңгімелесу керек. Кейде балалармен сөйлескенде проблемасы жайында анаңа айтасың ба деп сұраймыз. Бала анасына ешнәрсе айтпаймын деп ат-тонын алып қашады. Себебі ол ұрсады, жанжал шығарады дейді.
Ата-ана кез-келген жағдайға дайын болуы керек. Себебі, балалық, жастық шақта басымыздан түрлі жағдайлар өтті. Әр адамның өзінің құпиясы, стресстік жағдайлар, басынан өткен ешкім білмейтін проблемасы бар. Егер бала сізбен өзінің сырын ақтарып, ешкім білмейтін құпиясымен бөліссе, онда балаға бәрін бүкпесіз айтуға , шерін тарқатуға мүмкіндік беру керек. Ол сізге сену керек. Оны ұрып-соғу немесе туысқандарға сөзін жария ету қателік.
Дегенмен тағы айта кетейін, әр отбасының тіршілігі ешкім білмейтін бөлек әлем . Анасы кез-келген уақытта балаларын тыңдап, мейірім, махаббатпен бірге сырласы болуға бейімделу керек. Әрі баланы шектен тыс еркелетуге болмайды.
Жеткіншектің өзінің кеңістігі болу керек. Тағы бір мәселе, баланың жүрегіне сыйлықпен жол салып, көңілін табуды әдетке айналдырудан аулақ болыңыз. Мәселен, сен жақсы оқисың немесе спортпен айналыссаң, мен саған сыйлық беремін. Қарым-қатынас нарықтық жағдайға көшкенде балаңыздың махаббаты, шынайылығы мен сеніміне қол жеткізе алмайсыз. Себебі сен маған бересің, мен орындаймын деп ойлап, сол әдетке дағдыланып алады.
Жасөспірімнің егер өмірінде бір мақсатқа жету үшін ыдысқа қаржы жинайтын әдісті қолдауға болады. Жүз теңге берсеңіз де, бұл балаға серпіліс береді. Себебі бала талпынып өз бетінше тиын-тебен табу үшін талпынады, еңбек етеді. Біз бәрібір баланың күнделікті қажеттілігіне ақша береміз. Тамағына, басқа да шығындары бар. . Ал қаржы жинайтын затты толтыру үшін бала ақша табу, үнемдеу және жұмсауды үйренеді. Өзінің жауапкершілігін түсінеді.
— Темірдей тәртіппен баланы тәрбиелеу , шектеу дұрыс па?
-Ұру немесе баланы қатал тәртіппен тәрбиелеуді қолдамаймын Тіпті баланың мінез-құлқы бұзақылық жасауға бейімдеу болса да , өзін жақсы көретін адам бар екеніне білу керек. Көбіне балалар шалыс басып, тағы басқа келеңсіз жағдайға ұрынып қалғанда анасының мейірімі ,махаббаты қолдауын білетін бала мұндай қиындықтарды жеңіл еңсереді. Кімге шағым айтатынын білмейтін , әке-шешесіне басындағы жағдайды айтуға қорқатын балалар жалғыздықтың күйін кешеді.
Баланың эмоционалық жағдайына көмектесу керек. Оның өміріне араласу керек. Егер бала өзінің анасының жақын екенін түсінгенде, көзі жеткенде ол әрқашан сіздің үмітіңізді ақтайды.
— Балалар психиатры мамандығын қалай таңдадыңыз?
— Менің әкемнің ағасы өмір –бақи осы Республикалық психикалық орталықта жұмыс істеді. Ол психотерапия бөлімін басқарды. Дәрігер боламын деген арман жастайымнан көкейімде сайрады. Себебі, отбасымда апам дәрігер. Мектеп бітіргеннен кейін институтқа оқуға түсе алмадым. Осы орталыққа 16 жасымда тазалықшы болып жұмысқа орналастым. Психотерапия бөлімі маған есігін айқара ашты.
ЖОО түскеннен кейін де мен жұмысымды әрі қарай жалғастырдым. Кейін мейірбике болып еңбек болып еңбек еттім. Мен педиатрия факультетінде оқыдым. Осы орталықта еңбек етіп, мамандықты таңдауыма септігін тигізді . Мен инсиитутты бітіргенде балалар бөлімінде жұмыс табылып,бірден осында өз мамандығым бойынша еңбек жолын бастадым. Еңбек маған үлкен тәжірибе мектебінде шыңдалуға мүмкіндік берді. Медицина күрделі мамандық. Балалар хирургиясы, балалар онкологиясы бәрі өте күрделі сала және жұмыс істеу оңай емес. Ментальды бұзылысы бар балалармен жұмыс істеу өте қиын . Өйткені балалар өзі жайлы айта алмайды. Әрі ой-өрісінің дамуы тежелген балалар. Дегенмен балалардың шулап жүргеніне үйреніп қалғанмын. Балаларым, немерелерім бар.
— Әңгімеңізге рақмет.