Интервью

«Қайратты түрмеде жастықпен тұншықтырып, қылқындырып өлтірген»

Мәкен Уақтегі - "Желтоқсан көтерілісін" зерттеуші

Ел Тәуелсіздігі үшін бейбіт шеруге шыққан жастардың алаңдағы күресі ешқашан ұмытылмайды. Әсіресе, батылдығымен, нағыз қазақы ұстанымымен, ерекше көзге түскен Қайрат Рысқұлбековтің тағдыры баршаға үлгі. Бүгінде оның рухына тағзым етіп, ерлігін насихаттау, есімін ұлықтау Тәуелсіздік күні аясында жиі аталып өткенімен, қазақ баласының қалай өлгенін көп адам біле бермейді. Экспресс К тілшілеріне «Желтоқсан көтерілісін» зерттеуші, Қ. Рысқұлбеков атындағы қордың құрылуына күш салып, біраз уақыт басқарған Мәкен Уақтегі осы жұмбақ өлім жайлы деректі толықтай айтып берді.

Мәкен Уақтегі Қайраттың жұмбақ өлімінен кейін, ең алғашқылардан болып бұл сұмдық жайттың себебіне сұрау салған, талап қойған азаматтардың бірі. Тіпті 90-шы жылдары «Халық Қаһарманының» көз жұмды деген Семей қаласындағы түрмеге барып, сол төңіректегі тұрғындардың дәлелді дәйектерін жиды. Қайрат өмірден озған соң, оның ерлігін келешекке насихаттауға тікелей атсалысты, есімін бүгінге жеткізуге күш салды.


Экспресс К: Мәкен аға, Қайрат Рысқұлбековтің ерлігі баршаға аян. Бірақ оның ұсталғаннан кейінгі қиын тағдырын, жұмбақ өлімін бірі естісе, енді кей адам білмейді. Сондықтан осы жайлы сөз қозғасақ.


Мәкен Уақтегі: Иә, желтоқсан көтерілісіне міне 36 жыл да толыпты. Бірақ, бүгінгі «Жаңа да, Әділетті Қазақстанда» менің бір ғана тілегім бар. Ол бейбіт шеруге шыққан қазақ жастарын аса қатыгездікпен жазалаған, ұрып-соққан, жұмыстан, оқудан шығарған, жасанды сотқа тартып, әділетсіз жазалар белгілеген адамдардың халық алдында кешірім сұрап, күнәдан арылуы.

Енді, менің мұрағатымда көптен бері сақтаулы нақты дерек бар. Дәлірек айтсам, 1991 жылы 12 желтоқсандағы «Атамекен» газетінің 1-бетінде «Тірі куәлер не дейді» айдарымен жарыққа шыққан сол кездегі студент Ғ. Насыровтың «Марқұм Қайрат алаңда жиналғандарға: — Жігіттер, үш күнге шыдайық. Үш күннен соң біздің дауысымыз Біріккен Ұлттар Ұйымына жетеді» — деген жан дауысы әлі күнге құлағымнан кетпейді деген естелігі бекерден бекер айтылмаған. Осы үндеуінен кейін ғана «тыңщылардың» назарына ілігіп, 1987 жылы жаңа жылда Қайратты Мойынқұм ауданы орталығында тұратын нағашысы Мәдібек Асанбаевтың үйінен таңға жуық демалып жатқан жерінен ұстап әкеткені бізге мәлім.

Қайратқа құйтырқы саясатпен «тележурналист Савицкиийді өлтірді» деп жала жауып, оған ең ауыр ату жазасын тағайындағаны көпшілік білер. Дейтұрғанменен өркениетті елдердің зиялы қауым өкілдерінің сол кездегі Кеңес Одағы Президиумының төрағасы А.Громыкоға жасаған қысымының нәтижесінде 23.04.1988 жылы ауыр жаза амалсыздан 20 жылға ауыстырылады. Артынша, 1988 жылы 21 мамырда Қайраттың қайтыс болғаны жайлы қайғылы хабар жетіп, Бірлік ауылын үш әріп өкілдері бақылауға алып, ағайын-туыстарын Семей қаласына жібертпеуге әрекеттенді. Бізді қыршын боздақтың жұмбақ өлімі айрықша толғандыратын еді. 1991 жылы Ұлы наурыз мерекесінде Қайраттың Семей қаласындағы мәйітін Бірлік ауылына әкеліп, жерлеп, басына ескерткіш орнатып, өзі оқыған мектепке Қайраттың есімін бергізуге т.б. игі шаралар өткізіп тұруға Рысқұлбеков атындағы қорды аштық. 1991 жылы қыркүйекте Семейліктер зиратына құлпытас қойып, ас бергізгенде ағайын-туыстары мен бізге Қайраттың мәйітін қозғамай осы Абай бабамыздың топырағында қалдыра беруімізді, олар кесене орнаттырып, құрметтеп тұратындарын ескерткен еді.

Бірнеше мәрте әуре-сарсаңға түсе жүре Қайраттың қазасының құпиясын зерттеуге Семей қаласына баруыма тура келді. Бір жолы Алматыдан «Қайраттың өліміне байланысты материалдық шығындарыңызды қайтаруға төлеу өтемі туралы мәселе 1993 жылы шілденің 20-сында Жоғары Сотта қаралады. Келіңіз» деп анасы Дәметкен Асанбаеваны шақырған ресми қағаз келді. Жан-жақты ақылдаса келе, Семей сапарының жақындауына орай мен де ілесіп баратын болдым. Мұхтар Шаханов болса Қырғызстанда, Коммунар Табейге телефонмен хабарласып, мән-жайды түсіндірдім. Ертеңіне Алматы теледидарындағы жігіттерге де хабар беріп, оларды да сот процесіне шақырттым. Басталған күні өзім де қатысып, мынадай қиыншылық кезеңдерде, Қайраттың туыстарының тұрмыс жағдайларының нашар екенін, аса қажет жағдайда қор басқармасы есебінен де көмектер беріліп келгенін, сондықтан да оларға мемлекет тарапынан жеңілдікті жәрдемдер тағайындалса деген тілек айттым. Қайраттың ғана емес, Ербол, Ләззат, Сәбира сынды жас боздақтардың туыстарына да мемлекет тарапынан жеңілдіктер берілуі жөн деп атап өткен едім. Жоғарғы сот мүшелері тағы да керекті құжаттар дайындап «екі күннен кейін келіңіздер» деді. Бірақ маған Семейдегі жұмбақ өлімнің құпиясын ашу үшін жолға шығу керек болған соң, ескертіп кете бардым.


Экспресс К: Қайратты әдейі өлтіргенін осы іс-сапарда білдіңіз бе?
Мәкен Уақтегі: Иә. Сол сапарда ақсуаттық ақын Серік Жұматовтың көмегімен ішкі істер органында қызмет істеген Дәулет Әубәкіровты таптым. Әубәкіров болса «Қайрат төсекте бүк түсіп жатқан болатын, мойнында болар-болмас дақ болған еді» деген сөздерін айтты. Бірақ Дәулеттің тигізген шарапаты — Болат Шалағановты (Қайраттың мәйітін таңға жуық көрген дәрігер-сарапшы) табуға көмектесуі болды. Болат басқа жұмыста жүрсе де айтқан уәдесінде тұрып, түрмедегі Қайраттың жатқан №21-камерасына бізбен бірге кіріп, болған, көрген сәттерін айтып берді. Болаттың айтуы бойынша да, Қайрат бүк түсіп, тізелерін бауырына алып жатқан. «Мойнында болар-болмас дақ болатын. Жарақат белгілері жоқ. Менің түсінігімше , Қайрат дем жетпей, тұншығып өлген сияқты, сарапшылар Актісіне қол қоймаса да бола береді» деді. Камера қабырғасының ені 2-2,5 метр шамасында.

Тіпті бұл өлім жайында Қазақстанның бір қиырындағы түрмеден әдейілей алдырып, кейін Свердлов облысындағы түрмеге аттандырылатын Қайратпен бір камераға орналастырылған қандыбалақ Власенко оны «асылып» тұрған жерінен шешіп алып, қолдан демалдырып жатыпты-мыс деген желеулі дәлелдер дайындалыпты. Қайраттың өзін жеке дара неге жатқызбаған?! Содан санаулы күндер бұрын ақталып шығатынына сенімі мол Қайраттың ату жазасын 20 жылға өзгерткенін естігенде, секіре қуанған азаматтың көп ұзамай өзін өлімге қиюы да қисынсыз, тіптен мүмкін емес… Ашығын айтпаса да, Болаттың берген жауаптарына қарағанда, Власенко Қайраттың таңғы тәтті ұйқысын пайдаланып, оны жастықпен тұншықтырып, тамағынан қылқындырған. Анық, ақиқат, сірә, солай-ау… Кейінгі дерек көздеріне қарағанда, белгісіз себептермен Власенконың да қайтыс болып кеткені жайлы хабар шықты. Бұл да құпия күйінде қалды…


Экпресс К: Бұл құпия неліктен бүгінге дейін ашық айтылмай жүр?
Мәкен Уақтегі: 1993 жылы шілденің аяғында Семей сапарында жүргенімде БАҚ беттерінде «Коммунар Табейдің — Қайратқа құн есебінде 31 миллион сом ақша берілетін болды» деген хабары шыға бастады. Ауылға оралған соң, анасы Дәметкеннен «Қайраттың құны төленетін болды деп, газеттерде шыға бастағаны қалай?» деп сұрағанымда, ол кісі «материалдық көмек ретінде берілетін болды» деді. Бірақ, содан бастап Қайрат қорына қаражат түспей тоқтап қалды. Жанашыр жігіттер «Қайраттың әруағы саған риза шығар, қордың жұмысын тоқтатқаның жөн болар, құн төленгеннен соң, оны даулау қисыныз» деді. Осындай әрекеттерге қарамастан Қайрат Рысқұлбеков атындағы орта-мектеп ұжымының қолдауымен облыс пен аудандағы қоғамдық ұйым өкілдерінің 150-ге жуық адамның қол қоюларымен бұрынғы президент Н.Назарбаев пен сол кездегі Жоғарғы Кеңес төрағасы С.Әбділдиннің аттарына Қайраттың өміріне қастандық жасалғаны жайлы жазып «келешекте болашақ ұрпақтардың алдында мерейіміз жарқын болсын десек, ең жоғарғы — Халық қаһарманы атағы берілуін, және жас боздақтар Ербол, Ләззат, Сәбираны да ұмыт қалдырмауларыңызды сұранамыз» деп, хат дайындап жібердік. Көп кешікпей біздің ұсынысымыз қолдау тауып, 1993 жылы қыркүйекте «Мемлекеттік наградалар бөлімі» меңгерушісінің орынбасары К. Дүйсеевтен оңды жауап та келді. 1996 жылдың 9-желтоқсанында президент Жарлығымен Қайрат Рысқұлбековке «Халық Қаһарманы» атағы берілді.
Айтқандайын, Қайрат жайлы жинақ кітабымды шығармақшы болып, арада екі жылдай өткенде (марқұм) анасы Дәметкенге «Қайрат жайлы жинақ дайындап жатырмын, өздеріңіз алған 31 миллион сомды оның құны емес, материалдық көмек ретінде алғанмын» деп жазып беріңізші дегенімде, Дәметкен тәтеміз «Ақшаны аларда Қайраттың құнына алдым деп, қағазға қол қойып қойдым ғой» деді. Мен сол сәтте есеңгіреп отырып қалдым. Содан біраз жыл қазан жабулы күйінде қалды. Осы тұста Коммунар Табеевтің әрекеті қатты жанға батты. Кейін сотта да кездестік. Үлкен уәделер берді. Бірақ орындалмады. Ақыр соңында сотқа шапқылап шаршаған мен К.Табеевтің өзінің ар-ожданының таразысына қалдыруды ұйғардым. Қазір Қайрат Рысқұлбеков жайлы бірнеше кітап-жинағын шығардым. Қыршын кеткен боздақ жайлы әлі талай жазылар. Бастысы оның өмірі елі үшін, жері үшін, Отаны үшін зая кетпегені ғой.
Экспресс К: Сұхбатыңызға рақмет!

Другие новости

Back to top button