«Қайрат» – «Селтик» матчының билеттері 3-4 есе қымбатқа сатылып жатыр

26 тамызда өтетін “Қайрат” – “Селтик” матчының билеттерін алыпсатарлар 3-4 есе қымбатқа сатып жатыр, деп хабарлайды, Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
“Қайрат” футбол клубының мәліметінше, матчқа билет сатып алуға 100 мыңнан астам өтінім келіп түскен. Ресми сайтта билеттердің бағасы 5 мыңнан бастап 10–15 мың теңгеге дейінгі аралықта болып, бәрі небәрі бір жарым сағатта сатылып кеткен. Ресми сатылым аяқталысымен алыпсатарлар OLX пен әлеуметтік желілерде билет бағасын екі-үш есе көтеріп, 40 мың теңгеге дейін саудаласа, тіпті кейбірі 100-200 мың теңгеге сатуға қойған.
Жанкүйерлер желіде алыпсатарлардың бұл әрекетіне наразы. Араларында бұлай жалғаса беретін болса билетті физикалық түрде кассадан барып сатып алу керек деген пікірлер де кездеседі.
Айта кетейік, алматылық “Қайрат” пен шотландиялық “Селтик” футбол клубымен 26 тамызда Орталық стадионда қарымта матч өткізеді. Бұл ойын УЕФА Чемпиондар лигасы іріктеу турының плей-офф сериясында өтеді. Екі кездесуде жеңіске жеткен команда дүбірлі турнирдің жалпылама кезеңіне жолдама алады.