Госорганы

Қайрат Сатыбалдының тоқалы Мәскеудегі қымбат пәтерінен айырылды

Қайрат Сатыбалдының тоқалы Мәскеудегі қымбатты пәтерінен айырылды. Бұл туралы «Выход к морю» Telegram-арнасы жазды, — деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазақстан билігі экс-президент Назарбаевтың тергеуге ілінген туыстарынан ғана емес, олардың жақын ортасынан да активтерді қайтарып алып жатыр. Былтыр қарашада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жариялаған роликте ведомство мемлекет пайдасына тәркілеген «заңсыз сатып алынған» активтер туралы айтылады. Олардың ішінде Мәскеудегі «Золотые ключи» элиталық тұрғын үй кешеніндегі №25 пәтер туралы да ақпарат бар.

«Бұған дейін ауданы 272 шаршы метр болатын және нарықтағы құны 1 миллиард теңгеге жуықтайтын пәтерге Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының әйелдерінің бірі Марсела (шын тегі — Александрова, тағы бір тегі — Мартиросян) иелік еткен», — деп жазды арна.

«Выход к морю» Telegram-арнасы

Марсела Қайрат Сатыбалдының бейресми әйелі екені бұған дейін де айтылып жүр. Ол 1987 жылы 26 қарашада Городовиковскіде дүниеге келген. Ол біраз уақыт Ставропольде тұрып, содан кейін Мәскеуге көшкен.

2022 жылғы қыркүйекте Астанадағы сот Қайрат Сатыбалдыны алты жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды, оның мүлкі тәркіленді және 10 жыл бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды. Сот барысында Сатыбалды «Қазақтелеком» және «Көлік сервис орталығы» компанияларына залалды өтеу ретінде ондаған миллиард теңге төлегені мәлімделді. Тараптар медиативтік келісім жасасты. Қазір оған қатысты тағы бір қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Другие новости

Back to top button