Астана сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасы Қайрат Боранбаевқа қатысты істі қарап жатыр. Бұл туралыБАҚ хабарлайды.
Апелляциялық алқа бұл іс бойынша Боранбаев пен тағы екі айыпталушы Роман Наханов және Тайыр Жанұзақтың да ісін қарауда.
Судья Сламбекова Қайрат Боранбаевтан кінәңізді мойындайсыз ба деп сұрады.
«Процессуалдық келісімге сәйкес, иә», — деп жауап берді Қайрат Боранбаев.
Сотта атап өтілгендей, келісімнің шарттары әлі талқыланбаған. Бұл үшін нақты уақыт белгіленеді.
Іс ашық сотта қаралады. Айыпталушылар мен олардың қорғаушылары сот құрамына сенетіндерін айтты. Іс бойынша сотталушылардың туыстары қарсылық білдірген жоқ. Боранбаевтың қорғаушы жағы және оның өзі қылмыстық қудалау органдарымен бірлесіп жұмыс істеуге өтініш білдіруде.
Айта кетейік, биыл шілде айының басында қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы кәсіпкер Қайрат Боранбаев пен оның ісі бойынша басқа да айыпталушылар Роман Наханов пен Тайыр Жанұзаққа газ бағасы көрсетілген құжаттың түпнұсқасы болмағандықтан үкімді бұзған болатын.
Боранбаевқа қатысты тергеу өткен жылдың наурыз айында басталған. Ол квазимемлекеттік секторда аса ірі көлемде қаржы жымқырды деген күдікке ілінді. 17 наурызда астаналық сот Қайрат Боранбаевтың қамауға алынғанын хабарлады.
Боранбаевтың соты 2022 жылдың 30 желтоқсанында басталды. Боранбаевтан басқа оның сенімді адамы Роман Нахановқа, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ бұрынғы басқарушы директоры Ибулла Сердиге (маусым айында іздеу жарияланған) және «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Жанұзақ Тайырға да айып тағылды. ҚМГ бұрынғы директоры Серді жеке өндіріске бөлінді.