Алматы

«Процесс жылжымайды»: Алматыда жұмыс істейтін жастар жалдамалы пәтер беру бағдарламасына шағымданды

Алматыда жұмыс істейтін жастар жалдамалы пәтер беру мәселесіне наразы. Мемлекеттік бағдарламаға қатысуға жарты жыл бұрын өтініш жолдағандардың бір де біреуі әлі күнге дейін баспанамен қамтылмаған. Олардың құжатына нақты жауап та берілмеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

 «Жұмыс істейтін жастар үшін жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасына қатысқан алматылық жастар тұрғын үйге қатысты басқа бағдарламалардан құр қалған. Айтуларынша, тапсырған құжаттың барлығы қабылданғанмен, процесс ары қарай жылжымаған.

“Заң бойынша 30 күннің ішінде жауап берілу керек болған. Нәтижесі шығып, 1 айдың ішінде кілт беруі тиіс еді. Бірақ қазір жарты жыл өтті, әлі тосып жүрміз. Хабарлассақ жауап бермейді. Адам құрлы көрмейді”, – деді Алматы тұрғыны Назерке Советбекова.

“Шымкент пен Астанада басталды. Бізден бұрын қарашада өтініштер қабылдаған. Олар қазір үйлерін алып, кіріп алды. Ал біз Алматыда күтіп жүргенімізге 6 ай болды. Жауабын білсек, әйтеуір жеңіл болар еді. Ары қарай жоспарымызды құрамыз. Ал мынау күткізіп қойып, не ары емес, не бері емес”, – деді алматылық Қымбат Асылбек.

“Просто қол байлап отыр. Осы жауаптар болмағаннан кейін басқа бағдарламаларға қатысамыз ба, жоқ па білмей жатырмыз. Өйткені ЖСН жазсаң, «Сіз басқа бағдарламаға қатысып жатырсыз» деп шығады. Ары қарай өткізбейді”, – деді Алматы тұрғыны Айжан Есіркепова.

«Жұмыс істейтін жастар үшін жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы Астана мен Алматы және Шымкентте қолжетімді. Өтініш беруші сол қалада кемінде 3 жыл тұрақты тіркеуде тұруы қажет. Атыңызда жылжымайтын мүліктің болмауы шарт. Бағдарламаға бұдан былай 29 бен 35 жас аралығындағы жастар ғана қатысады. Ал пәтер енді 5 емес, 3 жылға ғана жалға беріледі. Мерзімі өткен соң алған адам үйді босатуға міндетті.

Айта кетсек, мемлекет жалға беретін баспананы жалдау ақысы – айына 5 пен 15 мың теңге аралығы. Бағдарлама сонысымен де тиімді. Kezekte.kz сайтындағы дерекке сүйенсек, қабылданған өтініш саны бүгінде 5 мыңға жуықтап қалған.

Другие новости

Back to top button