Госорганы

Президент: Меморган басшылары ҚХА өкілдерімен жарты жылда бір рет кездесіп тұруы керек

Тоқаев бұл пікірін Қазақстан халқы Ассамблеясының бүгінгі сессиясында жария етті

Мемлекеттік орган басшылары Ассамблея өкілдерімен кемі жарты жылда бір кездесіп отыруы керек. Бұл туралы бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Біздің этносаясатымыз біртұтас болып, дәйекті түрде жүргізілуі тиіс. Сондай-ақ ғылыми тұжырымдарға негізделуі қажет. Осы саладағы тапсырмаларды орындау барысында менің сайлау алдындағы тұғырнамам және басқа да стратегиялық құжаттар басшылыққа алынуы керек. Мысалы қазір әлеуметтік салада жүйелі өзгерістер жасалып жатыр. Мен жақында Әлеуметтік кодекске қол қойдым. Мұндай маңызды құжат ТМД мемлекеттері ішінде алғаш рет қолданысқа енгізіліп отыр. Бұл кодекс еліміздің жаңа әлеуметтік саясатын айқындайды, мемлекет пен азаматтар арасындағы қарым-қатынастың мүлде жаңа үлгісін қалыптастырады. Сондай-ақ жаңа әлеуметтік келісімнің негізін қалайды. Бір сөзбен айтқанда, жаңа кодекс бүгінгі күннің талаптарымен мейлінше үндеседі. Сол сияқты этносаясат та мемлекеттің басымдықтарына толық сай келуі керек», — деді Тоқаев.

Сонымен қатар, Ассамблеядан сайланған депутаттар басшылық ете отырып, Парламентте депутаттық бірлестік құру керек екеніні айтып өтті.

«Осы істің басы-қасында Ассамблеядан сайланған бес сенатор жүруі керек. Этносаралық қатынас саласындағы өзін өзі басқару институттарын дамыту – маңызды міндеттің бірі. Ассамблея бұл жұмысты этномәдени бірлестіктердің қызметін үйлестіру арқылы атқаруда. Осында министрліктердің, мекемелердің, аймақтардың, Парламенттің және Президент Әкімшілігінің басшылары отыр. Олардың көпшілігі – Ассамблея мүшесі. Ассамблея қызметіне белсене атсалысу – баршаңызға ортақ міндет. Ассамблея да әкімдіктер мен мәслихаттардың жұмысына атсалысуы қажет. Бір сөзбен айтқанда, Ассамблея және билік органдары өзара тығыз байланыста болуы тиіс. Мұның айрықша мәні бар. Құзыреттерді жоғарыдан төменге беру ісінде осы мәселені ескерген жөн. Мемлекеттік орган басшылары Ассамблея өкілдерімен тұрақты кездесіп отыруы қажет. Мұндай кездесулер кем дегенде жарты жылда бір рет өткізілуі керек», — деді ол.

Другие новости

Back to top button