Президент және Үкіметтің назарына: Ботаниктер Резолюциясы
«Жаңа Қазақстандағы заманауи ботаника ғылымының басым бағыттары- идеялардан нақты істерге» атты Республикалық дөңгелек үстелдің РЕЗОЛЮЦИЯСЫ.
2023 жылдың 19-20 қаңтар күндері Түркістан қаласында Қожа-Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университетінде «Жаңа Қазақстандағы заманауи ботаника ғылымының басым бағыттары — идеялардан нақты істерге» атты Республикалық дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстел жұмысына Алматыдан, Астанадан, Актөбеден, Ақтаудан, Шымкенттен, Тараздан, Қызылордадан биологтар, эколог ғалымдар мен мамандар шақырылып, қатысты.
Сонымен қатар, Түркістан облысы ауыл-шаруашылығы, экология, білім беру, табиғи ресурстарды реттеу басқармаларының өкілдері қатысты. Дөңгелек үстел барысында Қазақстан ауыл-шаруашылығы ғылымдары және Қазақстан педагогика ғылымдары академияларының академигі, биология ғылымдарының докторы, профессор Н.К. Аралбай негізгі баяндама жасады.
Баяндамада көтерілген мәселелердің тереңдеп қаралуына меңзейтін қосымша 7-8 баяндама жасалынды. Бұл баяндамаларда Қазақстан ботаника ғылымының жетістіктері, қазіргі жайы мен «Жаңа Қазақстан» кезеңіндегі басым бағыттары мен міндеттері туралы пікірлер айтылды.
Пленарлық отырыстағы баяндамалар Жаңа Қазақстандағы ботаника ғылымының қазақ тіліндегі номенклатуралық мәселелеріне, ботаника ғылымының цифрлануы, палео-ботаникалық ғылыми негіздері, қазақ тіліндегі ботаникалық энциклопедиялар мен анықтамалықтардың міндетті болуы және экология, ауыл шаруашылығы және білім берудегі маңыздылығы мәселелерін қозғады.
- «Жаңа Қазақстандағы ботаника ғылымы және мемлекеттік тіл»;
- «Жаңа Қазақстандағы ботаника ғылыми және экология»;
- «Жаңа Қазақстандағы ботаника ғылымы және ауыл шаруашылығы»;
- «Ауыл шаруашылығы, экология, медицина, білім беру, ғылым және т.б. салалардағы ұлттық кадрлар дайындаудағы ботаника ғылымының орны мен маңызы» мәселелері осы іс-шара аясында ұйымдастырылған баспасөз мәслихаты мен дискуссия алаңдарында кеңінен және жан-жақты талқыланды.
Дөңгелек үстел мынадай мәселелерге назар аударып, атап өтті:
- Ғылыми-функционалдық және дүниетанымдық-әдіснамалық тұрғыдан алғанда, өсімдік жалпы Биосферадан ең қарапайым экожүйеге дейінгі бүкіл тіршілік иелері үшін орта түзуші болып табылады. Бүгінгі күні Қазақстан ғылымдарымен «Өсімдік-су», «Өсімдік-Жер», «Өсімдік-Ауа», «Өсімдік-биологиялық қауіпсіздік» ғылыми константалық тандем концепциясы тұжырымдалған. Бұл тұжырымның негізгі ойы-қоршаған ортадағы гидросфераның, атмосфераның, геосфераның және биологиялық қауіпсіздік мәселелерін өсімдіксіз шешу мүмкін емес;
- Қазақстан ботаника ғылымының даңқты даму тарихы бар. Тәуелсіздік кезеңін еліміздің ботаника ғылымы Қазақстанның барлық табиғи аймақтарын қамтыған дамыған инфрақұрылымының нәтижесінде академиктер Н.В.Павлов, Б.А.Быков, И.О.Байтулин, А.Ж.Жаңғалиевтің ғылыми мектептерінен құрылған ғылыми капиталмен қарсы алды. Тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығында Қазақстанның ботаника ғылымында ауқымды, маңызды зерттеулер жүргізіліп, оң нәтижелер алынды;
- Этноботаникалық зерттеулерге ерекше мән берілді. Нәтижесінде Қазақстанның ботаника ғылымының 500 жылдық тарихы бар екендігі, Қазақ ботаникасының атасы — Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы екендігі мойындалды. Қазақ тілінде 200-ден аса монографиялар, оқулықтар, оқу-құралдары, сөздіктер, ғылыми мақалалар жарияланды. Өз кезегінде бұл ғылыми өнімдер мемлекттік тілде дайындалатын «Қазақстан флорасы» энциклопедиялық анықтамалығының негізгі алғышарты, іргетасы болды.
- Ұлттық бағдарлама деңгейіндегі «Қазақстан флорасы» осы жылдары мақсатты ғылыми бағдарлама (МҒБ) ретінде 4-рет ҚР БҒМ Ғылым комитеті жарияланған конкурстарға қатысып, шетелдік сарапшылардан қолдау таппай жеңімпаз бола алмады. Бұл қазіргі қолданыстағы МҒБ орындау тәртібінің талаптары мемлекеттік-қазақ тілінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын қамтамасыз ете алмайды деген қорытынды жасауға меңзейді;
- Қазақ тілінде дайындалып, жарық көрген энциклопедиялар, анықтамалықтар, каталогтар тым аз, жеткіліксіз. Бұл жағдай қазақ тілінде білім алушыларға (оқушылардың, бакалавриат, магистратура, PhD-докторантура) табиғи ресурсымыз туралы ғылыми ақпарат қолжетімсіз болып отырғанының көрінісі. Оның үстіне, оқу бағдарламалары мен оқулықтардың сапасына кері әсер ететін жағдай екені түсінікті.
- Дөңгелек үстел жұмысына қатысушылар ұлттық ғылыми жүйеде, яғни ҚР ҒЖБ Министрлігінің құрамында, тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарындағы 7 ботаникалық ғылыми-зерттеу институтынан тек 2-і ғана (28%-і) қалғанына, Қазақстандағы 120 жоғарғы оқу орындарының бірде – бірінде болашақ ботаник – мамандар дайындайтын ботаника кафедраларының болмауына, дамыған инфрақұрылымның әлсіреуіне, геоботаника саласының тоқырап тұрғанына алаңдаушылық білдіреді;
- Биологиялық және экологиялық қауіпсіздік, табиғат қорғау тұрғысынан биологиялық алуан-түрлілікке зиян әкелетін инвазивті-бөтен түрлермен, және карантиндік арамшөптермен күресудің ғылыми-теориялық, құқықтар, технологиялық негіздерін жасау керек. Бұл ретте ұлттық деңгейдегі ұстанымдар, концепциялар дайындалуы қажет.
- Қазақстан әлемдегі 5-ші табиғи мал жайылымдық держава болып табылады. Табиғи жайылымдарды сақтау, пайдалану, басқару, іс-шараларын ғылыми, технологиялық, құқықтық — әлеуметтік қамтамасыз ету үшін, аграрлық жоғарғы оқу орындарында геоботаника және жайылымтану кафедраларын құрып, білім беру бағдарламасына міндетті компонент қатарында кіргізу маңызды.
Дөңгелек үстел төмендегі мәселелерді шешуді ұсынады:
- Барлық мемлекеттік жоғарғы оқу орындарында жалпы ботаника кафедралары ашылып, оқу бағдарламалары өсімдік әлемінің барлық бөлімдерін – балдырлар, саңырауқұлақтар, қыналар, мүктер, папоротниктер, ашық тұқымдылар, гүлді өсімдіктерді қамтуы қажет. Аграрлық жоғарғы оқу орындарында геоботаника және жайылымтану кафедраларын құру аса маңызды. Ұлттық ғылыми жүйеде жайылымтану ҒЗИ-н құру;
- Жаңа Қазақстанда ботаника ғылымына басымдық беріліп, 1991 жылғы инфрақұрылым (7 институт) толығымен ұлттық ғылыми жүйеге, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне берілуі керек. Осы инфрақұрылымды құрайтын барлық ҒЗИ-нан өңірлік, аймақтық ерекшеліктеріне қарай «Өсімдік-су», «Өсімдік-Жер», «Өсімдік-Ауа», «Өсімдік-биологиялық қауіпсіздік» ғылыми константалық тандем концепциясын дамыту;
- Жаңа Қазақстанда мемлекеттік — қазақ тіліндегі энциклопедиялық анықтамалықтарды дайындап, елімізде кеңінен тарату. «Қазақстан флорасы», «Қазақстан медициналық өсімдіктерінің атласы», «Қазақстанның табиғи тағамдық өсімдіктері», «Қазақстан малазықтық, жайылымдық өсімдіктері», «Қазақстанның инвазивті бөтен түрлерінің каталогы», «Қазақстанның карантиндік, рудералды арам шөптер каталогы» сияқты анықтамалықтарға шұғыл түрде мемлекеттік тапсырыс жасалынып, оларды орындау іс-шаралар жоспарын (жол картасын) бекітіп, шұғыл іске кірісу керек.
- Биологиялық қауіпсіздік тұрғысынан алғанда табиғи бастапқы экожүйелер мен биоценоздардың жамылғысын қорғап, сақтауға басымдық беру; биологиялық ресурстану ғылымында генетикалық бастапқы таза биоресурстар жаңа бағытын ғылыми негіздеу; инвазивті бөтен түрлермен күресудің ғылыми — технологиялық жолдарын айқындау үшін тиісті зерттеулерге басымдық беру.
- Қазақстан ботаниктерінің қауымдастығын құру;
- Барлық өңірлік жоғарғы оқу орындарында гербарий қорларын қалыптастыру. Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ — інде гербарий қорын құру пилоттық жоба ретінде тез қолға алу;
- Ғылыми, педагогикалық бағыттарындағы «Биология» білім бағдарламасы бойынша «ботаника» және «зоология» кафедралары міндетті түрде ұйымдастырылуы керек;
Базалық пәндер қатарында, міндетті пәндер ретінде
- Төменгі сатыдағы өсімдіктер;
- Жоғарғы сатыдағы өсімдіктер;
- Омыртқасыз жануарлар;
- Омыртқалы жануарлар болуы керек;
- Қазақ тіліндегі ботаникалық энциклопедиялар мен анықтамалықтар дайындалу барысында 2009 жылғы Қазақстан географиялық атаулар каталогы ескерілуі тиіс;
Түркістан қаласы, 19-20 қаңтар, 2023 ж.