Госорганы

Президент: Дұрыс құндылықтар орнықпаса, жемқорлық, масылдық, ысырапшылдық қоғамды іштен ірітеді

Маңызды істе ар-ұят, мейірім мен жанашырлық сияқты ізгі ұғымдар ұмыт қалмауға тиіс. Бұл – қазақтың болмысына тән қасиеттер. Мемлекет басшысы Атырау жұртшылығымен кездесуде жастар тәрбиесі мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ұлттық құндылықтарымызды аяқасты етуге болмайтынын жастарға байыппен түсіндіру керек. Ел ағалары және дін адамдары бұл мәселеге айрықша мән бергені жөн деп санаймын. Мен ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру туралы үнемі айтып жүрмін. Маңызды істе ар-ұят, мейірім мен жанашырлық сияқты ізгі ұғымдар ұмыт қалмауға тиіс. Бұл – қазақтың болмысына тән қасиеттер. Әл-Фараби«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп бекер айтпаған. Атом бомбасы да, атом энергиясы да – адамзаттың ақыл-ойының жемісі. Яғни, қанша жерден білімді болса да, ізгілікке ұмтылмаған адам елге пайдасын тигізбейді. Сондықтан, озық білім мен өнегелі тәрбиені ұрпақтың бойына қатар сіңіруіміз қажет», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, қоғамда дұрыс құндылықтар орнықпаса, жемқорлық, масылдық, ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдер тамыр жаяды.

Мұның бәрі мемлекетімізді әлсіретеді. Қоғамды іштен ірітеді. Заңдылық пен тәртіпті бұзады. Бір сөзбен айтқанда, бүкіл елді дағдарысқа ұшыратады.

«Біз бұған жол бермейміз. Сол үшін адамгершілік құндылықтарына негізделген саясатқа баса мән береміз. Сондай-ақ, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне ерекше назар аударамыз. Жастарымыз адал еңбек етудің, білімге құштарлықтың мән-маңызын жете түсінуі қажет. Мықты мемлекет құрамыз десек, бұдан басқа жол жоқ», — деп атап өтті Президент.

 

Другие новости

Back to top button