Госорганы

Премьер-Министр мемлекеттік органдарға өндіріске жаңа технологияларды енгізу үшін жағдай жасауды тапсырды

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанның өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселесі қаралды.

Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сай, осы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 5,2%-ға өсіп, 7,1 трлн теңгені құрады. $5,6 млрд сомасына тауарлар экспортталды. Бұл ретте негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,9%-ға артып, 403,2 млрд теңгеге жетті.

Ең көп үлес металлургия өнеркәсібіне, машина жасау және азық-түлік өндірісіне тиесілі.

Үкімет басшысы кез келген мемлекеттің өнеркәсіп саласының табысты дамуы негізінен өңдеу секторына байланысты екенін атап өтті. Сондықтан, ел экономикасының құрылымында өңдеу саласының үлесі бәрінен жоғары тұруы тиіс.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңдеу секторы өнім шығару көлемі жағынан тау-кен саласымен теңесті десек болады. Енді одан да жоғары деңгейге жеткізу керек.

Жалпы, Үкімет алдында елдің берік өнеркәсіптік негізін қалыптастыру, локализациялау деңгейі жоғары өндіріс циклін құру және ұлттық экономика көлемін 2 есеге арттырту бойынша маңызды міндеттер тұр. Оларды қамтамасыз ету үшін жаңа технологияларды белсенді түрде енгізу қажет.

«Бүкіл әлемде цифрлық технологияларды белсенді қолдану, өндірістерді роботтандыру және автоматтандыру процесі жүріп жатыр. Әлемдік трендтерден қалып қоймау үшін біздің кәсіпорындар да жаңа технологияларды белсенді түрде енгізуі тиіс. Ал, салалық мемлекеттік органдар осы процесті дамытуға ықпал ететін қолайлы жағдайлар жасауы қажет», — деді Олжас Бектенов.

Премьер-Министр өнеркәсіптің жекелеген секторларына, атап айтқанда металлургияға егжей-тегжейлі тоқталып өтті.

Қазақстанда бұл секторды дамыту үшін Сирек және жерде сирек кездесетін металдар саласын дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспары бекітілді. Онда инвестициялар мен өндіріс көлемін 40%-ға арттыру көзделген.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне аталған бағыттағы жұмысты жандандырып, жыл соңына дейін болат құю, жалпақ прокат және шойын өндірісі кәсіпорындарының өнім көлемін ұлғайту тапсырылды.

«Қазақстанның жаһандық құн тізбегінің орта буынындағы рөлін нығайту маңызды. Ол үшін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бизнес-қоғамдастықпен бірге минералдық базаны ұлғайту, заманауи технологияларды енгізу және қолданыстағы өндірістерді кеңейту жөнінде тиісті шаралар қабылдауы қажет», — деді Премьер-Министр.

 

Автомобиль өндірісі жетекші рөл атқаратын машина жасау саласында 2024 жылдың 4 айында өсім 22%-ды құрады. Атап айтқанда, елімізде автомобиль өндірісі 8,6%-ға артты. Барлығы 46 мыңнан астам көлік құралы шығарылды.

Үкімет басшысы 2025 жылға қарай жеңіл автомобильдер өндірісін 160 мың бірлікке дейін, жолаушылар вагондары өндірісін 100 бірлікке дейін, локомотивтер өндірісін 120-ға дейін, платформалар өндірісін 500-ге дейін және жартылай вагондар өндірісін 1,5 мыңға дейін ұлғайтуды тапсырды

Сонымен қатар Екібастұздағы теміржол кластерін одан әрі дамытудың маңыздылығы айтылды. Өйткені, онда теміржол көлігіне және магистральдық жолдарға арналған өнімдердің бүкіл желісі игерілген.

Другие новости

Back to top button