Госорганы

PhD дәрежесін алған жастар университетке бармай жатыр – министр

 Жастар PhD ғылым дәрежесін алып, университетке жұмыс істеуге бармайды. Бұл туралы Мәжілісте ғылымды дамыту тақырыбындағы Үкімет сағатында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

«Жас ғалымдарға қатысты ауқымды талдау жүргіздік. Біз не үшін гранттарды беріп жатырмыз? Жастар PhD-ді қорғай алмай кетеді немесе олар PhD дәрежесін қорғап, жоғары оқу орындарына, сондай-ақ ғылыми зерттеу инстуттарына бармайды. Кейбірі онда 1-2 жыл жұмыс істеп, кетіп қалады. Жастар ғылымға аз келеді. Осы мәселені зерттегенде, бірнеше шектеу бар екенін анықтадық», — деді С. Нұрбек.

Оның айтуынша, PhD дәрежесін қорғау үшін халықаралық беделді журналдарға ғылыми мақала жариялау керек. Екіншіден, жас ғалым PhD-ді қорғап, жоғары оқу орнына келгенде, ол оқыған 4 жыл есептелмейді. Ол аға оқытушы, профессор дәрежесіне конкурсқа тапсыра алмайды.

«Сондықтан олар қиналады, жалақы да аз болады. Күнделікті өмірдегі қарбалас басталады. Бұл мәселелерді ескере отырып, олар ғылымнан кетіп қалады. 2021 жылы қабылданған заңның аясында жас ғалымдарға арналған гранттарды іске қостық. Бұл – жас ғалымдарды аяғына тұрғызатын қадам. Мұнда 3 жылдық бағдарламада осы гранттың аясында 500 мың теңге көлемінде жалақы ескерілген. 2013 жылдан бастап PhD ғылыми дәрежесін қорғағандар осы бағдарламаға қатыса алады. Кейінгі екі жылда 3 конкурс жарияладық. Осы орайда 881 ғылыми жоба қамтылып, жас ғалымдар (гранттарды) ұтып алды. Оларға қолдау көрсетіліп жатыр. Жыл сайын осы жоба аясында мыңға жуық гранттарды беріп, жас ғалымдарды қолдау мақсаты қойылды», — деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, қазіргі кезде елімізде 22 456 ғылыми кадр бар.

Зерттеушілердің 37 пайызында (2022 жылы – 35%) ғылыми және академиялық дәрежесі бар. Сондай-ақ, зерттеушілердің 34 пайызын — 35 жасқа дейінгі жас ғалымдар, 43 пайызын – 35-54 жастағылар, 23 пайызын 55 жастан асқандар ғалымдар құрап отыр.

Другие новости

Back to top button