«Перзентхананың жартысы – ер адам»: журналист әйеліне көмектесетін азаматтар жайлы айтты
Журналист Айнұр Асанберді «батыр бабамыз Бауыржан Момышұлындай ер адамдар қалмады» деп азаматтарды сынайтындарға жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айтуынша, жақсы үрдіс қалыптасып келеді
«Қазір ер-азаматтар ойланып келеді, көбі әйелдеріне көмектеседі. Жақында перзентханада болдым, сол кезде босанған жас келіншектердің жұбайлары бөпелерін дәлізде қарап жүр. Жан-жағыма қарап қоямын, келіншектері палаталарда ұйықтап жатыр. Жап-жас 20-22 жастағы жігіттер шығар. Бұрын ондайды көрмейтінбіз. Бұрын тек келіншектер болатын, қазір перзентхананың жартысы ер адамдар. Бұл өте жақсы тенденция. Екінші жағынан мұны сынаушылар бар. Бала бағып, әйеліне көмектессе, ер мінезінен айырылады деп санайтындар бар. «Бауыржан Момышұлы атамыздай ерлер қалмады» дейді. Оған мен былай айтамын: «сол кездегідей соғыс заманы емес қой, соғыс болса ер адамдар кетеді. Заман солай жағдай тудырды. Олар батырлығын солай көрсетті. Қазіргі кезде ер адамның әйеліне жәрдемдескенінен қорқудың қажеті жоқ», — деді Айнұр Асанберді Жанар Байсемізге берген сұхбатында.
Ол ер адамдарға әйелдерін сынамай, көбірек мақтап жүруге кеңес берді.
«Сын ерекеті өсіреді, әйелді өлтіреді. Мені жұбайым әрдайым мақтайды. Жігіттер әйелдеріңізді сынамаңыздар, керісінше, қолдаңыздар, жақсы көріңіздер, сүйіңіздер. Сын айтқаннан гөрі, мақтаңыздар. Мақтаған сайын әйел әдемі болып құлпырады, нәзіктігін жоғалтпайды. Сын айтқан сайын ол қайсар болады, ер адам сияқты бола бастайды. Өзінің табиғи нәзіктігін жоғалтады», — деді журналист.