Главное

Перизат Қайраттың былығынан кейін қайырымдылық қорларына қатысты заң қайта қаралады

Қазақстанда коммерциялық емес ұйымдардың (КЕҰ) қызметін реттейтін заңнамаға өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақовтың айтуынша бұл мәселе Перизат Қайрат ісі және «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қорындағы қаражат ұрлау деректеріне байланысты талқыланып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Жалпы алғанда, ҮЕҰ саласына, әсіресе заңнамалық тұрғыда түзетулер енгізу қажет. Бұл тек лицензиялау мәселесіне ғана емес, әртүрлі қайырымдылық шараларын жүзеге асыруға да байланысты. Соңғы сот ісін бәріңіз көрдіңіздер деп ойлаймын», – деді Қанат Ысқақов.

Оның айтуынша, қазір министрлік жанында жұмыс тобы құрылып, КЕҰ туралы заңға өзгерістер дайындалып жатыр.

«Бірінші кезекте, коммерциялық емес ұйым деген не, үкіметтік емес ұйым деген не – осыны нақтылап алу керек. Олар немен айналыса алады, ал не нәрсе лицензиялануы тиіс – осыны айқындау қажет. Екіншіден, мұндай ұйымдарды басқаратын азаматтардың жауапкершілігі, қоғам алдындағы есептілігі, кіріс пен шығыс көздерінің ашықтығы анықталуы тиіс. Бұл – заңға енгізілетін негізгі ұғымдар», – деді вице-министр.

Ысқақов бұл өзгерістер жалғыз бір жанжалмен емес, қоғамдағы әлеуметтік құрылымның өзгеруімен және қайырымдылыққа деген сұраныстың артуымен байланысты екенін атап өтті.

«Мен дәл осы іс негізгі себеп болды деп айта алмаймын. Негізгі себеп – әлеуметтік құрылымның өзгеруі, қайырымдылыққа, көмекке деген сұраныстың артуы. Яғни, объективті жағдайлар осы өзгерістерге түрткі болды», – деп түйіндеді ол.

Қайырымдылық саласын бақылауды күшейту қажеттігін премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев та қолдап отыр. Ол бүгінде «жақсы» және «жалған» қорлар арасында шекараның бұлыңыр екенін айтты.

«Бұл – бәрімізді алаңдататын мәселе. Расында да нақты көмек көрсетіп жүрген жақсы қорлар бар. Бірақ қайырымдылықтың атын жамылып жүрген қорлар жоқ емес. Әсіресе, әлеуметтік желілерде белсенділер пайда болып жатыр. Кейбір азаматтар фотолар жариялап, халық оларға ақша аударып жатады, бірақ ол қаражаттың қайда кетіп жатқаны беймәлім. Бұл мәселе заңнамада нақты реттелмеген және қаражат қозғалысы бақылаусыз қалып отыр. Сондықтан тиісті заңнамалық және реттеуші өзгерістер қажет. Бұл саланы міндетті түрде реттеу керек, халық ақшасының қайда жұмсалып жатқанын көруі тиіс», – деді Көшербаев.

Айта кетейік, қазіргі кезде Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта Перизат Қайрат ісі бойынша басты сот процесі жалғасып жатыр.

Другие новости

Back to top button