Пекинде алапат нөсер жауып, кемінде 30 адам қаза тапты

Ең көп зардап шеккен аймақ — астананың солтүстігіндегі Миюнь таулы ауданы, мұнда 28 адамның мәйіті табылған, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Синьхуа» агенттігінің мәліметінше, тағы екі адам Яньцин ауданында қаза тапқан. Ал Хэбэй провинциясында көшкін салдарынан сегіз тұрғын көз жұмып, төртеуі із-түссіз жоғалып кеткен. Жалпы 80 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілген.
Нөсер көлік қатынасына да едәуір кері әсерін тигізіп, жүздеген әуе рейстері мен пойыздар тоқтатылды. Тяньцзинь қаласында бүтіндей ауылдар су астында қалып, кейбір бір қабатты үйлердің тек шатырлары ғана көрініп тұрған.
Метеорологтардың мәліметінше, 23 шілдеден бері өңірде 573 мм-ге дейін жауын жауған – бұл бір жылдық нормамен шамалас көрсеткіш. 26 шілде күні, бір ғана сағат ішінде, Хуайчжоу секілді таулы аймақтарда 95 мм-ден астам жауын-шашын түскен. Бір миллиметр жауын – бұл әр шаршы метр жерге бір литр судың түскені деген сөз.
Ғалымдар апаттың ауқымын сирек кездесетін климаттық жағдайлар мен жаһандық жылынудың әсерімен байланыстырады. Бейжіңнің солтүстігі мен батысындағы таулар ылғалды ауаны «ұстап қалып», нөсердің күшеюіне себеп болған. Климаттанушы Сюэбин Чжанның айтуынша, кейбір аймақтарда бірнеше күн ішінде жылдық норманың 90 пайызына жуық жауын жауған. Мұндай көлемді қаладағы дренаж жүйелері көтере алмайды.
Бұл өңірдегі алғашқы апатты тасқын емес: 2023 жылдың жазында да Бейжіңде нөсер салдарынан 33 адам қайтыс болған. Ал көршілес Синтай қаласында екі күн ішінде 1000 мм-ден астам жауын жауған – бұл жылдық нормадан екі есе көп. ҚХР-дың Төтенше жағдайлар министрлігі бұл жағдайды «күрделі әрі ауыр» деп бағалады.