Павлодардағы оқиға: дәрігерлер терезеден құлаған әйел мен екі баласының жағдайын айтты

Павлодарда 4-5 қабат арасындағы кіреберіс терезесінен құлаған әйел мен оның екі баласының жағдайы туралы дәрігерлер мәлімет берді. Қазіргі уақытта үшеуі де жансақтау бөлімінде жатыр, ал екі баланың ең кішісінің жағдайы тым ауыр деп бағаланып отыр. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі 24.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Павлодар облыстық балалар ауруханасының мәліметінше, 2024 жылы туған ең кіші бала ауруханаға клиникалық өлім жағдайында жеткізілген. Реанимациялық шаралардан кейін жансақтау бөліміне жатқызылды.
«Жағдайы – үшінші дәрежелі жарақаттық шок салдарынан аса ауыр, ес-түс деңгейі бойынша – үшінші деңгейлі кома. Балада кең көлемді бас-ми жарақаты, бас сүйегінің көп жерінен сынуы, ми соққысы және ішкі ағзалардың зақымдануы бар», — деп хабарлады медицина мекемесі.
2017 жылы туған үлкен бала да ауыр жарақат алған: жабық бас-ми жарақаты, ми шайқалуы, жамбас сүйегінің сынуы және ішкі ағзаларының зақымдануы анықталған. Жағдайы ауыр, ол да жансақтау бөлімінде жатыр.
Павлодардың №1 қалалық ауруханасының мәліметінше, 1991 жылы туған әйел есін жиғанымен, жағдайы ауыр деп бағаланып отыр.
«Диагнозы: жабық бас-ми жарақаты, жоғарғы және төменгі аяқ-қолдарының көп жерден сынуы. Пациентке жансақтау бөлімінде қарқынды терапия жүргізілуде», – делінген аурухана хабарламасында.
Айта кетейік, осыған дейін әйел адамның бесінші қабаттан екі баласын лақтырып, артынан өзі секіріп кеткені хабарланған болатын. Олар көпқабатты үйдің кіреберіс шатыршасына құлаған. Аталған фактілер бойынша кісі өлтіруге оқталу және өзін-өзі өлтіруге итермелеу баптарымен қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.