Павлодарская область
Павлодарда тіл жанашыры Руза Бейсенбайтегіні «жындыханаға қамады» деген ақпарат тарады
Әлеуметтік желіге тараған ақпараттың мән-жайын ресми органдар әлі еш түсіндірген жоқ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Журналист Оңғар Қабденнің жазуынша, кеше кешкі сағат бесте Кереку көшелерінің бірінде белгілі тіл жанашыры Руза Бейсенбайтегін полициясы бар, жедел жәрдемі бар бәрі алып кеткен.
– Апарып жындыханаға жауыпты. Рузаның үстінен арыз жазған қазақ жігіті екен. Мен Руза апайға еркінен тыс психотроптық дәрілер егіп тастады ма деп қорқамын. Тілдің, ұлттың мәселесін көтергендердің бәрін жындыханаға жаба бере ме? Бұл қауіпті үрдіс! – дейді ол.
Ulysmedia.kz тілшісі осы ретте Павлодар облысының полиция департаментінің баспасөз қызметіне хабарласқан. Олар оқиғадан хабарсыз болып шықты. Екінші қайтара қоңырау шалғанымызда телефон тұтқасын көтермеді. Ішкі істер министрлігіне сауал жолданған. Ол тарап мәселені анықтауға уәде берді.