Павлодарская область

Павлодарда жол апаты кезінде жолаушы терезеден ұшып кетті

Оның қауіпсіздік белдігі бекітілмеген

Павлодарда жол апаты кезінде жолаушы терезеден ұшып кетті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 1 маусым күні Ленинск-Курчатов автожолының 140 шақырымында, Май ауданы Жұмыскер ауылының маңында болған. 40 жастағы жүргізуші Toyota ranner маркалы автокөлікті басқара алмай, кюветке аударылған. Салдарынан жүргізуші мен жолаушы зардап шеккен.

Полиция көліктің жүріс бөлігінде ақаулар болғанын анықтады. Автокөлік аударылып, кюветке ұшып кеткен, ал қауіпсіздік белдігі бекітілмегендіктен, жолаушы көлік терезесінен ұшып кеткен.

«Аталған факті бойынша 40 жастағы жүргізушіге қатысты техникалық регламенттердің талаптарына жауап бермейтін көлік құралдарын басқарғаны және қауіпсіздік белдіктерін немесе мотошлемдерді пайдалану ережелерін сақтамағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылып, 8 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды», –  деді Павлодар облысы Май ауданы полиция бөлімінің бастығы Бауыржан Жұмабаев.

Айта кетерлігі, жыл басынан бері барлығы 3000-нан астам жүргізуші көлік құралын пайдалану ережелерін бұзғаны үшін жауапқа тартылды.

Другие новости

Back to top button