Павлодарда екі жұмысшы топырақ астында қалып, біреуі көз жұмды
Олар жеке үй ауласында су құбырын тартып жатқан
Шұңқыр қазған бір тұрғын мерт болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Облыстық жедел жәрдем станциясының хабарлауынша, 15 қазанда кешкі сағат 19:08-де Достоевский көшесі, 60 мекенжайы бойынша екі ер адам топырақ астында қалып қойғаны туралы хабарлама түскен. Бригада оқиға орнына төрт минутта жетті.
«Екі жұмысшы жеке үйде шұңқыр қазу кезінде топырақтың астында қалып қойды. 51 жастағы ер адам жедел жәрдем келгенге дейін көз жұмды», – деді станцияда.
Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасында 46 жастағы тірі қалған ер адам қатты стресс алғанын хабарлады. Оған «ұзақмерзімді жеңіл дәрежеде қысылып қалу» синдромы деген диагноз қойылды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жеке үйдің ауласында үй иесіне көмектесіп жатқан екі ер адам су құбырын тарту кезінде топырақтың астында қалған.
«Құтқарушылар 1977 жылы туған азаматты үйінді астынан шығарды. Ер адам ауруханаға жатқызудан бас тартты. Өкінішке қарай, 1972 жылы туған екінші адамды аман алып қалу мүмкін болмады», – дейді департаментте.
Азаматтарды құтқару жұмыстарына он бір адам мен үш техника жұмылдырылды.