Алматинская областьГлавное

Пәтер жалдауға жағдайым жоқ – Қаржаубайдың қарындасы халықтан жылу жинап жатыр

Талғарда төбелес кезінде ұлынан айырылған Қаржаубай Нұрымовтың қарындасы Перизат Нұрымова халықтан не үшін ақша жинап жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

НҰРЫМОВА НЕ ДЕЙДІ

Перизат Нұрымова ақша жиналып жатқанын растап, оның Қаржаубай Нұрымовқа қатысы жоғын айтты. Ол белсенді Димаш Қаматайдың парақшасы арқылы үндеу жариялады.

Ақша жинауды бастауға балаларымның қауіпсіздігі себеп болды. Бұл жағдай басталғалы бері жеке өзіме қоқан-лоқылар жасалды. Оны құзырлы органдарға арыз жазып, тексеріске жіберген болатынмын. Қазір балаларымның қауіпсіздігін ойлағым келеді. Менде пәтерді жалдап тұруыма мүмкіндігім жоқ. Мен пәтерді жалдап алу үшін келісімшарт жасаймын. Пәтерін жалға беретіндер мені көрген кезде, алты балам барын естіген кезде келісім бермейді. Осы күнге дейін ата-анаммен бірге тұрдым. Мен өзімнің балаларымды алып, бөлек шыққым келеді, – дейді Перизат Нұрымова.

Дінмұхамед Қаматай Перизат Нұрымованың баспанасыз жүру себебін түсіндірді.

Отбасының баспанасыз болу себебі – 2018 жылы үй кезегіне тіркеліп, 1421-ші орында болған. 2020 жылы 258 орынға жылжыған. 2022 жылы тізімнен шығып қалған. Отбасы қайтадан тіркеліп, 1078 орында тұр, – дейді ол.

Оның сөзінше, қазақстандықтар кейінгі екі күннің өзінде екі миллионнан аса қаражат жинап берген екен.

ҚАРЖАУБАЙ НҰРЫМОВТЫҢ ЖАҒДАЙЫ

Бұған дейін Талғардағы отбасыға меценеттар үй алып беретіні хабарланған болатын. Ulysmedia.kz тілшісі Қаржаубай Нұрымовпен сөйлесіп, үй мәселесі қалай реттеліп жатқанын сұрап білді.

Қаржаубай Нұрымовқа меценаттардың қолдауымен баспана алынып жатыр. Бұған дейін осы ақпарат әлеуметтік желіде тараған. Қаржаубай Нұрымов бұдан хабардар екен. Алайда баспана мәселесін өз күшіммен де шешуге қауқарлымын дейді.

ҚАРЖАУБАЙДЫҢ ҰСТАЛУЫ

Талғарда былтыр 10 желтоқсан күні полиция Қаржаубай Нұрымовты ұстаған еді. Бауыры Нұрқанат Ғайыпбаевті қара жерге тапсырғаннан кейін Қаржаубай Нұрымов пен оның туған-туыстары құқық қорғау органдары қызметкерлерінен тағы да әділ тергеуді талап еткен еді. Видео әлеуеттік желілерде пайда болған. Нұрқанат пен Шерзаттың туған-туыстары жолға шығып, болған жайтты баян еткен наразылықтарын жеткізген.

Кейін Шерзаттың әкесі мен әпкесі 15 күнге қамалғаны белгілі болды.

12 желтоқсанда Нұрымовқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 202-бабы («Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған еді.

25 желтоқсан күні кешке адвокаттар Қаржаубай Нұрымовты отбасымен уақыт өткізіп, демалғысы келетінін айтып, уақытша ұстау абақтысынан алып кеткен.

НҰРҚАНАТТЫҢ ҚАЗАСЫ

Ресми мәліметке сәйкес, Нұрқанат Ғайыпбаев өз-өзіне қол салған. Полиция ер адам күзетілетін объектіден сағат 23:30-да жеке автокөлікпен шығып кеткенін хабарлады.

ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырды.

Другие новости

Back to top button