Спорт

Париж Олимпиадасында Қазақстанның туын ұстайтын Надежда Дубовицкая басына сәукеле киіп шығады

Олимпиадаға баратын қазақ спортшыларының формасын испан компаниясы тігетін болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Туризм және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосыновтың сөзінше, спортшыларға Joma шетелдік брендінен 16 нұсқалы толық спорттық жабдық алынады. Бүкіл формаға демеушілердің қаражаты жұмсалады. Киімдер Олимпиада ойындарының басталуына 35 күн қалғанда таратылады.

«Азия ойындарының қорытындысы бойынша, спортшылардың талап-тілектеріне талдау жасап, соның негізінде халықаралық брендке тапсырыс бердік», — дейді ол.

Бұған дейін ҚР ҰОК спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатовтың Joma брендін қолдағанын жазған едік.

Айта кетсек, бүгін Қазақстан Ұлттық құрамасының Париж Олимпиадасына арналған киім үлгілеріне арналған конкурс аяқталды. Комиссия мүшелерінің шешімімен 3 номинация бойынша 2 жеңімпаз анықталды:

«Спорттық форма» номинациясы – Health&Sport ЖК;

«Салтанатты спорттық форма» мен «Ту ұстаушылардың спорттық формасы» — ЖШС «Эксклюзив студио».

Комиссия құрамында 18 адам болған. Туризм және спорт министрлігі «спорттық киімдердің сапасы жақсы болады» деп уәде берді.

Ту ұстап шығатын Асланбек Шымбергенов пен Надежда Дубовицкаяның киімдері ұлттық нақышта тігіледі. Ер адам бөрік киеді, әйел адам сәукеле киеді.

Ал спортшылар парадқа классикалық үлгіде форма киіп шығады. Ер спортшылардың басында тақия, қыздар формасының бір үлгісінде шалбар, екінші нұсқасында юбка болады.

Другие новости

Back to top button