Өзін құқық қорғаушымын деп таныстырған: БҚО-да әйел үй киімімен жүріп көшедегі кәмелетке толмаған балаларды тоқтатқан
Желіде БҚО-да халат көйлек киген әйелдің өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып, кешкі сағат 23:00-ден кейін кетіп бара жатқан балаларды тоқтатқан видео пайда болған еді. БҚО полиция департаменті әйелдің шынымен құқық қорғау қызметінде жұмыс істейтінін растады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Мой город” порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Көшеде тәртіп орнатып жүрген жай киімдегі әйелдің видеосы Qumash Telegram арнасында жарияланған еді. Бұдан соң БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі әйелдің қызметіне тексеру жүргізілетінін хабарлады.
Қазір белгілі болғандай, ол шынымен де тәртіп сақшысы болып шықты. Атап айтқанда ювеналды полицияның қызметкері болып жұмыс істейді. Сол күні Деркөл ауылындағы үйінде болған. Сол жерде ересектердің қарауынсыз жүрген кәмелетке толмаған үш баланы көрген.
“Қызметкер өз міндетін орындап, балалардың өауіпсіздігі мен жауапкершілікті сезініп, жұмыста болмағанына қарамастан үйінің жанында үй киімімен тиісті шараларды орындаған. Ол бірден балалардың ата-анасын анықтап, полиция тобын шақырған. Осыған ұқсас фактілердің алдағы уақытта орын алуына жол бермеу және кәмелетке толмағандар арасында және оларға қатысты құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында талапты бұзған заңды өкілдерге әкімшілік хаттамалар толтырылды”,- деп хабарлады полиция.
Белгілі болғандай, әйелді ата-аналардың бірі видеоға түсірген. Кейін оларға қатысты әкімшілік хаттама толтырылған.