Кызылординская область

«Өзі құлап қалды дейді»: Қызылордада ақыл-есі кем азаматтарды оңалту орталығына қатысты шағым көбейді

Қызылорда қаласындағы ақыл-есінде ауытқуы бар азаматтарды оңалту орталығынан шу шықты. Мекемеде ем алып жатқан науқастардың туыстары қызметкерлердің дөрекілігіне шағымданып отыр. Тіпті психикалық дертке шалдыққан жандарды мамандар ұрып, соққыға жығатын көрінеді. Stan.kz ақпарат агенттігіне денелері көгеріп, зақым алғандардың суреті ұсынылған болатын. 

 

Жүйке жүйесі ауруына шалдыққан жандарды оңалтуға арналған орталық Талсуат елді-мекенінде орналасқан. Мекеме Қызылорда облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының теңгерімінде. Әдетте мұнда ем ұзақ уақытқа созылады. Науқастар арнайы жолдама арқылы жатқызылып, мамандардың бақылауымен кешенді ем қабылдайды. Туыстарының айтуынша, орталыққа жатқаннан науқастардың жағдайы жақсара қоймайды екен.

«Менің інім он жылдан бері психикалық дерті бойынша есепке алынған. Ұдайы дәрі қабылдап жүреді. Жыл сайын Талсуаттағы оңалту орталығына жатады. Бірақ артынан барған кезде үйге қайтқысы келетінін айтып, қызметкерлерге шағымданады. Өткен жылдары денесінің көгерген тұстары болды. Қызметкерлерінен сұрасақ, өзі құлап қалғанын айтады. Беріп отырған тағамдары да құнарсыз. Бұл жағдай қашанға дейін жалғасатыны белгісіз», — дейді Қызылорда қаласының Майра есімді тұрғыны.

Расымен, оңалту орталығына қатысты шағым әлеуметтік желілерде де көбейген. 12 желтоқсан күні мекемеден психикалық дертке шалдыққан науқас қашып кеткен болатын. Азаматтың мәйіті темржол бойынан табылған еді. Төтенше жағдайдан кейін орталықтың директоры мен бірқатар мамандары қызметінен босатылды. Бүгінгі күні қылмыстық іс тергеліп жатыр. Оқыс жағдай мамандардың Жаңа жылдық сыйақыдан қағылуына да әсер етті. Ал жоғарыда көрсетілген фотоларға қатысты тиісті мекеме жауап берді. Жауапты басқарма науқастар дене жарақаттарын өз-өздері салатынын айтады.

«Орталықтың жұмысына бақылау үнемі жүргізіліп отырады. Қызмет алушылардың психикалық мінез-құлығының жиі өзгеруі өздеріне немесе айналасындағыларға қол жұмсауына әкеледі. Қызметкерлерге әл бермей кететін жағдайлар да орын алады. Тиісінше дер кезінде журналға тіркеліп, мамандармен дәрігерлік және психологиялық көмек көрсету жұмыстар жүргізіледі.

Әлеуметтік желідегі ақпараттағы сурет қызмет алушының психикалық мінез-құлқы өзгеруіне байланысты алған жарақаттардың ескі суреті. Мониторинг жүргізу кезінде бұндай жағдай орын алмаған. Орталықта  12 желтоқсанында орын алған оқиғаға байланысты орталық директоры және 5 жауапты қызметкерлер жұмыстан босатылды», — деп мәлімдеді Қызылорда облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілді.

Другие новости

Back to top button