Госорганы

Өзге елдердегі қарулы қақтығыстарға қатысқандар жазаланады: прокуратура үндеу жасады

Елімізде азаматтарды өзге елдердегі қарулы қақтығысқа шақыру туралы үгіт-насихат материалдарының тарала бастауына байланысты прокуратура ел тұрғындарына үндеу жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қызылорда облытық прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТТАР!

Соңғы уақытта әлеуметтік желілер мен интернет-ресурстарда шетел және Қазақстан азаматтарын өзге елдердегі қарулы қақтығыстарға шақыру туралы үгіт-насихат материалдары таралуда.

Оның ішінде жалдамалы әскери топтар белсенді түрде адамдар жинап, азаматтарға қомақты жалақы, сыйақы төлейтіндігімен қызықтыруда.

Сондықтан қарулы қақтығысқа қатысқан азаматтар үшін қылмыстық жауаптылық көзделгенін ескертемін.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 170-бабына сәйкес жалдамалыны азғырып көндiру, оқытып-үйрету, қаржыландыру немесе өзге материалдық қамтамасыз ету, сол сияқты оны қарулы қақтығыста, соғыс қимылдарында немесе конституциялық құрылысты құлатуға немесе оған нұқсан келтіруге бағытталған өзге де күш қолдану әрекеттеріне пайдалану не мемлекеттің аумақтық тұтастығын бұзғаны үшін мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға, сондай-ақ адамдардың қаза табуына немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан осындай іс-әрекет үшін 20 жылға дейiнгi немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.

Ал Қазақстан Республикасы азаматының шет мемлекеттің аумағындағы қарулы қақтығысқа немесе соғыс қимылдарына жалдамалылық белгілері болмаған кезде қасақана құқыққа сыйымсыз қатысуы Қылмыстық кодекстің 172-бабымен сараланып, бес жылдан тоғыз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Заңдылықты және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында «Прокуратура туралы» Конституциялық заңның 40-бабын басшылыққа ала отырып, азаматтарды арандатушылыққа бой алдырмауға және қолданыстағы заңнама нормаларын мүлтіксіз сақтауға шақырамын.

«Құқық қорғау органдары белгіленген тәртіпке, қоғамдық қауіпсіздікке қол сұғатын кез келген құқық бұзушылықтың жолын кеседі, сондай-ақ оларға жол бермеу жөнінде заңда көзделген шараларды қолданады»,-делінген Қызылорда облысының покуроры Н. Бижановтың хабарламасында.

 

Другие новости

Back to top button