«Өздеріңді тазалап алыңдар»: Жаңбыршин жемқорлықпен күресті құқық қорғау органдарынан бастауды ұсынды
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин жемқорлықпен күресті құқық қорғау органдарынан бастау керегін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Дұрыс заң. Айтылып жатқан дүниенің барлығы жемқорлықпен күреске бағытталған. Ең алдымен, жемқорлықпен күресті құқық қорғау органдары өздерінен бастауы керек деп ойлаймын. Ең бірінші өздеріңді тазалап алыңдар. Өздерің жұмыс істеңдер, параға итермелемеңдер. Сол кезде барлығы жақсы болады», — деп айтты Еділ Жаңбыршин Антикордың бірінші орынбасары Ұлан Сарқұловқа қарата.
Депутат Антикордан еуропалық стандартты енгізбес бұрын, қазақстандық азаматтардың психологиясын зерттеу керегін айтты.
«Еуропалық стандартты енгізерде, халықтың мәдениетін, салт-дәстүрін, психологиясын зерттедіңіздер ме? Біз унитарлық мемлекет болсақ та, өңірлердің де өз ерекшеліктері бар. Осы бойынша қандай бастамалар бар?» — дейді Жаңбыршин.
Ұлан Сарқұловв қазақтың салт-дәстүрін құрметтейтінін, дегенмен жемқорлықтың жалпы стандарттарын енгізу маңызды болып отырғанын айтты.
«Бүгін жемқорлыққа қатысты көп мәселе көтеріліп жатыр. Мен де осы елдің азаматымын. Салт-дәстүрді сыйлаймын. Егер ондай жағдайлар болса, біз тексереміз. Біз өзімізден бастап, заңға енгізбесек, ешқандай мәселе шықпайды», — деп жауап берді Сарқұлов депутатқа.
Еске салсақ, Мәжілістің жалпы отырысында жемқорлық мәселесіне қатысты заң жобасына өзгертулер талқыланып жатыр.