ГлавноеГосорганы

«Өтірік әңгімені қойыңыздар, болмаса, жұмыстан кетіңіздер»: Депутат Базарбек вице-минитстрдің жұмысын сынға алды

Мәжілістің жалпы отырысында Бақытжан Базарбек жер кадастрындағы мәліметтердің ашық болмауын айтып, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің жұмысын сынға алды. Депутат сұраққа жауап бере алмаған вице-министр Мәлік Олжабековке жұмыстан кетуін талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

 

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» бірінші оқылымда қарады. Депутат Бақытжан Базарбек цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабековке жер кадастрындағы ақпараттардың ашқытығына қатысты сұрақ қойды.

«2016 жылы жерге қатысты халықтың митингтері болды. Халықтың ең негізгі мұңы — жер кадастрын ашу. Әрбір жердің артында қандай жемқор шенеунік, қай әкім, олармен ауыз жаласқан қай олигарх тұрғанын халық білуі керек. Бұл ақпарат ашылмады. Активтерді қайтару заң жобасы аясында мен бұл ұсынысты енгіздім. Әріптестерім қолдаса да, Үкімет оны қолдамады. «Жайылымдар туралы» заң жобасы кезінде де ұсындым, тағы Үкімет қолдамады. Жер кадастры ашылмай тұр. Бұл заңды ма?»,  — деді депутат Базарбек.

Вице-министр Мәлік Олжабеков арнайы жария кадастры іске қосылғанын айтты.

“Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында біз ашықтықты қамтамасыз ету үшін арнайы жария кадастрлық картаны іске қостық. Оның негізінде жер учаскелері туралы ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік ұйымдастырылатын болады. Ал қазіргі уақытты осы жария кадастрлық картаның негізінде жер құқықтық және қала құрылысы кадастрларының деректері жарияланды. Ал жер учаскелерінің меншік иелері туралы деректер Жер кодексіне сәйкес мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпарат жүйесінің (Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі – ред.) жергілікті базасынан оны жинап, көшірудеміз. Осы техникалық жұмыстар аяқталды. Енді функционалдық тестілеу жүргізіліп жатыр. Осы тестілеу біткен соң жария кадастрлық картасында жарияланатын болады. Оны қазан айының аяғына дейін деп жоспарлап отырмыз”,- деп жауап берді вице-министр.

Алайда Бақытжан Базарбек вице-министрдің жауабына қанағаттанбады. Ол “өтірік әңгімеден” шаршағанын айтты.

«Домбырам не дейді, мен деймін» деген мақал бар. Мен сізден жария кадастрлық карта туралы сұрап тұрған жоқпын. Мен сізден жердің иесі кім деп сұрап тұрмын?! Жердің иесі мен оның аты-жөні туралы ақпарат ашуға болуға тиіс. Орхус конвенциясына қосылдық. Конвенцияның күші Конституцияның 4-бабына сәйкес ұлттық заңнамадан басым болады. Өтірік әңгімені қашан тоқтатасыздар? Жер кадастрын ашу керек. Халықтың мұңы осы. Мұндай өтірік әңгімен Парламент төрінде айтуды қойыңыздар. Болмаса, жұмыстан кетіңіздер”,- деді Бақытжан Базарбек.

Другие новости

Back to top button