Отбасында зорлық-зомбылықты көріп өскен қыздар тиран күйеу таңдайды.
Қазір зорлық-зомбылық көрген келіншектердің, жәбірленген балалардың құқығын қорғау , отбасындағы кикілжіңдерден өмірін сақтап қалу, құтқару немесе дау-жанжалдың алдын-алуға бола ма ? Көптің көкейіндегі өзекті сұрақ. Дегенмен мұндай адамдарды өзінен әлсіз әйелді ұруға , қорлауға не итермелейді ? Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының психологы Жұлдызай Әлиевамен өзінің эмоция, ашуын басқаруға қауқарсыз адамдардың психологиялық түйіткілдері жайлы сұхабаттастық. Ері мен әйелі арасындағы ұрыс-жанжалға не түрткі болады? Өз отбасын ойрандап, әйелінің өмірін тозаққа айналдырып жүрген тиран әке, қатыгез күйеу кім? Басы жарылып, қолы сынса да төзіп жүрген келіншектер өмірі мен денсаулығына төнген қауіптен неге қашып кетпейді?
-Жұлдызай Мұратбекқызы , отбасындағы зорлық-зомбылықтан әйелдер неге қашып кетпейді?
-Тиран адаммен өмір сүрген адам ауыр зардаптардың көлеңкесінде қалады. Ең бастысы күйеуінің мақсаты -жәбірленушінің жеке басындағы «мен» деген сезімін , ойын, пікірін жою. Маньяктар немесе қатал билеуші сияқты әйелінің өзін-өзі бағалауын баяу және сенімді түрде өлтіреді. Жалпы тұрмыстық зорлық-зомбылық психологиялық, сексуальды және экономикалық , физикалық болып бөлінеді. Психологиялық жағдайда нысанаға алған кезде тұлғаны басу, аямай жаншу, өзін-өзі бағалау мүмкіндігін түбегейлі құртуға бел буады. Жұбайының еркінен тыс жыныстық қатынасты мәжбүрлі түрде талап ету, қаржылай шектеу, бопсалау, манипуляция жасайды. Ұрып-соғу адам өміріне, денсаулығына қауіп төндіреді. Бірақ жылдар бойы бір адамның қорлығына төзген әйел өзінің зорлық-зомбылық құрбаны болғанын мойындамайды, сенбеуі мүмкін және өзінің шынайы өмірінде қандай жағдайлар болып жатқанын түсінбейтін күйде болады.
—Ал енді жұбайына қол көтеретін жуан жұдырықтылар кімдер?
-Ол өз ортасында беделі жоқ, жұмыста , өмірде жолы болмайтын немесе әріптестерінің арасында өзін көрсете алмайтын еркек. Ол кеудесінде тұншыққан «мен» деген амбициясын қалпына келтіруге, өзінің біреуден өшін алу, реніш, өкпесінің қарымын әлсіз жарына күш көрсету арқылы қайтаруға тырысады. Оның тағы бір өзгеден ерекшелігі келіншегіне бақылау жасауды тоқтата алмауы мүмкін. Қызғаныш сезімін шектей алмайды. Егер бақылауды тоқтататын болсам, ешкімге керек емес болмай қаламын деген қорқынышпен өмір сүреді . Қызғаныш оты лаулаған кезде қатыгездік әрекетке баруы ықтимал. Негізі мұндай мінез-құлықтың пайда болуы оның өзіне сенімсіздіктен туындаған түйіткіл. Екіншіден ол отбасында осындай зорлық-зомбылықты көріп өскен және психикалық мінез-құлқында бала кезден қалған кілтипаны болуы мүмкін.
Жалпы тиран бөріктілер бөтен адамдарға және отбасының сырын білмейтін туыстарына мінезі жібектей өте жақсы адам болып көрінеді. Ол көбіне өзінің әлгіндей қатыгез, қол көтеретін мінезін көрсетпейді. Әрқашан мейірімді, момын, қамқор болып көрінуге тырысады. Оны өте жақсы адам деп көпшілігі әйелдің шағымына сенбейді. Осындай екі түрлі құбылып тұратын мінез-құлық тұлғаның өзінің кім екенін бағалауға кедергі болады. Ол бір мезетте жақсы адам болады немесе аяқ астынан жауыздыққа баруы да мүмкін. Сондықтан мұндай мінез-құлықтың нәтижесінде зорлық-зомбылықтың құрбаны екенін таразылап, шешім қабылдау кезінде әйел қауқарсыз . Себебі, ол күйеуім өте жақсы адам және қиянат жасамайды деп сенеді. Мұндай құбылып тұратын мінез-құлықтың салдарынан оғанкүйеуін тануға кедергі болады және көбінесе нашақор, ойынқұмар, ішімдікке тәуелді адамдарды осылай сипаттауға болады.
— «Адам аласы ішінде, мал аласы сыртында» деп бекер айтылмаған. Отбасының шырқын бұзып, өзінің әйеліне зорлық-зомбылық жасайтын адамдарды қалай тануға болады?
-өАгрессия көрсету, басқа адамдардың көзінше қорлау, жек көру , ауыр сөз айту, сынау, масқаралау , тәкаппарлық көрсету, қорқыту немесе балаларды тартып аламын деп үркіту, себепсіз қызғанышпен мазалау, әйелінің сезімін жоққа шығару, оның пікірімен келіспеу, телефонын, киім-кешегін ақтару, әр қадамын бақылау, күйеуі өзінің сәтсіздіктеріне әйелін кінәлау , әйелінің әр қадамын аңду, сөзін аңду, қадағалап, отбасындағы мәселеге бойынша тек өзі ғана шешім қабылдап, жұбайының туыстарымен араласуына тыйым салу, шектеулерді көбейту. Оның өміріне, денсаулығына үздіксіз қауіп төндіру. Тиран адамның уысынан шығып, еркін ойлау, өз өмірін қорғау әйел үшін өте күрделі бастама. Бұл жерде екі жақ кінәлі, әйелі де, тиран күйеуі де. Себебі, құрбан болған әйел бұл жағдайдың өршуіне өзі рұқсат берген. Басқа адамдар оған көмектесеміз деп, бұл отбасындағы дау-дамайды күрделендіріп жіберуі мүмкін. Өйткені зорлық-зомбылықтан күйзелген әйел өз өміріне жауапкершілікті алмауы мүмкін.
—Дегенмен таяққа шыдап жүруге болмайды. Келіншектер мұндай адамның теперешіне неге шыдайды? Бұл тозақтан құтылуға не кедергі?
—Көп жағдайда әйел адамның өскен ортасына байланысты. Мұның әр адамның өмірінде ерекше роль атқаратынын ескерсек, егер қыз зорлық-зомбылықты бала кезден көріп өскен болса, ол отбасындағы ұрыс, ерінен таяқ жеу қалыпты деп санайды. Өйткені әкесі шешесін талай ұрғанын көрген және оларды бақытты жұп деп есептейді. Екіншіден ажырасу, некені бұзуға қарсы түсінік қалыптасқан үйде тәрбиеленген бойжеткендер де қиыншылықтарға төзуге мәжбүр. Үшіншіден өз үйінде еркелеп өскен бұрымдылар да тұрмысқа шыққанда өзінің құқығын қорғай алмауы мүмкін. Құрбан позициясынан шығуы екіталай. Отбасында зорлық-зомбылықты көріп өскен қыздар тиран күйеу таңдайды. Өкінішке қарай бала ұядан не көрсе, ұшқанда соны ілетінін ұмытпау керек.
— Бұғанасы қатпаған баланың психикасына әкесі ұрып, анасының қан-жоса болғанын көру қалай әсер етеді?
— Тұрмыстық зорлық-зомбылықты, ата—анасының арасындағы қиын қарым-қатынасты көрген бала күрделі жәйттерді басынан кешіреді. Оған бойындағы эмоциялары соншалықты түсініксіз болғандықтан ненің дұрыс, қай әрекетттің бұрыс екенін ажырата алмайды. Шошыну, қатыгездікке қарсы ешнәрсе істей алмағанына өкініп, өзін кінәлау сияқты түрлі сезімдер баланың өмірінде ұзақ сақталады. Өйткені жеткіншек отбасындағы зорлық-зомбылыққа жиі куә болады. Мұның дұрыс немесе дұрыс емес деп есеп беру , ойлау қабілеті тежеледі. Баланың ойы бұзылып, қарым-қатынаста шорқақ, дегбірсіз, ашуланшақ, тұйық мінез пайда болуы мүмкін. Мұндай балаларға жедел көмек көрсетілмесе, келешекте ішімдікке, есірткі заттарына әуес болуы ықтимал. Өйткені өзінің бала кезден мазалаған мазасыз ойларға жауап іздейді, күйзеледі.Келешекте ол отбасын құрғанда ата-анасының образын қайталауға тырысады. Кейде бақытсыз балалық шағы үшін кек алуға да әрекет жасауы мүмкін. Балалық шақта келтірілген зақымды тұншықтыратын болса, онда үрей, өзінің әлсіздігі, теперіш көргені сыздауықтай жарылуы мүмкін. Ата -ана арасындағы осындай қарым-қатынас кезінде зорлық-зомбылықты көрген баланың өмірінде із қалдырады.
— Осындай теперіш,таяққа шыдап жүрген әйелдерге қандай кеңес бересіз?
-Қыз бен жігіт кездесіп жүргенде жеке тұлғалық шекаралар сақталу керек. Өзінің қалауларын , мақсаттарын, қызығушылықтарын білу керек. Адам өзін толық танып, өзінің психологиялық, рухани және физикалық құндылықтарын білу керек. Өзін жақсы көру керек. Өзін сыйлау, өзімен өзінің қарым- қатынасына терең мән беруі керек. Егер қарым-қатынас кезінде агрессия байқалып, шектеулер қойылып жатса, онда міндетті түрде бірінші ескерту керек. Егер сіздің ескертуге мән беріп, пікіріңізді құптайтын жан болса, онда сіздер бір арнада тоғысып, жұптарыңызда үйлесімділік болады. Қандай отбасында тәрбиеленді соның бәрін білген маңызды. Әрқашан адам зорлық-зомбылықтан қорғануға әрекет ету керек. Өйткені бұл кикілжіңнің зардабын балалар тартатынын ұмытпау керек.
Жазира Бегалы журналист .