Госорганы

Отандық құрылыс материалдарын шығаратындар қомақты шығынға батуы мүмкін — Бақтықожа Ізмұхамбетов

Мәжжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов отандық құрылыс материалдарын шығаратын компаниялар қомақты шығынға батуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

Оның айтуынша, «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының алдындағы он міндеттің бірі — қала мен ауылдарда адамдардың өмірі үшін қолайлы жағдай жасау, тұрғын үймен және сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету. Болашақта 730 мыңнан астам отбасы үшін қолайлы бағадағы 78 миллион шаршы метрден астам жаңа тұрғын үй салу жоспары бар.

«Партия бағдарламасына орай жеке құрылыс компанияларын әлеуметтік тұрғын үй салуға ынталандыру жолдары қарастырылмақ. Жаңадан «Құрылыс» кодексі және «Риэлторлық қызмет туралы» заңдар қабылданатын болады. Менің сауалым құрылыс саласындағы отандық тауар өндіруші кәсіпкерлерді қолдауға қатысты. Тұрғын үй салу және жөндеу жұмыстарына тендерлер сол жобадағы құрылысты толық тапсыруға арналып жарияланады. Бұл тұрғыда құрылыс жобасын жеңіп алған мердігердің конкурстық ұсынысында құрылыс материалдарының (жабын плитасы, кірпіш, цемент, түрлі құбырлар, есік, терезелер, тағы басқалары) қай бөлігі елімізде өндірелетіні, қай материалдар сырттан алатыны, сондай-ақ материалдың құнын қалай, қашан өтейтіні мердігердің тендерге ұсынысында көрсетіліп, тендер шешімінде ескерілсе дұрыс болар еді. Өйткені көп жағдайда құрылысқа қажет тауарды өндіруші компания тиесілі қаржысын алу үшін мердігердің құрылыс жобасын толық бітіруін күтуге мәжбүр. Бұл кейде жылдарға созылуы мүмкін. Нәтижесінде, құрылыс материалын шығаратын компания банк алдындағы берешегін өтегенше ұзақ әрі қосымша шығынға батады», — деді Б. Ізмұхамбетов Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, мұндай жағдай отандық құрылыс материалдарын шығаратын компанияларға үлкен қауіп төндіріп, нарықтан ығыстыруы мүмкін.

«Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік сатып алу заңының шарттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген кезде және жаңадан қабылданатын «Құрылыс» кодексінде осы мәселе ескерілуі керек деп санаймыз», — деді депутат.

Другие новости

Back to top button