Госорганы

«Өртке қарсы киімімізді шешіп тастап бардық»: өрт сөндірушілер қаңтар оқиғасы кезінде қалай жұмыс істеді?

Өрт сөндірушілер бастан кешкен оқиғаларымен бөлісті

Айтуынша бүлікшілердің ортасына түсіп қалғандықтан, жанып жатқан үйге жетудің жолын басқаша әдіспен шешкен.

«Абай даңғылы мен Масаншы көшесінің қиылысындағы үйдің өртеніп жатқаны туралы шақырту түсті. Арнайы көлікпен 7 жігіт шықтық. Бірақ бүлікшілер жолымызда кесе-көлденең тұрып, өртеніп жатқан ғимаратқа жібермей қойды. Тас атып қуды. Бізге қосылыңдар деп бұйырады. Қолдарында тас, сүймен, таяқ, балта бар. Жанып жатқан ғимаратқа жібермеген соң кері қайттық», — деді аға сержант.

Өрт сөндірушілер Гагарин көшесінде орналасқан бөлімшеге келіп, арнайы киімдерін шешіп тастап, өздерінің жеңіл көлігімен оқиға орнына қайта барған. Басшылары тәуекелге бармақ болған жігіттерге ескерту жасап, жауапкершілікті ешкімнің мойнына алмайтынын айтқан. Бірақ адамдарды құтқаруды көздеген үш өрт сөндіруші оқиға орнына азаматтық киімдерімен қайта келіпті.

«Біз азаматтық киіммен оқиғаның ортасына қайта кіріп кеттік. Бірінші қабат жанып, өрт жоғарғы қабаттың балконына жеткен екен. Қарсы үйден су тасып, екінші қабаттағы екі қарияны алып шықтық. Бүлікшілердің ортасында қалып қойған екі жас қызды да бөлімшеге жеткіздік. Өртті сөндірдік. Жай киіммен жүргендіктен бүлікшілер біздің өрт сөндіруші екенімізді білмей қалды. Пәтердегі өртті сөндіріп жатқанымызда көз алдымызда бұзақылар дүкендерді тонап жатты.

Сәтбаев көшесіндегі банктердің бірінде шыққан өртке бара жатқанымызда, бірнеше машина қуып жетіп тоқтатты. Олар бізді өздеріне ілесіп, техниканы беруімізді талап етті. Олардың айтқанына көнгендей кейіп танытып, амалын тауып құтылдық. Қорқынышты сәттер еді ол кез. Сол кезді ойласам көзге жас, көңілге мұң келеді», — деді аға өрт сөндіруші Еламан Дәуенов.

Алматы қаласындағы жаппай тәртіпсіздіктер, қақтығыс кезінде қаруланған бүлікшілердің шабуылдарына қарамастан ТЖД қызметкерлері өз ісін адал атқарған. 4 қаңтардан бастап штабтың өкімі бойынша ТЖД күштері мен құралдары күшейтілген қызметке көшкен. Өрт сөндіру автокөліктерінің терезелеріне торлар орнатылып, кезек-кезек қауіпті аймаққа аттанып отырған.

«Қалалық ТЖД бастығы Руслан Қасыбаев жедел түрде ахуалға мониторинг жүргізіп, гарнизон күштері мен құралдарының жұмысын үйлестіріп отырды. Мәселен жедел басқару орталығының диспетчерлері (101 қызметі) оқиға орнына бара жатқан бригаданың жүру бағытына түзетулер енгізіп, радиобайланыс арқылы қаруланған бүлікшілерден айналып жүрудің жолын ескертіп отырды. Жағдайдың қиындығына қарамастан өрт сөндірушілер оқиға орнына жетіп, дереу іс-әрекет еткен. Осылайша жеке құрамның арасында адам шығынын болдырмауға мүмкіндік жасалып, аман алып қалуға күш салынды», — деді Алматы қалалық ТЖД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлдана Нұрымбетова.

Төтенше жағдай кезінде қызметкерлер 28 адамды құтқарып алған. Тағы 125 адамды эвакуациялаған. Өздерінің қызметтік міндетін атқару кезінде 8 өрт сөндіруші түрлі дене жарақатын алса, бір қызметкерге оқ тиген. ТЖД-ның хабарлауынша өрт сөндіру қызметінің 18 техникасы бүлінген, шабуылдаушылар 7 техниканы тартып алса, оның бесеуін толығымен өртеп жіберген.

«Қаңтар оқиғасының өткеніне бір жыл толса да сол кездегі астаң-кестеңі шыққан қаланың келбеті, қорқынышты сәттер әлі көз алдымда, ешқашан ұмытылмайды. Қасымдағы өзге де әріптестерім қызметіне адал екендерін көрсетті. Бойымызды үрей мен қорқыныш билесе де қауіпті орындарға барудан бас тартқан жоқпыз. Қалалық әкімдіктің ғимаратындағы өртті сөндіру кезінде атыс басталып кетті. Қызыл жалынды сөндіре алмай жатсақ, сыртта автоматтың оғы жауып тұрды. Сыртқа шықпай, өртеніп жатқан ғимараттың ішінде жүріп, лаулаған отты сөдіруге тырыстық. Бір тәулік ұйықтамай жұмыс істедік. Өте ауыр күндерді бастан өткердік», — деп еске алды Алматы қалалық ТЖД қызметкері Еламан Қамбарұлы.

Терроризмге қарсы операцияны өткізу және коменданттық сағаттың басталғаны туралы халықты хабардар ету үшін қалада телерадио желілері арқылы, дабыл-сөйлеу қондырғыларын іске қосу, ұялы операторлардың абоненттері бойынша SMS тарату жұмысы да осы саланың мамандарына жүктелген еді. Азаматтық қорғау органдарына бұрын болмаған төтенше жағдайда жұмыс істеуіне тура келген. Құтқарушылардың бірде-біреуі жұмыс орнын тастап кетпеген.

«Мәселен 6 қаңтар күні түнгі сағат 01:30-да Қонаев, 135 мекенжайында өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Шақыру орнына барған өрт сөндірушілер кедергіге тап келді. Бұзақылар тобы жарылғыш қоспасы бар бөтелкемен, арматурамен, таяқпен, таспен қорқытып, №5 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің АЦ-5-40 автоцистернасын алып кетті.

Шамамен 02:30 минутта ТЖД «ӨС және АҚЖҚ» ММ бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Ж. Серіковтің басшылығымен №5 МӨСБ қызметкерлері арнайы техниканы қайтару мақсатында жеке автокөлікпен іздеуге аттанды. Табанды күрес кезінде 5-МӨСБ өрт сөндіруші-құтқарушысы,  азаматтық қорғау кіші сержанты З. Базарбек сол қолынан оқ жарақатын алды. Соған қарамастан көлікті қайтарып алдық. Ел алдында берген антымызға адалмыз. Өзінің жауынгерлік рухы мен жеке құрамның үйлесімді жұмысының арқасында қызметкерлеріміз дін аман, әрі қарай  азаматтарға көмек көрсетуге дайын», — деді ТЖД баспасөз қызметінің жетекшісі Г. Нұрымбетова.

Сөз соңында елімізге тыныштық тілеп, өркендей беруін жеткізді.

Другие новости

Back to top button