Абайская область

Өртке оранған «Семей орманы» жайлы не білеміз

8 маусым күні Абай облысының аумағында тұтанған өрт бой алдырар емес. Қазіргі уақытта өртті сөндіру жұмыстары оңтүстік, батыс және шығыс бағыттарында жүргізіліп жатыр. Оған 1 561 адам, 320 бірлік техника, оның ішінде 11 тікұшақ жұмылдырылған. Өрт басталғаннан бері әуеден барлығы 777 рет екі мың тонна су да төгілді. Бірақ нәтиже көңіл көншітпей отыр

Өртке оранған «Семей орманы»

Еліміздің аумағы өте үлкен болғанымен орманды алқап 10 пайыздан астам ғана. Олардың жалпы ауданы 29,3 млн гектарды құрайды. Орманды алқаптың тым аз болуының басты себебі жеріміздің негізгі бөлігі құрғақ, жартылай шөл және шөлді аймақтарда орналасқандығы. Өйткені, орман ағаштары ылғал мол түсетін алқаптарда өседі. Ал ылғалды алқаптардың бірі – Абай облысы. Осы өңірде «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты орналасқан. Аумағы 665 мың гектардан асатын табиғи резерват 2003 жылдың қаңтарында Үкімет қаулысымен құрылған. 2005 жылы Қорық құрамына Үржар ауданының 1 610 гектар жері, 2008 жылы Знаменка ауылдық округінің босалқы жерінен 1 725 гектар жайылым жері қосылған. Ал 2014 жылы ел Үкімет қаулысымен резерваттың жалпы ауданы 804,2 гектар жері Бұлақ СЭС-ін салуға берілген.

Бүгінде Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарасты «Семей орманы» Абай облысының Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Көкпекті, Үржар және Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай аудандарының аумағын алып жатыр. Резерваттың 10 филиалы және олардың құрамына кіретін 35 орман шаруашылығы бар.

Географиялық тұрғыдан қорық аумағы Ертіс жазығы, Көкпекті-Шар ұсақ шоқылары мен Шыңғыстау таулары шегінде орналасқан. Аумағы дала, орман, шөл, бұталы, шалғынды және батпақты өсімдік түрлерінің бірегей үйлесімімен сипатталады. Жалды ормандарында жоғарғы сатылы өсімдіктер флорасының 201 тұқымдасы мен 61 тұқымның 344 түрі өседі. Олардың негізін жабық тұқымдылардың 340 түрі құрайды. Оның ішінде: қос жарнақтылар — 80,59 пайыз (274 түр), дара жарнақтылар — 19,41 пайыз (66 түр). Өсімдіктері орманға тән. Қарағай, қайың және көктерек ормандарының далалық белдеуінде орналасуы бұл аумақта суқорғау мен эстетикалық маңызы зор. Ормандар құмда және жер асты сулары жақын жерде кең таралған. Мұндай аумақтардың әдетте жер бедері – қарағай немесе көктерек-қайың ормандары мен құмды далалардың кезектесуі. Орман түзетін негізгі түрлер: қарағай, қотыр қайың және көктерек. Шөп қабатында дәнекті астық тұқымдастар – қауырсынды қау және бетеге, сондай-ақ Маршалл жусаны мен дала жусандары басым. Батпақты жерлерінде – қияқ, қамыс, қосбас, гигрофитті өсімдіктер өседі.

Қорықтағы омыртқалы жануарлардың фаунасы 354 түрден тұрады. Оның ішінде дөңгелекауыздылардың – 2, балықтардың – 25, қосмекенділердің – 4, бауырымен жорғалаушылардың – 16, құстардың – 234, сүтқоректілердің – 83 түрі бар. Бұлан, елік, жабайы шошқа, қасқыр, түлкі, қарсақ, шақылдақ кеңінен таралған. Құстардың ішінде бозторғай, сұр шіл, дала қыраны, дала құладыны, су қоймаларында суда жүзетін құстар басым. Жарма тармағының аумағында арқар, сілеусін, сасықкүзен, аққалақ, суыр, қоңыр аю кездеседі. Қара дегелек, ителгі, ақбас тырна, лашын, жыланшы бүркіт, қызылжемсаулы қарашақаз, жалбағай, арқар Қазақстанның қызыл кітабына енгізілген.

Қорық аумағында 7 отрядқа жататын балықтың 25 түрі бар. Оның ішінде Қазақстанның қызыл кітабына енгізілген төрт түрі – таймен, сылан, сібір бекіресі және балқаш алабұғасы. Резерватта Қазақстан жерінде мекендейтін қосмекенділердің 12 түрінің ішіндегі құйрықсыз қосмекенділер отрядынан 4 түр кездеседі – жасыл құрбақа мен кәдімгі құрбақалар, көлбақа және сүйіртұмсық бақалар. Бауырымен жорғалаушылардың 2 отрядының 16 түрі кездеседі.

Өртті жылдам сөндіруге не кедергі болды?

Абай облысы әкімінің орынбасары Дмитрий Гариковтың айтуынша, 14 орманшының өмірін жалмаған орман өрті 2 рет түскен найзағайдан тұтанған. Дегенмен, бұл — болжам ғана. Бүгінде өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғаны белгілі. Өртке қатысты тергеу Қылмыстық кодекстің «абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабы бойынша жүргізіледі. Сондықтан да оттың неден тұтанғанын құқық қорғау органдары анықтай жатар.

Жалпы, орман өрті жер бетін шарпыған кезде жапырақ, бұта, шөп-шалам, көк шөп, ағаштың жас өскіндері жанады. От қызуы 400-900 градусқа дейін жетеді. Жалын 1 метрге дейін көтеріліп, өрт сағатына 0,25-5 шақырым жылдамдықпен таралады. Өрт жел бағытына, күшіне қарай сағатына 5-25 шақырымға дейін де өршиді. Ал өңірде ауа температурасының 30 градусқа дейін ысып, желдің көтерілуі өртті сөндіруге мұрша берер емес.

«Семей орманы» қашан қалпына келеді ?

«Baitaq» жасылдар партиясының қызметкері, табиғат жанашыры Ғани Назарбектің пікірінше, жұмыс дұрыс жолға қойылғанның өзінде орманды қалпына келтіруге 30-40 жыл уақыт керек. Бірақ ормандағы экологиялық жағдайды қалпына келтіру өте қиынға соғады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2 млрд түп ағаш отырғызуымыз керек. Бірақ қазіргі таңда өсіп тұрған орманымызды сақтап қалу мәселесі одан да маңызды болып тұр. Ол үшін бізге «Семей орманы» сияқты үлкен ормандардың арасын бөлу жұмыстарын жүргізу керек секілді. Бір жерде от тұтанса, 5-6 мың гектар жер жанып, келесі бір учаскеге өтпейтіндей араларын ашу керек-ау. Өйткені бір жерде өрт болса, ол тоқтамайды. Бүкіл орманды қазір шарпып бара жатыр. Ол жерде тек орман ағаштары ғана емес, мыңдаған құс бар. Қазір құстардың жұмыртқалайтын, яғни балапан басып шығаратын кезі. Одан кейін омыртқасыздар бар. Олардың бәрі қырылып қалды. Жалпы, экожүйе өте үлкен шығынға ұшырап отыр. Оны есептеу өте қиын», — дейді ол.

Орман шаруашылығы саласының ардагері Юзан Тәңірбергенов те өрттің залалы мен орманды қайта қалпына келтіруге қатысты пікір білдірді.

«Бүгінде орманның 60 мың гектары өртеніп кетті. Егер жыл сайын 1,5 — 2 мың гектар жерге ағаш отырғызғанның өзінде оны қалпына келтіруге кем дегенде 30 жыл керек. Бірақ қазір өрттің аумағы одан сайын артып жатыр. Орман бұрынғы қалпына келіп, толық қалыптасуы үшін 50-60 жыл қажет», — деді Юзан Тәңірбергенов

Ал эколог Лаура Мәлікова орман өртімен күресте жауапты шенеуніктердің бей-жайлығына қынжылады.

«Семей орманы мен басқа да ормандар – мемлекеттік қорғауындағы ерекше аумақтар. Ормандарда ағаштар отырғызу, күтіп-баптау және өрттен сақтау – орманшылардың міндеті. Орман саласында тілсіз жаудың алдын алуға мүмкіндік беретін технологиялар бар. Айта кету керек, 30 жылдың ішінде мұндай төтенше жағдай болған жоқ. Демек, бұл мәселе жүйеде емес, мәселе – Экология министрлігінде отырған кадрларда. Олар өз саласын білмейді және жауапкершілік алғысы келмейді», — деді Лаура Мәлікова.

Другие новости

Back to top button