Орман мекемелеріндегі техниканың 55 пайызы табиғи өртті сөндіруге қауқарлы емес — ТЖМ
Орман мекемелеріндегі техниканың 55 пайызы табиғи өрттерді сөндіруге дайын емес. Бұл туралы Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінгі таңда өңірлер профилактикалық іс-шараларын іске асыруға кірісті. Өртке қарсы қызметкерлер шаруа қожалықтарын аралап, нұсқама өткізіп, ұлттық парктер мен табиғи қорықтарды және өрт сөндіру құралдарын тексеріп, алдын алу шараларын түсіндірді. Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, мүдделі мемлекеттік органдармен келісілген арнайы ведомствоаралық жоспар бекітілді. Ғарыштық мониторингті қамтамасыз ету мақсатында барлық өңірде «Қазақстан ғарыш сапарымен» шарт жасалды», — деді бірінші вице-министр.
Оның атап өтуінше, өзара іс-қимыл мәселелерін пысықтау үшін Ресей және Қырғызстан ТЖМ бөлімшелерімен шекара маңында 10 өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізу жоспарланған.
«Қабылданып жатқан іс-шараларға қарамастан қазір өңірлердің орман шаруашылығы мекемелерінің толық әзірлігі туралы айта алмаймыз. Жалпы автоцистернамен, өрт стансаларымен, мұнарамен, сорғылармен жарақтандыру деңгейі жеткіліксіз болып отыр. Бұдан басқа, орман мекемелеріндегі қолда бар техниканың 55 пайызының пайдалану ресурсы тозған, сол себепті табиғи өрттерді сөндіруге дайын емес. Кей өңірлерде табиғатты қорғау және орман мекемелерінің жабдықталуы 50 пайыздан аспайды», — деді Ибрагим Күлшімбаев.