ГлавноеГосорганы

ОРК референдумның түпкілікті нәтижесін жариялады

Орталық референдум комиссиясы АЭС мәселесі бойынша 2024 жылғы 6 қазанда өткен республикалық референдумның түпкілікті нәтижесін жариялады. Соңғы нәтиде алдын ала мәліметтен ауытқымады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ОРК мәліметіне сәйкес,  халықтың 71,12 пайызы АЭС салуды қолдаған. Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров өңірлік сайлау комиссиялары дауыстарды санап, нәтижесі жазылған хаттамаларды екі күннің ішінде орталық сайлау комиссиясына өткізгенін мәлім етті.

Орталық референдум комиссиясынің дерегінше, референдумға дауыс беру құқығы бар 12 284 487 азаматтың, 7 820 204-і қатысқан. Бұл – 63,66 пайыз.

“Референдумға қойылған мәселенің оң шешімін жақтап дауыс берген азаматтардың саны – 5 561 937 немесе дауыс беруге қатысқандардың 71,12 пайызы. Референдумға қойылған мәселенің теріс шешімін жақтап дауыс берген азаматтардың саны – 2 045 271. Жарамсыз деп танылған бюллетеньдердің саны – 130 267. “Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?” мәселесі бойынша референдум өткізілді деп саналсын, өйткені референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан астамы дауыс беруге қатысты. Референдумға қойылған мәселе бойынша шешім қабылданды деп саналсын, өйткені дауыс берудің нәтижесінде оның оң шешімін жақтап дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан көбі дауыс берді” делінген Орталық референдум комиссиясының қаулысында.

Бүгін Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Склярдың келесі жылы АЭС құрылысы бойынша сауалдарға жауап берілетінін мәлім етті.

– Жобалаушы, мердігерге қатысты шешім сол кездерде қабылданады. Халықаралық деңгейде мойындалған компаниялар келеді. Техникалық қамтуға бір жыл, бір жарым жыл жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуге кетеді. Содан кейін құрылыс басталады. Әлбетте, кез келген нысанда қауіпсіздік болуы керек. Алайда осындай мерзімдерді айта аламыз. Қандай компаниялар қандай елдерден келетінін біз айта алмаймыз, – дейді ол.

Роман Склярдың айтуынша, АЭС-ті салу үшін ашық тендер өткізіледі.

– Біз станцияның ең жаңа болуын әрі онда өз саласында көшбасшы елдердің ең жаңа жобалық шешімдері мен технологияларын әкелуге мүдделіміз. Алда нақты шешім қабылданады. Арнайы жоба тобы болады. Ықтимал саяси тәуекелдер мен олардың пайда болу барысында, яғни жобалау процесінде бәрі қарастырылады. Егер мұндай жағдайлар туындаса, онда, әрине, әртүрлі компаниялармен, әртүрлі елдермен келісімшарттарда санкциялық жайттар ескеріледі. Бұл заң техникасы, – дейді Роман Скляр.

“ҚАЗАҚСТАН АҚШ-ТЫ ТАҢДАСА…”

Қазақстанда АЭС бойынша жалпыұлттық референдумның түпкілікті нәтижесі шықпай жатып Ресей медиасы Қазақстанға АЭС-ті Росатом салады деген ақпарат таратып жатыр. Мәселен, Absatz.media деп аталатын ресурс “Эксперт: Қазақстан АЭС құрылысына мердігер ретінде Росатомды таңдайды” деген материал шығарған. Эксперт деп отырғаны Жаңа қоғам институтының директоры, саясаттанушы делінген Василий Колташов есімді адам. Оның сөзінше, Росатом пайдасына жасалған таңдау Қазақстанға Батысқа тәуелді болмауға, арзан энергия алуға мүмкіндік береді.

Ол Қазақстан америкалық Westinghouse компаниясын таңдаса, алдағы уақытта елеулі саяси қиындықтарға тап болады, Ресей мұны жақсы қабылдамайды деп санайды. “Қазақстан ірі уран қоры бар мемлекет, елге америкалықтардың немесе француздардың кіруі, елдің тыныш экономикалық дамуы мен көрші елдермен, бірінші кезекте Ресей және Қытаймен қажетті экономикалық интеграция жасауы мүмкін болмай қалады. Ерте ме, кеш пе, бәрі өткір сыртқы саяси конфликтке ұласады” дейді Колташов.

Басылым материалының соңына Росатом корпорациясының директоры Алексей Лихачевтың “егер Украина қарулы күштері Курс АЭС-індегі реакторға соққы жасаса, Чернобыльдегі апат түк болмай қалады” деп айтқан сөзін келтірген. Бұл сөзді дәл осы контекске неге қыстырғанын түсіну қиын. “Росатомға салдырмасаңдар, Чернобыльден де алапат апатқа тап боласыңдар” деген қоқан-лоқы ма түсініксіз.

ҮКІМЕТ ШОРТ-ЛИСІ

Үкімет АЭС салу мәселесінде 4 ел – Корея, Ресей, Қытай, Франция елдерінің технологияларын зерделеп жатқанын хабарлаған.

ТОҚАЕВ НЕ ДЕЙДІ

Референдумда дауыс берген кезінде ел президенті «АЭС-ті қай ел салады» деген сұраққа үкімет мәселе бойынша нақты талдау жасап, келіссөздер жүргізу керек екенін атап өткен.

Другие новости

Back to top button