ГлавноеГосорганы

Оралдағы кәсіпкер өлімі: полиция күдіктілерді ұстау барысы, қолданылатын жаза жайлы айтты

Күдіктілер 1991 жылы және 2001 жылы туған

БҚО полиция департаменті кәсіпкерді өлтірген күдіктілердің қайда және қалай ұсталғаны, тағайындалатын жаза, қылмыстың неліктен жасалғаны туралы мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Құқық қорғау органдары хабарлағандай, олар саяжайлардың бірінде қолға түсті.

«Арнайы топ құрылды, олар Ұлттық гвардиямен бірге қылмыс орнының жанында саяжай аумақтарын тексеріп шықты. Оқиға болған маңайдағы бейнекамералар толықтай тексерілді. Сағат 10:30 шамасында 1991 және 2001 жылы туған күдіктілер «Көктем» саяжай учаскесінде ұсталды», — деді БҚО ПД бастығының міндетін атқарушы Жанболат Жаншин.

Ол күдіктілерді ұстау сәтінде қашып кетуге тырысқанын айтты.

«Мүмкін қызметкерлеріміз оларды іздеп жүргенін көрген немесе естігеннен кейін қашып кетпек болды. Осы тұста бейбіт тұрғындар да көмектесіп, олардың қашып бара жатқан жағын көрсетті. Қызметкерлеріміз кәсібилігін көрсетіп, дереу қолға түсірді. Осы уақыт аралығында күдіктілер коттедждердің бірінде болған. Қолға түскеннен кейін ешқандай қарсылық көрсеткен жоқ», — деді ол.

Жаншиннің айтуынша, ұсталғаннан кейін олардан қару тәркіленген. Сараптама тағайындалды. Іс ҚР ҚК 99-бабы, 2-бөлігі (кісі өлтіру) бойынша тергелуде. Бұл іс Ішкі істер министрінің бақылауында.

Сол сияқты күдіктілер өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін екені де белгілі болды.

«Арнайы операция нәтижесінде күдіктілер ұсталды. Іс Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігіне қайта сараланды, онда 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру қарастырылған», — деді полиция өкілі брифингте.

Жанболат Жаншин өз сөзінде күдіктілердің неліктен мұндай әрекетке барғаны тергеліп жатқанын айтты.

«Әзірге қылмыс неліктен жасалғаны туралы айта алмаймыз, себебі тергеу амалдары жүріп жатыр», — деді БҚО ПД бастығының міндетін атқарушы Жанболат Жаншин.

Айта кетейік, оқиға 6 тамыз күні болды. Күдіктілер жайлы мәлімет анықталды. Олар: 31 жастағы Руслан Қожантаев пен 21 жастағы Тұрлан Амангелді. Қанды оқиғадан кейін екеуі де ізін суытты.

 

Другие новости

Back to top button