Оралда өз пәтерінен 47 жастағы ер адамның мүрдесі табылды
Оралда өз пәтерінен 47 жастағы ер адамның мүрдесі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 8 қараша күні Циолковский көшесіндегі үйде болды.
«Сағат 22.05-те 1975 жылғы ер адамның мүрдесі табылды. Ол пышақ жарақатынан жедел жәрдем келгенге дейін көз жұмған. Мүрде сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Жедел қабылданған шаралар нәтижесінде 1973 жылғы күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі кезде ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігіне (кісі өлтіру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», деп хабарлады.
Күдікті ретінде марқұмның туған ағасы айыпталып отыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда саңырауқұлақ теруге кеткен 73 жастағы қарияның үш күннен бері табылмай жатырғанын жазған болатынбыз.
БҚО ТЖ департаментінен түскен мәліметке қарағанда, бұл ер адам әлі табылған жоқ.
Іздестіру жұмыстары жалғасуда.