Оқушылардың министр бұйрығынсыз шетелге шығуына тыйым салынбақ
Елімізде оқушылардың түрлі жарыстар мен байқауларға қатысуға шетелге баруы үшін министрліктің бұйрығы қажет болады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қырымға аттанған бүкіл бала аман-сау оралды. Балалардың шетелге баруы ата-анасымен келісілген, бірақ бізбен келісім болған жоқ. Осындай жағдайлар қайталанбас үшін біз оқушылардың шетелге министрліктің және балалар құқығын қорғау комитетінің бұйрығынсыз шығуына тыйым салмақпыз. Қырымдағы жағдайдан кейін мұғалім жауапкершілікке тартылды», — деді Ғани Бейсембаев Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып.
Еске салсақ, бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі қазақстандық оқушылардың Қырымға сапарына қатысты түсінік берген еді.
«Ата-аналар білім мекемесімен байланыспай, балаларын өз бетінше жіберген. Біз күн сайын балалармен байланыстамыз. 28 мамырда олардың оралуын асыға күтеміз. Бүгінгі таңда олардың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ, эмоциялық жағдайы жақсы. Өйткені, олармен жанында ата-анасы бар. Оқушылар бөлім бойынша жиынтық бағалау және тоқсандық жиынтық бағалау емтихандарын белгіленген кесте шеңберінде тапсыра алады. Сондықтан бұл оқу процесіне және қорытынды баға алуға әсер етпейді», — деген еді бала құқықтарын қорғау комитетінің басшысы Насымжан Оспанова ОКҚ-де өткен брифингте.