Выбор редакцииИнтервью

Оқушылар сияқты мектептегі мұғалімнің өзіне психолог керек — Жұлдыз Сүлейменова

«Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғалы бері қоғамда мұғалімнің мәртебесі қаншалықты артты? Мектеп мұғалімдерін кәсіби міндетіне кірмейтін жұмыстарға тарту үрдісіне қалай тосқауыл қоямыз? Жоғары білім неге жоғары жалақының кепілі емес? Жұмыс берушілер зейнет жасына тақаған қызметкерлерінен неліктен айырылғысы келмейді? Парламент қабырғасында білім саласының проблемаларын үнемі көтеріп жүретін Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Жұлдыз Сүлейменова Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында осы және өзге де сұрақтарға жауап берді.

Депутатпен әңгімеміз Семейде шырша безендіремін деп аурухана төсегіне таңылған мектеп мұғалімінің оқиғасынан басталды. Жуырда Жұлдыз Сүлейменова әріптестерінің атынан осы фактіге байланысты Бас прокурорға депутаттық сауал жолдаған. Мәжіліс депутаттары Беріс Асыловтан осы мәселеге ден қойып, ұстаздарды сабақтан тыс жұмысқа тарту заңдылығын егжей-тегжей тексеруді сұрап отыр.

«Бұл кәдімгідей көңіл аударатын жайт. Зардап шеккен мұғалімнің тезірек сауығып кетуіне бәріміз тілектеспіз. Алайда заңда «мұғалімге артық жүктеме берілмеу керек» екені анық жазылған және осы талапты қатаң орындау қажет. Біз 2024 жылы заң және тәртіп деген қағидатты қайта-қайта айттық, бұл қағидат бұлжытпай орындалуға тиіс», — дейді Сүлейменова.

Оның айтуынша, осы оқиғадан кейін мектеп директорлары қатты ойлануы керек.

«Әкімдіктер хабарласты екен деп мұғалімдерді жібере беруге болмайды, бұл жерде адамның өмірі сөз болып отыр. Семей қаласындағы оқиғада екі мәселеге көңіл аударғым келеді. Біріншісі –  мұғалімдерді жұмысқа сенбі күні шақырған. Сенбі күні педагогтар үшін демалыс. Екіншісі – мұғалімдерді олардың тікелей міндетіне жатпайтын жұмысқа шақырып отыр, сондықтан біз мұны өндірістік жарақат деп танып, өмір бақи төлем төлеу мәселесін көтердік. Мұғалімдер әкімдіктің, не білім басқармасының, не мектеп директорының жекеменшік еңбек күші емес. Сол мәселені біз нақтылауымыз қажет», — дейді ол.

Осыған байланысты депутат педагогтардың құқығын қорғап, оларға қол ұшын созуға, мұң-мұқтажына дер кезінде құлақ асуға мүмкіндік беретін бірнеше ұсынысын жеткізді.

Мұғалімдердің Telegram-чаты, психологиялық қолдау және омбудсмен институты

Жұлдыз Сүлейменованың пікірінше, Семейдегі жағдай қайталанбауы үшін мектеп мұғаліміне қатысты мәселелерді оқу-ағарту министрлігі тікелей шешіп, осы ведомствода педагогтардың құқығын қорғайтын мамандар штатын ашу қажет.

«Бірінші мәселе – бізде облыстық білім басқармалары жергілікті атқарушы билік органдарына, сол жердегі тапсырмаларды орындауға тәуелді. Осы жердегі билік вертикалына байланысты мәселені заң аясында қарастыру қажет деп ойлаймын. Яғни, меніңше, мұғалімге, білімнің сапасына қатысты мәселелерді оқу-ағарту министрлігі қадағалауы керек. Ал инфрақұрылым, мектептердің құрылысы, мектепті жөндеу жұмыстары әкімдіктің құзыретінде қала берсін. Екінші мәселе –  оқу-ағарту министрлігінде білім сапасын қадағалайтын комитет бар, осы комитеттің аясында мұғалімдердің құқықтарын қорғайтын, қауіпсіздігіне жауап беретін мамандар штатын ашу қажет деп білеміз. Бұл штат өз жұмысын көрсеткеннен кейін әрі қарай омбудсмен институтын енгізу мәселесін қарастыруға болады. Омбудсмен институтында бір ғана адам болмауы шарт, әр өңірде филиалы ашылып, заңгерлер штатын құру керек. Бұл әжептәуір қаражатты талап ететін бастама. Сол себепті алғашқы үш-төрт жылда білім сапасын қадағалау комитетінде пилоттық негізде осындай бөлім не басқарма ашып, жұмыс нәтижесін зерттеп көру қажет. Мұғалімдерді көше сыпыру, сенбілік сияқты артық міндеттерге жегуге жол бермейтін мамандар қажет-ақ. Олар міндетті түрде айлық жалақысы бекітілген заңгер болуы шарт», — дейді Жұлдыз Сүлейменова.

Сонымен қатар, депутат бүкіл республикадағы мұғалімдер үшін бірыңғай нөмір мен Telegram-чат ашуды ұсынды.

«Мұғалімдерге қысым көрсетіп, артық жүктеме беріп жатқан азаматтарды анықтау үшін, әрине, жедел желі қажет. Кез келген педагог сол нөмірге хабарласып, арыз-шағымын айта алуы керек. Сосын Telegram мессенджерінде бір платформа қажет деп санаймыз. Бұған дейін Telegram-да жалақыны есептеумен байланысты бір платформа болған. Барлық мұғалім өзінің мұң-мұқтажын жеткізіп жататын. Мен де сол телеграмда үлкен чатқа қосылғанмын. Ұстаздар өз проблемасын айтып отыратын. Әлгі чатта оқу-ағарту министрлігінің қызметкерлері де бар еді. Өкінішке қарай, бұл чат қазір жұмыс істемейді, сондықтан бізге дәл сондай чат қажет», — дейді халық қалаулысы.

Бұдан бөлек, Жұлдыз Сүлейменованың ойынша, мектеп ұстаздарына психологтардың көмегі де артық етпейді.

«Біз қазір тек қана оқушылардың психологиялық қызметін айтып жүрміз, бірақ апталық жүктемесі 16 сағаттан тұратын педагогтің өзіне де психологиялық көмек қажет болады. Өзіңіз білесіз, қазір әлеуметтік желінің заманы, оқып жатқан балалар да зумер ұрпақтар, сол тұрғыда мұғалімге психологиялық қолдау қажет деп ойлаймын», — дейді ол.

«Өмір бақи бір дипломмен жұмыс істейтін кезең келмеске кетті»

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова тұрмысы төмен отбасылардың проблемасы болсын, еңбек нарығындағы жұмыссыздық болсын, бүкіл мәселенің түпкі негізі білімде екенін айтады.

«Біз білім саласын реформалаймыз немесе стандарт өзгертеміз, білім беру мазмұнын жаңартамыз дегенде еңбек нарығымыз қалай өзгереді, экономикаға қандай мамандар қажет, экономикамыздың өндіруші, индустриялды, инновациялық бөлігіне нақты қандай өзгерістер керек, міне осыларды айқындап алуымыз қажет. Білім мазмұны осы факторларға жұмыс істеуге тиіс. Ал қазір бізде бұл мәселелер шашыраңқы. Біздің елде экономика өз бетімен, еңбек нарығы өз бетімен, әлеуметтік қамсыздандыру бір бөлек, мектептегі білім мазмұны тұрғысынан өзімен өзі жүзеге асырылып жатыр. Сондықтан өзара байланыс болмағандықтан, мамандарымыздың басым көпшілігі жоғары білім алып, кейін жұмыссыз болып жүретіні немесе жоғары білімммен такси айдайтыны бәріміздің жүрегімізді ауыртады», — деп қапаланды ол.

Осы орайда депутат Қазақстанда 2025 жыл Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланғанын еске салды.

«Осыдан бес жыл бұрын дәл осындай жылды жариялағанда, бүкіл қоғамдастық шалқасынан түсетін еді. Өйткені ол кезде жоғары білімді маман болу престижді саналатын. Біздің қоғамға жоғары білімі мен дипломы бар маманмен қатар өз кәсібі бар, сол кәсібімен табыс тауып жүрген, отбасын құрып, адал өмір сүріп жүрген азаматтың құнды екенін түсіндіруге, насихаттауға бес-алты жыл уақыт кетті. Сөйтіп алтыншы жыл дегенде біз жұмысшы мамандығының жылын жариялап отырмыз. Біздегі жастардың екінің бірі жоғары білім алған, қолында дипломы бар, бірақ сол екінің бірі бір кәсіпті меңгеріп, шеге қаға алмайды, өйткені оған ешкім үйретпеген. Яғни қазір бір дипломмен өмір бақи жұмыс істейтін кезең келмеске кетті. Қазір он жылда екі мамандық ауыстырады, тіпті одан да көп мамандық ауысатын кезеңге аяқ басып келеміз. Сәйкесінше балаларымызға мектептегі біліммен қоса белгілі бір кәсіпті меңгертуіміз қажет. Сондықтан 9-сынып бітірген бала болсын немесе 10-11 сыныпты тәмамдап аттестат алатын балаға мектеп қабырғасында бір кәсіп үйретуді қолға алу қажет деп санаймыз. Жұмысшы мамандықтар жылы құр науқаншылдыққа салынып, құр есеп көрсететін жыл болмауға тиіс. Бұл адам капиталы, еңбек күшіне жаңа серпін беретін жыл болуы керек», — деп атап өтті AMANAT партиясы фракциясының мүшесі.

Жұмыс берушілер егде қызметкерлерін жібергісі келмейді

Еңбек нарығында сапалы жұмыс орны мен еңбек күшінің сапасы өте маңызды рөл ойнайды. Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, еңбекақысы медиандық жалақыдан жоғары, барлық әлеуметтік төлем төленетін, еңбек қауіпсіздігі сақталатын, 6 айға дейін жұмысы тұрақты болатын орын жұмыс орнының сапасын көрсетеді. Депутаттың пікірінше, елімізге мұндай сапалы орындар керек және осы сапалы жұмыс орнын ұсынатын жұмыс берушілердің тізімі жасақталуға тиіс.

«Ал еңбек күшінің сапасы тікелей білім саласына қажет. Қазір білім мазмұнын қарастырып жатыр, 2026 жылға қарай стандарт жазылмақшы. Сол стандарттың аясында бізге қандай білім мазмұны керек? Мектеп бітірген баланың әрі қарай даму траекториясы қалай болады? Егер ол ғылымға бет бұрса, не инженерлік-техникалық оқу орнына жұмысқа барса, оған қандай дағды керек? Қандай құндылық керек? Осы сұрақтарға жауап сол стандартта болуы шарт. Немесе жоғары білім алғысы келмейтін, бірақ кәсіп меңгеріп, жақсы өмір сүргісі келетін азаматтар болса, оларға қандай дағды керек, қандай орта білім керек, қандай құзыреттіліктер керек деген сұраққа біз жауап беруіміз керек. Бүгінгі таңда осы мәселеде әлі күнге дейін ортақ пікірге келген жоқпыз», — дейді депутат.

ЭЫДҰ елдерінде зейнет жасына тақаған азаматтар мен еңбек нарығына енді аяқ басқан азаматтар арасында дағдыларға зерттеу жүргізген. Қазақстанның жұмыс берушілері жас мамандарды жұмысқа алғаннан гөрі егде қызметкерлеріне мүмкіндік бергенді құп көреді екен.

«Біздегі зейнет жасындағы азаматтардың дағдылары жастарымыздың дағдысынан үш есе жоғары болып шықты. Яғни қазір жұмыс берушінің өзі жастарды жұмысқа алғаннан гөрі, зейнетке кетіп бара жатқан азаматтарға бір-екі жыл беріп, олардың жұмыс істегенін қалайды. Себебі олардың дағдысы, біліктілігі жоғары», — дейді Сүлейменова.

Осы орайда Мәжіліс депутаты мұғалімдерге арнап гайдбук дайындап шығаруды ұсынды. Айтуынша, ол ұстаздардың жұмысын жеңілдетеді әрі мұндай көмекші құрал әлемнің барлық дерлік мемлекетінде бар.

Сондай-ақ депутат мемлекеттің қаржысы жұмсалатын біліктілікті арттыру курстарының мазмұнын қайта қарастыру қажет деп есептейді.

«Біз қазір мұғалімді төрт жыл оқытамыз. Ол жоғары білімі бар маман иесі болып мектепке жұмысқа келеді. Одан кейін біз оның біліктілігін арттырамыз. Біз оның пәндік білімін арттырамыз. Егер педагогикадағы жаңа методика, шешімі қиын жаңа сұрақтарды қарастыратын біліктілік курсын арттыру болса, менің оған ешқандай таласым жоқ. Бірақ өзі төрт жыл бойы оқыған білімі бойынша қайтадан біліктілігін арттырып, оған мемлекеттен қаражат бөлу мәселесі шынын айтсам маған түсініксіз», — дейді халық қалаулысы.

Другие новости

Back to top button