Оңтүстік Азияда жағдай ушықты: Пәкістан мен Үндістан неге шекісіп қалды

Сейсенбі күні Пахалгамда 26 турист өлтірілгеннен кейін Үндістан Пәкістанды айыптады. Осы оқиғадан соң екі мемлекет арасындағы жағдай күрт ушығып кетті. Әуе қатынасы мен сауда тоқтатылды, дипломаттар елден шығарылды. Үндістан су жөніндегі келісімнен шығатынын мәлімдеді, ал Пәкістан су беру жүйесін тоқтату әрекетін соғыс жариялау деп бағалайтынын ескертті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ВВС орыс қызметінің хабарлауынша, Үндістан полициясы үш күдікті содырдың аты-жөнін жариялап, олардың екеуі Пәкістан азаматтары екенін мәлімдеді.
Сәрсенбі кешкісін Үндістан Пәкістанмен дипломатиялық қатынастар деңгейін төмендетіп, елшіліктер қызметкерлерінің санын екі есе қысқартты. Екі ел арасындағы жалғыз құрлықтағы шекара өткелі жабылатынын жариялады. Сонымен қатар, 1960 жылы жасалған Инд өзенінің суын бөлісу туралы келісімнің күші тоқтатылды. Оңтүстік Азия аймақтық ынтымақтастық қауымдастығы аясында визадан босату жүйесі арқылы берілген пәкістандықтарға арналған визалар үш күн ішінде жойылады.
Бейсенбі күні Пәкістан үкіметі жауап ретінде бірнеше шара қабылдады: Үндістан азаматтарына арналған визалардың әрекеті (сикх қажыларынан басқа) тоқтатылды, үнді әскери кеңесшілері персона нон грата деп танылып, елден шығуға бұйрық берілді.
Пәкістан әуе кеңістігін «Үндістан басқаратын барлық әуе компанияларына» жапты. Сондай-ақ, басты шекара бекеті – Вагах жабылып, барлық сауда, оның ішінде транзиттік тауар тасымалы да тоқтатылды.
Пәкістан Үндістанның Инд өзенінен келетін су жеткізілімін тоқтатуға қандай да бір талпынысын «соғыс әрекеті» ретінде қабылдайтынын және мұндай әрекетке тиісінше жауап берілетінін ескертті.
Пәкістан билігінің мәлімдемесінде бұл шабуылға қатысты «сенімді тергеу мен тексерілген айғақтардың жоқтығы» айтылып, Үндістанның Кашмирдегі шабуылды Пәкістанмен байланыстыруға тырысуы «жауапсыз, қисын мен логикадан ада» әрекет ретінде сипатталған.
Инд өзені жүйесіне кіретін алты өзеннің бесеуі Үндістан аумағынан бастау алады, алайда негізгі су тұтынушы – Пәкістан. Елдің ауыл шаруашылығы мен энергетикасы осы тұрақты су ағысына тәуелді. 1960 жылы жасалған келісім бойынша, Үндістанға Инд жүйесіндегі үш шығыс өзенін Пәкістан шекарасына дейін пайдалануға құқық берілсе, Пәкістан үш батыс өзенін пайдаланады.
Үндістан бұған дейін Пәкістанмен болған қақтығыстарда бұл келісімді бұзбаған. Ал бұл жолы алғаш рет келісімнің әрекетін тоқтатты. Айта кету керек, келісімде тараптардың біржақты шешіммен оны тоқтатуға немесе бұзуға құқығы жоқ екені нақты көрсетілген және дауларды реттеу тәртібі анық жазылған.
Үндістанның сыртқы істер министрі Викрам Мисри келісімнің әрекеті Пәкістан «шекарааралық терроризмге қолдау көрсетуден нақты және қайтып келместей бас тартпайынша» тоқтатылатынын мәлімдеді.
Reuters агенттігі атап өткендей, келісімді тоқтату Пәкістанға баратын су ағынына бірден әсер етпейді. Себебі, Үндістан бұл суды бөгеп ұстауға немесе басқа жаққа бұруға әзірге қабілетті емес. Алайда келісімнің тоқтатылуы Үндістанның су тастау, бөгеттерден немесе тасқын туралы ақпаратпен бөлісу міндетін алып тастайды. Сонымен қатар, құрғақ маусымда ең төменгі су көлемін жіберу талабы да жойылады. Егер су ағымы тұрақсыз бола бастаса, Пәкістандағы ауыл шаруашылығы — әсіресе суармалы егіндер (бидай, күріш, қант құрағы) ауыр дағдарысқа тап болуы мүмкін.
Пәкістанның энергетика министрі Авайс Лехари бұл қадамды «су соғысының актісі» және «қорқақ әрі заңсыз әрекет» деп атады.
Пәкістан ұлттық фермерлер одағының төрағасы Халид Хуссейн Баат Үндістан әрекетін агрессия деп бағалап, Reuters-ке:
«Бұл — нағыз соғыс. Біз қазірдің өзінде климаттың өзгеруінен зардап шегіп отырмыз. Биыл жауын-шашын мен қар аз болды, су деңгейі былтырмен салыстырғанда 20–25%-ға төмен», – деді.
Соғыс басталуы мүмкін бе
Үндістанның қорғаныс министрі Раджнатх Сингх лаңкестік шабуыл ұйымдастырушыларға да, орындаушыларға да «қатаң жауап» берілетінін айтып, Үндістанның әрекет етуге дайын екенін мәлімдеді.
Әскери тарихшы Шринатх Рагхаван BBC-ге берген пікірінде 2016 және 2019 жылдарды мысалға келтірді.
2016 жылы Уриде 19 үнді сарбазы өлтірілген соң, Үндістан Пәкістан бақылауындағы Кашмир аумағында содырлар лагерьлеріне дәл соққылар жасады.
2019 жылы жарылғыш зат тиелген көлік үнді полицейлері отырған автобусқа соғылып, 40 адам қаза тапқаннан кейін, Үндістан 1971 жылдан бері алғаш рет Пәкістан аумағындағы Балаки лагеріне әуе соққы жасады. Пәкістан жауап ретінде өзінің әуе соққыларын жасады. Бұл қақтығыс екіжақты әскери қимылдарға ұласты.
Рагхаванның айтуынша:
«Біз бұл жолы да Үндістанның шешімді әрі қатал әрекетін көруіміз мүмкін. 2016 жылдан бері, әсіресе 2019 жылдан соң, үнді үкіметінің қарсы шабуыл шегі трансшекаралық соққылар немесе әуе шабуылдары деңгейіне жетті. Енді бұл деңгейден төмен әрекет жасау саяси тұрғыдан қиын. Ал Пәкістан, бұған дейінгі жағдайлардағыдай, жауап қайтарады».
Сыртқы саясат сарапшысы Майкл Кугельман да Үндістанның әскери жауап беру ықтималдығы жоғары екенін айтты:
«Мұндай жауаптың негізгі пайдасы – саяси. Қоғам тарапынан қатал әрекет талап етіліп отыр», – деді ол BBC-ге.
Ал АҚШ-тағы Олбани университетінің профессоры Кристофер Клари 2021 жылы қабылданған атысты тоқтату туралы келісімнің де бұзылып жатқанын айтып, Үндістан премьері Нарендра Моди шекарадан оқ атуды қайта бастауға рұқсат беруі мүмкін екенін жеткізді. Сондай-ақ, 2019 жылғыдай әуе шабуылдары немесе қанатты зымыран соққылары қайта болуы ықтимал. Бұл жауап әрекеттердің ушығу қаупін тудырады.
Ең үлкен қауіп — қос ел де ядролық қаруға ие.
Рагхаван «ядролық қару – бір жағынан қауіп, екінші жағынан ұстамдылық факторы. Бұл екі ел басшылығын да абай қимылдауға мәжбүрлейді. Болжам бойынша жауап нақты әрі шектеулі сипатта болады. Пәкістан да соған сай жауап беріп, кейін кернеуді төмендетудің жолын іздеуі мүмкін. Мұндай үлгіні біз Иран мен Израиль арасындағы қақтығыстардан да байқадық: дәл соққылар, артынан деэскалация әрекеттері. Бірақ басты қауіп – бәрі жоспар бойынша жүрмей қалуы мүмкін» деп түйіндеді