Өміріңізге қауіп төндіруі мүмкін – лицензиясыз жұмыс істейтін емханалар көбейді

Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі дабыл қақты: халық емшаралық медициналық қызметке жүгінгенде қауіпсіздік талаптарын ескере бермейді. 2024 жылдан бері рәсімдік медициналық қызметке байланысты жеті шағым тіркелген. Жоспардан тыс тексерулер нәтижесінде анықталғаны: төрт мекеме мүлде лицензиясыз жұмыс істеген, үш жерде сертификатсыз мамандар науқастармен айналысқан, ал екі мекемеде дәрі-дәрмектер дұрыс сақталмаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ең сорақысы – мұндай немқұрайдылықтың соңы өліммен аяқталған. Жамбыл облысында тіркелген қайғылы жағдайлардан кейін өңірде тексеріс кеңінен жүргізіліп, өрескел заңбұзушылықтар әшкереленді. Тіпті бір емшара кабинеті қызметін мүлде тоқтатуға мәжбүр болды.
Осы күні Жамбыл өңіріндегі 107 емшара кабинетінің небәрі 42-сінің ғана тиісті лицензиясы бар екені анықталған. Демек, тұрғындардың жартысынан көбі заңсыз, біліксіз әрі қауіпті қызметке жүгініп жүрген болуы әбден мүмкін.
Біліктілігі жоқ мамандар
Денсаулық сақтау министрлігі емшараны лицензиясы бар маман ғана жүргізуі керек деп қатаң ескертеді. Қазақстанда кез келген жоспардан тыс тексеру тек азаматтардың ресми өтініштеріне немесе әкімдік пен құқық қорғау органдарынан келген сұрау негізінде ғана жасалады. Алайда тұрғындар өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, күмәнді қызметтер туралы дер кезінде хабарламаса, салдары ауыр болмақ.
Министрлік қарапайым әрі нақты ережелерді есте сақтауға шақырады:
- Емшараны тек лицензиясы бар медициналық ұйымнан алыңыз;
- Қызметкердің біліктілігі мен рұқсат құжаттарын сұраудан ұялмаңыз;
- Үй жағдайында, дәрігердің бақылауынсыз жасалатын рәсімдерге келіспеңіз.
Өз денсаулығыңыз – өз қолыңызда. Бір ғана тексерілмеген кабинет, бір ғана күмәнді екпе – орны толмас өкінішке айналуы мүмкін. Сақтық – салауаттылықтың кепілі.