«Өмірім қара түнекке айналды» … Емханаларда психологиялық көмекке сұраныс артқан

Медеу ауданының медико-санитарлық көмек көрсету орталығында психиатрға келетін кісі көп. Қалалық сауықтыру орталығының психиатры Айгерім Сұлтанованың айтуынша аудан бойынша психиатриялық есепте тұрған мыңға жуық науқаспен бірге мыңға тарта тұрғын психологиялық көмек алуға келеді. Бұған қоса, психикалық дертке шалдығып, динамикалық бақылау тізіміне тіркелген науқастар мемлекет тарапынан берілетін тегін дәрі-дәрмекті де емханадан алады.
2013 жылдан бері Алматыдағы емханаларда қалалық психикалық сауықтыру орталығының психиатрлары халыққа медициналық , психологиялық қызмет көрсетеді. Алматылықтар бұрынғыдай Кекілбаев көшесіндегі орталыққа шапқыламайды. Екіншіден, халыққа қолжетімді сапалы қызмет ұйымдастыру және психологиялық, психиатриялық көмектің сапасын одан әрі жетілдіру нәтижесінде мамандардың қызметіне сұраныс артқан. Медеу ауданының медико-санитарлық көмек көрсету орталығының психиатры Айгерім Сұлтанованың айтуынша жасөспірімдер де , қарттар да психологиялық көмекке жүгінеді. Олардың басым бөлігі алаяққа алданған, несие төлеу қабілетінен айырылған, жұмыстағы кикілжіңнен қажыған, түрлі психикалық ауытқу, дерттеріне шипа іздеп, қиыншылықтан шығудың амалын сұрайды.
Айгерім Сұлтанова Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының психиатры:
-Динамикалық бақылауға алынған науқастар арасында шизофрения, деменция , паркинсон , биполярлық бұзылу дертіне шағымданушылар көбейді. Экономикалық қиын жағдай салдарынан дегбірсіздіктен мазасы қашқан, жұбайлар арасындағы , ата-аналар мен балалардың қарым-қатынасынан туындаған түйіткілдер, жалғыздықтан жабырқаған жандар дертіне дауа іздеп, кеңес алуға келеді. Олар есепте тұрмайды. Біз психологтармен тығыз жұмыс істейміз. Қажеттілік туындаған жағдайда дәрі тағайындаймыз, — дейді психиатр.

Психологиялық көмекке жүгінген тұрғындардың басым бөлігі өзінің аты-жөнін жасырады. Айгерім Сұлтанова емделушілердің кейбірі психолог, психиатрға «ақыл-есі кем немесе жынды» адамдар келеді деп ойлайды дейді. Осы ауданның тұрғыны Дәмегүл Серік (есімін өзгертуді өтініп) те күйзелістің салдарын айтып берді.
Дәмегүл Серік Алматы тұрғыны :
— Елу бес жастан кейін өмірім қара түнектің құрсауынан арылмай жатыр. Күйеуім отыз жыл бірге өткен отбасылық өмірімізді ойрандап, басқа әйелге ғашықпын деп кетіп қалды. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, бейнеттің зейнетін көремін деген тәтті қиял сағымға айналды. Тағдырым астан-кестен. Жығылғанға жұдырық дегендей жұмыста « қысқарту науқаны» басталды. Қара тізімге іліндім. Жасыма байланысты екі қолға бір күрек табу да қиын екен. Төрт қабырғада қамалдым. Ешкімді көргім келмейді. Тәбет жоқ. Өмірге өкпеледім бе, өзімді кінәлап, миды жегідей кемірген ойлар өкінішпен ішімде қайнап жатты. Түн жарымды ауа жетіспей қалады. Күйзеліс деген не екенін білмеген адам едім. Жұбайымның сатқындығы, ұйқысыз күндердің дерті осы екен. Ұлым мен келінім қонаққа келгенде түрімнен шошып кетті. Қанша уақыт өткенін білмеймін, қатты жүдеп , қу сүйегім қалыпты. Олар емханаға әкелді. Терапевт психиатрға жолдама берді. Қазір күндіз, түні маза бермейтін ойлардан құтылдым. Психиатр Айгерім Сұлтанова мықты маман, санамды сілкіп алды. Қайта ояндым. Ешкімнің басына мұндай дертті тілемеймін.
Емханада күнделікті тіршіліктегі қиыншылықтар, махаббат машақаты , босанғаннан кейінгі күйзеліс діңкелеткен әйелдер , жақынын айырылып, қайғыдан есеңгірегендер немесе жалғыздыққа дауа іздегендерге «Жастар орталығы» да есігін айқара ашқан.
Айнаш Арыстанова «Жастар орталығының» психологы
— Мен бай, дәулетті болуым керек. Қиыншылық пен кедергілерді мінсіз еңсеремін. Егер ол мамандық таңдаған кезде қателесіп немесе ақшаны күреп таппаса онда мазасыздық, дегбірі қашып, ұйқысыздық діңкелеткеніне шағымданады. Мұндай психологиялық проблемалар ағза қызметін әлсіретіп, басқа аурулар бас көтеруі мүмкін. Сондықтан орталықта гинеколог, терапевт, эндокринологпен жұдырықтай жұмылып жұмыс істейміз. Ал жасөспірімдердің әлемі астан-кестен. Олар үшін өз мақсатын айқындап таңдаумен бірге бәсеке көп. Егер қателескен болса, онда емделушінің әрі қарай құлшынысы жойылады. Біз мектеп бітіргенде мамандық емес, білім грантын иелену үшін оқуға түстік, қуандық. Қазіргі жасөспірімдер табысы жақсы, жылдам лауазымды қызметке көтерілетін жолды таңдайды. Тіпті шетелге кетуді жоспарлайды. Егер олар жоспарлағандай жетістікке жетпесе түңіліп, ізденісті тоқтатып, күйзеліске түседі. Мен оларға осындай күйге түскенде өзін-өзі басқару техникасын үйретемін, — дейді психолог.

Психологтың айтуынша қазіргі оқушылар, студенттер кәсіпкерлікті дамыту, байлыққа кенелу , психологиялық кеңес беретін кітаптарды көп оқиды. Олардың мақсаты біреу топ жарып шығу , жақсы өмір сүру. Психолог балалар мен ата-ана арасында түсініспеушілік, ұрыс-жанжалдың туындауына олардың көзқарасының әртүрлі болуы да түрткі дейді. Әрине мамандар бір жасөспірімге психологиялық көмек көрсету үшін отбасы мүшелерімен де жұмыс істейді. Емханалардағы «Жастар орталығы» , психиатрлар тұрғындарға тегін кеңес береді. Мамандар пациент жайлы барлық ақпарат құпия сақталады дейді. Биыл Алматыдағы медико-санитарлық көмек көрсету орталығындағы «Жастар орталығы» жоғары оқу орындар, колледждер студенттері мен мектептерге әріптестікті дамытуды көздеп отыр.
Жазира Бегалы, журналист



