Выбор редакцииҚауіпсіздік

Өмірді сақтандыру: Бұл не үшін маңызды және оны қалай таңдаймыз?

Еліміздегі тұрғындардың өмірі мүмкіндіктер мен қиындықтарға толы. Олар табысқа ұмтылады, мансаптарын құрып, армандарын орындайды. Дегенмен күйбең тіршілікпен жүрген олар кей жағдайда болашағы мен қаржылық тұрақтылығына әсер етуі мүмкін тәуекелдер мен қауіптер ұмытып жатады. Мұндай жағдайда азаматтарға өмірді сақтандыру қолғабыс болады. Өмірді сақтандырудың маңызы неде? Сақтандыру рәсімдегенде нені ескерген жөн? Бұл туралы Stan.kz тілшісіне Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаменті директорының орынбасары Елена Филимонова айтып берді. 

 

Өмірді сақтандыру не үшін қажет? 

«Қазақстан азаматтары күн сайын олардың өміріне, денсаулығы мен қаржылық жағдайына әсер етуі мүмкін түрлі қауіп-қатерлер бетпе-бет келеді. Мысалы, тұрғындар ауруға шалдығып немесе оқыс оқиға салдарынан жарақат алуы мүмкін. Одан бөлек еңбек жарамсыздығына, табысынан айырылып, тіпті одан да қайғылы салдарға тап болуы мүмкін. Мұндай жағдайларда өмірді сақтандыру өзіңізді және жақындарыңызды күтпеген қаржылық шығындардан қорғауға көмектеседі», — дейді Елена Филимонова.

Бұл ретте сақтандыру емделуге, қарыздарды өтеуге, денсаулыққа байланысты кеткен шығындарды өтейді.

«Ал сақтанушы қайтыс болған жағдайда сақтандыру жерлеу шығындарын өтеп, марқұмның отбасы мен жақындарына қаржылық қиындықтарды болдырмауға мүмкіндік береді», — деп қосты маман.

Қарыз алушының өмірін сақтандыру шартын жасау арқылы сақтанушы несиені сақтандыру төлемімен жабуды қамтамасыз ете отырып, отбасы мен жақындарының қаржы жағдайын қорғайды.

«Өмірді сақтандырудың тағы бір маңызды түрі – білім беру жинақтаушы сақтандыру. Оның көмегімен ата-ана баласының оқуына ақша жинап қана қоймай, оның өмірін қорғай отырып, болашақта білім алуына кепілдік береді. Қайғылы оқиға болған жағдайда бала сақтандыру шартының толық құнына тең төлем алады», — дейді Филимонова.

Сақтандыру ұйымының қызметіне жүгінбес бұрын нені ескерген жөн? 

  • Сақтандыру компаниясын таңдаған кезде оның сақтандыру қызметін жүзеге асыруға лицензиясы бар-жоғын тексеру қажет. Бұл ақпарат реттеушінің ресми сайтында орналастырылған.
  • Келесі кезекте сақтандыру компаниясының негізгі қаржылық көрсеткіштеріне ерекше назар аудару керек. Қажетті            статистикалық мәліметтер Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсында көрсетілген.
  • Сондай-ақ сақтандыру компаниясына қатысты қолданылған шаралардың және санкциялардың болуын ескеру қажет, олар туралы ақпаратты да реттеушінің ресми сайтынан табуға болады.
  • Сақтанушыларға және сақтандыру шартын жасасуға ниет білдірген тұлғаларға өз қызметі туралы ақпаратты жедел жеткізу үшін сақтандыру компаниясы толық ақпаратты қамтитын интернет-ресурсты пайдаланады. Сақтандыру ұйымдарының ресми интернет-ресурстары реттеушінің ресми сайтында жинақталған.
  • Сақтандыру ұйымдары, кез келген акционерлік қоғам сияқты, қаржы есептілігі депозитарийінің веб-сайтында өздерінің қаржы есебін тұрақты түрде жариялайды.

Осылайша, сақтандыру қызметтерін тұтынушы сақтандыру компанияларының ресми интернет-ресурстарында орналастырылған ресми ақпаратпен, сақтандыру өнімдерінің тізбесімен және оларға қатысты тиісті ережелермен таныса алады.

Өмірді сақтандыру өнімін қалай таңдауға болады? 

Бүгінде Қазақстанның сақтандыру нарығында реттеуші берген лицензия негізінде өмірді сақтандыру бойынша 10 компания жұмыс істейді. Азамат сақтандыру қызметі жайлы ақпаратпен танысқан соң, компаниялардың шарттарымен салыстырып, ыңғайлы және тиімді өнімді таңдай алады.

«Осы орайда тұрғындар ерікті сақтандыру түрін таңдаған кезде өз қажеттіліктері мен қаржы мүмкіндіктерін ескере отырып, өз бетінше шешім қабылдайтынын түсіну маңызды. Бүгінгі күні сақтандыру өнімдерінің ауқымы кең, сондықтан сақтандыру түрінің бағасы мен төлем мөлшері әрбір өнімнің ерекшеліктеріне байланысты әртүрлі болатынын ескерген жөн. Сондай-ақ, сақтандыру қызметтерін тұтынушылар сақтандыру өнімін таңдаған кезде негізгі өтемнен бөлек, қосымша өтемді таңдай алады», — дейді Елена Филимонова.

Мәселен, қарыз алушыны өлім қаупінен өмірін сақтандыруды таңдаған кезде жазатайым оқиғалардан қорғау, денсаулығына байланысты кеткен шығындардың өтемі сынды қосымша сақтандыру қызметтерін таңдау мүмкіндігі бар. Сонымен қатар сақтандыру өтемі неғұрлым көп әрі сақтандыру мерзімі ұзағырақ болса, сақтандыру құны соғұрлым жоғары болатынын ескеру қажет.

«Қарастырылып отырған өнімдер сақтандырудың ерікті түрлері болғандықтан, компаниялардың сақтандыру құны осы компаниялар ішкі саясат негізінде қолданылатын тариф бойынша есептеледі. Осыған байланысты Қазақстан азаматтары сақтандыру компаниялары ұсынатын қызметтерге салыстырмалы талдауды өз бетінше жүргізуі алады. Компаниялардың ресми интернет-ресурстарында өнімдердің алдын ала құнын есептеу үшін тиісті калькуляторлар енгізілген», — дейді сарапшы.

Сақтандыру қалай рәсімделеді? 

Сақтандыру шарттары компанияның немесе келісім негізінде оның серіктесі болып саналатын ұйымдардың интернет-ресурстары арқылы электрондық нұсқада жасалады.

«Электронды шарт жасалған кезде қажетті ақпарат (өтініштер, хабарламалар және өзге де құжаттар, мәліметтер) сақтандыру компаниясына жіберіледі. Бұл алдағы уақытта сақтандыру шартын өзгерту үшін қажет болуы мүмкін», — дейді Филимонова.

Айта кетсек, сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаментінің мәліметінше, 2023 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша өмірді сақтандыру бойынша 1 691 260 келісімшарт рәсімделсе, олардың 1 601 746 жеке тұлғалармен жасалған. Мұнымен қоса өмірді сақтандыру компаниялары жинаған сыйақы көлемі 134 024 млрд теңгеге жетіп отыр.

Другие новости

Back to top button