«Өкпеге ауа жетпей қалған»: Ақтөбеде 9 жасар бала әткеншектен құлап, қаза тапты
Ақтөбеде 9 жасар бала әткеншектен құлап мерт болды. Оқиға 18 қыркүйек күні кешке Нұр-Ақтөбе көпқабатты тұрғын үйдің ауласында болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Балалар ойнап жүрген кезде, 9 жасар бала әткеншекте тербеліп, құлап кеткен. Оқиға түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады.
Балаға дереу жедел жәрдем шақырылды, ол келгенше үлкендер оған көмектеспек болған, бірақ нәтиже шықпаған.
Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, дәрігерлер оқиға орнына 19:09-да жеткен. Бала ес-түссіз жатқан, куәгерлер оның кеудесіне массаж жасаған.
“103 қызметінің мамандары бірден реанимацияға кірісіп, 30 минут бойы құтқаруға тырысты. Бірақ ол нәтиже бермеді. Сағат 19:41–де ми қызметі тоқтады. Қойылған диагноз: ашық бас-ми жарақаты, бас сүйегінің негізгі бөлігінің, мойын омыртқасының жабық сынуы. Сонымен бірге 103 қызметі жеткенше жүрекке массаж жасалғаны белгілі. Сол кезде қабырғасы зақымданып, өкпеге ауа жетпей қалған”, – делінген хабарламада.
Полиция мәліметінше, баланың қазасына қатысты тергеу жүріп жатыр.
«Кәмелетке толмаған баланың өліміне қатысты Қылмыстық кодекстің 306-бабының 3-бөлігі (Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету, абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан іс-әрекеттер) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Павлодар облысы Ақсу қаласында үш жасар бала ойын алаңында жарақат алғаны туралы жазған едік. Салдарынан ол 40 күнге жуық ауруханада, бір апта жансақтау бөлімінде жатқан.