«Ойдан есеп шығарып алады»: министр мұғалімдерді кімдер әуреге салып жүргенін айтты
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «Жедел желі» бағдарламасында мұғалімдерді қағазбастылықтан шеттету жайлы тағы да айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бағдарлама кезінде көрермендер министрге «Мұғалімдер қағазбастылықтан, қосымша жұмыстан қашан арылады?» деген сұрақ қойды.
«Мені бұл мәселе қатты толғандырады. «Педагог» мәртебесі заңы бойынша екі жыл қатарынан барлық заңнамаға тиісті өзгеріс енді. Жергілікті жерде аудандық оқу бөлімі немесе мектептің өзі ойдан есеп шығарып алып, мектеп мұғалімдерін әуреге салып жататынын көріп жатамыз. Жекелеген жерлерде мұғалім де сауатты болуы керек. Заңдағы дүниені орындайтын болса, одан артық қағаз толтырудың қажеті жоқ», — дейді министр.
Министр атағандай, егер сол қағаздар оқушылардың біліміне әсер етсе, істегені дұрыс. Бірақ, оған пайда әкелмейтін болса, істеудің қажеті жоқ.
«Сондықтан мектеп басшыларына, аудандық білім бөлімінің басшыларына артық қағазбастылықты тоқтату керегін тағы да еске саламын», — дейді Бейсембаев.
Еске салсақ, Қазір Қазақстан бойынша 600 мыңға жуық педагог еңбек етіп жүр. Оның ішінде 399 247 педагог мектепте, 41 155 педагог техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында сабақ береді. Мектепке дейінгі мекемелерде 100 566 тәрбиеші жұмыс істейді.