«Одан көрген қорлығымның видеосы бар»: Жанқош Тұраровты айыптаған Әнару Қалдыбек тағы да үн қатты (ВИДЕО)

Тура бір жыл бұрын, 2024 жылдың 23 тамызында редакциямызды сұхбатқа шақырып, танымал боксшы Жанқош Тұраров мені зорлады деп арыз жазған Әнару Құрманәлиева бүгін тағы үн қатты: ол көрген қорлығының фото, видеоматериалдары бар екенін айтып, оларды жариялауы мүмкін екенін ескертіп отыр, деп жазады Azattyq Rýhy.
Биыл сәуір айының соңында Әнару Қалдыбек Жанқош Тұраровқа қатысты қылмыстық іс әлі тергеліп жатқанын айтқан еді. Ал бүгінгі жазбасында ол қиындықтардан шаршағанын айтып, көз жасына ерік берген.
«Мен 1 жыл бұрын жол апатына түскенде түрім осындай болатын. Жәй ғана таксиға отырып, үйіме бара жатқан кезім еді. Менің бұндай қорлықтарым көп. Мен Қалдыбек Құрманәлінің тұңғыш қызымын. Бірақ осындай аласапыранда өмір сүріп жатырмын. Менде бұндай суреттер өте көп. Және бір адамнан көрген қорлығымның да суреттері мен видеолары бар. Егер қаласаңыздар, осы жерге біртіндеп бәрін жүктеймін», — деп жазған Әнару Қалдыбек.
Ол осы жазбасында боксшы Жанқош Тұраров оны алдағанын айтып, одан жеті жыл бойы қорлық көргенін тағы бір рет мәлімдеді.
«7 жыл бойы мен осы адамнан қорлық көрдім… Мені барлық жағымнан қорлап, бопсалап, қорқытып ұстап келеді. Жетім деп басыма мінді. Әйелі екіқабат болған екен, мен пәкпін, баламын. Оның үйлі екенін де білмей, сеніп араласқан едім. Сөйтсем, бұл адам әйелі қыз туғаннан кейін маған көңіл бөліп, мені маңайлап жүр екен ғой. Араласа келе қалай оның зорлығына тап болғанымды түсінбей қалдым. Осы адамға жолыққаннан бері өмірім құлдырап кетті», — деп жазды ол.
Айта кетейік, былтыр 21 тамызда әлеуметтік желіде танымал боксшы Жанқош Тұраров Әнару Қалдыбекті зорлады деген ақпарат тарады. Алматы қаласының полициясы мұны растап, қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Кейін Әнару Құрманәлиева Azattyq Rýhy редакциясын сұхбаттасуға шақырып, боксшыны неше жылдан бері білетінін, онымен алғаш рет қалай танысқанын және Жанқош Тұраров 6 жылдан бері не деп алдап келе жатқанын айтып берген еді.