Главное

«Нұрқанаттың мылтығын жұлып алып, дүмімен екі рет ұрдым» – сотталушы Нұрқияс

Шерзат Полат сотында сотталушылардан жауап алу жалғасып жатыр. Айыпталушы Нұрқияс Ілиясов Нұрқанат Ғайыпбаевтың қолынан мылтықты тартып алғанын айтты. Оның сөзінше, оқиға болған күні ең бірінші болып оны марқұм Шерзат Полат ұрған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

НҰРҚИЯС НЕ ДЕЙДІ

Мылтықты екінші рет оқтап жатқан кезде менде тартып аламын деген ой болды. Екінші рет оқтап үлгерді. Сол кезде мен тоқтап тұрып қалдым. Сол уақытта Шерзат келіп екінші рет ұрады. Артта шегініп кеттім. Үшінші рет оқтап, бәріңді атамын деп артқа қарай шегінеді. «Е, бауырым, таста мылтығыңды» деп бара жатқан кезімде Шерзат марқұм құлап жатты. Сол кезде Нұрқанат барып көтеріп жатқан кезде мылтығын жұлып үлгердім де, прикладпен екі рет ұрып жібердім, – деді Нұрқияс Ілиясов.

15 мамырдағы сот отырысында  Нұрқанат Ғайыпбаевтың тергеу кезінде Азамат Тоқтаубаевпен арада болған беттестірудің видеосы көрсетілген. Онда Ғайыпбаев оқиға болған күні мылтық атпағанын айтқан.

Нұрқияс Ілиясовқа ҚК 293-бабының 3-бөлігі (Қару қолдану арқылы бұзақылық жасау) бойынша айып тағылған.

ШЕРЗАТ СОТЫ

Сот процесі Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында өтіп жатыр. Судья Ержан Жанұзақов 9 айыпталушыға қандай баптар бойынша айып тағылғанын бұған дейін оқыған болатын. Соның негізінде кім қанша жылға сотталуы мүмкін екенін болжауға болады. Бірақ процестегі әр сотталушының кінәсі әуелі дәлелденуі керек.

Сотталушыларға тағылған айып: 

Абзал Шынасыл – ҚК 99-бабы (Адам өлтіру), 24-бабы (Қылмысқа дайындалу және оқталу), 293-бабы (Қару қолдану арқылы бұзақылық жасау)

Равиль Сәкиев – ҚК 99-бабы (Адам өлтіру), 24-бабы (Қылмысқа дайындалу және оқталу)

Азамат Тоқтаубаев – ҚК 293-бабы (Бұзақылық), 188-бабы (Ұрлық)

Дидар Қалиахмет, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Шыңғыс Белғожаев, Нұрқияс Ілиясов – ҚК 293-бабының 3-бөлігі (Қару қолдану арқылы бұзақылық жасау)

Думан Ысқақ (кәмелет жасына толмаған) – ҚК 434-бабы (Қылмыс туралы хабарламау)

Сот күдіктілерді кінәлі деп таныса, олар 5 жылдан 20 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.

ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

2024 жылы 4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырды.

Автор: Есдәулет Қызырбек

Другие новости

Back to top button