ГлавноеГосорганы

Нұржан Әлтаев 10 жылға сотталып кетті

Бұрынғы мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев 10 жылға сотталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының хабарлауынша, сот сыбайлас жемқорлық бойынша күдікті экс-вице-министрге қатысты үкім шығарған.

– Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты аса ірі мөлшерде пара алу фактісі бойынша экс-вице-министр А.-ға қатысты үкім шығарды (ҚК 366-бабының 4-бөлігі). Сот не белгіледі: экс-вице-министр 2018 жылдың ақпанынан 2020 жылдың шілдесіне дейін «Атамекен» ҰКП мүдделері үшін тиімді ресми шешім қабылдауға ықпалдасып, делдал арқылы М.-дан жалпы сомасы 115 мың АҚШ доллары және 8 млн.150 мың теңге ақшаны пара ретінде алды. Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, ұялы телефондағы хат-хабарлармен, жасырын тергеу әрекеттерінің жазбаларымен, сараптама актілерімен, заттай дәлелдемелермен және т.б. дәлелденді, – делінген хабарламада.

Сотта прокурор айыптауды қолдап, 12 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Сотталушы соттан өзін ақтауды өтінген.

Сот шешім шығарғанда қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде “жас балаларының болуын” танығанымен, қабылдаған антын бұзуын” ауырлататын мән-жай” ретінде қарастырған.

– Сот үкімімен экс-вице-министр А. ҚК-нің 366-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырыла отырып, 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ, – деп хабарлайды Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.

Еске сала кетейік, 31 қазанда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында экс-мәжілісмен, тіркелмеген «Ел тірегі» партиясының жетекшісі Нұржан Әлтаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау өткен болатын. Прокурор экс-мәжілісмен Нұржан Әлтаевтың ісін жабық режимде өткізуді сұраған. Сот оның өтінішін қанағаттандырған еді.

Прокурор экс-мәжілісмен Нұржан Әлтаевқа қандай айып тағылып отырғанын айтты. Оның сөзінше, экс-мәжілісмен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болып тұрған кезде “2018-2020 жылдар аралығында делдалдар арқылы 50 млн теңгеден артық пара алған”. Қылмыстық іс қылмыстық кодекстің 366-бабы 4-бөлігі бойынша қозғалған. Сотта Нұржан Әлтаев өзіне тағылған айыпты «сандырақ» деп атаған.

Другие новости

Back to top button