Выбор редакцииҒылым және техника

Нұғыман Аралбай: Бүгінгі күні қазақтың оқу-білімі қайраңда тұрған қайықтай…

Құрметті менің оқырманым! Сәуірдің ортасында Түркістан ТВ арнасында «Терезе» деген бағдарламаға «Қазақстанда ғылым саласы қалай дамып жатыр?» деген тақыраптағы пікір-алысу, дискуссияға қатыстым. Сөз кезегі келгенде, Қазақстандағы ғылымның қаржыландыру мөлшері білім саласының қаржыландыру мөлшерінен 35 есе аз екені анықталды.

Қазір біз атойлатып мақтанып жүрген ғылымға бір-екі жылда қаржы көлемін 5 есе көтерген кезде оны қаржыландыру көлемі ішкі жалпы өнімнің 0,7%-ін құрайды екен. Соның өзінде де, ғылымға деген  қамқорлық білімге деген қаржылық  қамқорлықтан 5 есеге жуық кем болып қала бермек.

Білім ошақтарының көпшілігінде «Ғылым мен білім егіз» деген ұранды кездестіруге болады. Егіздерге деген қамқорлық пен мейірім бірдей болса керек-ті. Сонда олардың бойлары да, ойлары да бірдей ұқсас болып жарасып тұратыны анық.

Өкінішке орай бүгінгі Қазақстанда ғылым мен білім егіз деп айтуға көп адамның батылы жете қоймас. Себебі, біздің ғылым мен білімнің егіздерге тән ұқсастық пен жарасымдылығы ақылға қонатындай деңгейде емес. Бұл диспропорция мен дисбаланс – «біздегі оқу процесінің ғылыми, ғылыми-әдістемелік, ғылыми-әлеуметтілік, ғылыми-құқықтық қамтамасыз етілу деңгейі қандай? — деген мазасыз сұрақтарға итермелейтіні анық.

Оның дәлелі ретінде отыз жыл бойы сыналып келе жатқан оқулықтарды айтсақ та жеткілікті. Егер оны аз көрсеңіз, ҰБТ-ға балаларымызды апарып педагог-мұғалімдерге емес, ІІМ мен ҰҚК-нің азаматтарына «күдікті азамат» ретінде тапсыратынымызды қосыңыз. Ақылға қонбайтыны – осы процедураны қандай педагогикалық ғылым, қай педагог – ғалымдар, қандай тұжырымдар мен қағидаларға арқа сүйеп негіздеді екен?

Хабардың соңында жүргізуші журналист Нұрлан Сұлтанбек деген азамат: «Ғылым – теңіз, білім – қайық» деді. Жөн-ақ сөз. Бірақ, біздің бүгінгі күні «ғылым – теңізі», «білім – қайықтан» бірнеше есе кіші, яғни Қазақтың оқу-білімі қайраңда тұрған қайық сияқты деген сөз.

Шығатын жол біреу ғана – ол «ғылым – теңіздің» ертерек толуы. Сол «ғылым – теңізді» толтыратын ағын тек қаржыдан ғана емес, мемлекеттік көзқарастан, пассионарлық, патриоттық сезімдерден, академиялық әділдік пен шыншылдықтан, ар-ождандақ тазалықтан, біліктілік пен жауапкершіліктен, ғылыми егемендікке ұмтылудан тұрса игі.

Ғылыми егемендік туралы ой-пікірге келсек, 12 сәуір күні өткен Президент жанындағы ғылыми-технологиялық ұлттық кеңесте академик Асқар Жұмаділдаев технологиялық тәуелсіздік орнату керек деген ой тастады. Мен қатысқан телевизиялық дискуссияда бүгінгі қолданыстағы «Ғылым туралы» заң және ол заңнан туындаған заңнамалық актілер, ережелер мен міндеттемелер Қазақ ғылымының егемендігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ете алмайды деген дәлелді пікір айтылды. Бұл «ғылым – теңізді»  толтыруды «Ғылым туралы» жаңа заң қабылдаудан бастау керек деген сөз.

Ғылыми-технологиялық кеңесте ҚР ҰҒА-сының Президенті болып ҰҒА-сының мүшесі емес, ҚР Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі тағайындалғаны белгілі болды. Бұл факт барлық қоғамдық ғылым академиялары бір Ұлттық ғылым академиясының аясына топталады деген үміт оятып отыр деуге болады.

Сол тарихи келелі жиында Президентіміз Қ.К.Тоқаев ҚР ҰҒА-сының құрамында мүшесі болып сол академияға, тіпті ғылымға қатысы жоқ адамдар жүргенін, бұл мәселені Академияның жаңа басшылығы қолға алып, оңтайлы шешуі керектігін атап өтті.

Идеалды жағдайда ҰҒА-сының құрамында өзінің ғылыми мектебі бар, өз ғылыми саласында көрнекті орны бар, елге-жұртқа айтар тұжырымды сөзі бар ғалымдар болуы шарт. «Болмасаң да ұқсап бақ» — дегендей кешегі Қ.Сәтпаев, А.Қонаев, М.Айтхожин, Ө.Жолдасбеков, Ө.Сұлтанғазин, С.Зиманов, С.Сартаев, өзім жақсы танитын Н.В.Павлов, Б.А.Быков, И.О.Байтулин, А.Ж.Жаңғалиев және т.с.с. бүгін өмірден озған академиктеріміз сияқты тұлғалы академиктеріміз шүкіршілік, бар. Мен олардың қатарына тарихшы М.Қойгелдіні, географ А.Медеуді, жаратылыстанушы, аграрийлер Ә.Мелдебековті, Б,Махатовты, химик Қ.Пірәлиевті, экономист О.Сәбденді, ғалым-агроном А.Күрішбаевты, бәрімізге жақсы таныс А.Жұмаділдаевты және т.с.с. жатқызар едім.

Академияның осындай мүшелері және олардың ғылыми мектептері, алдында айтып өткен академиктеріміздің ғылыми мектептері жаңа мемлекеттік Ұлттық Ғылым Академиясының алтын діңгегі болуы керектігі көзге ұрып тұрған ақиқат. Бұл ретте, ҰҒА-сының мүшелігіне кезінде ұмтылмаған, өз бағытынан айнымаған, ғылыми мектебі бар ғалымдар мен ізденушілерді анықтап, оларға арқа сүйеуді де өзекті мәселе деп білемін.

ҰҒА-сының құрамында жоғарыда аталып өткен – академия мен ғылымға қатысы жоқ және ҰҒА-сының алтын діңгегі болатын топтардан басқа үшінші топ бар. Бұл топқа енгендердің басым бөлігі 2010 жылға дейін докторлық диссертация қорғап үлгерген, ғылыми мектебі қалыптасып үлгермеген «жас академиктер». Бұл топқа ерекше көзқарас, ерекше талдау керек сияқты.

Анығы біреу ғана – ол, Президент атап өткен топтан Қазақтың ғылымы мен ҰҒА-сын құтқару керек.

Түркістан ТВ арнасындағы дискуссияда: «12 сәуірдегі ғылыми-технологиялық Ұлттық кеңесте Жаңа Қазақстандағы ғылым саясатының алтын қазығы қағылды деп есептеймін» — дедім мен. Ылайым, солай болғай.

Нұғыман Аралбай, биология ғылымдарының докторы, профессор

 

 

Другие новости

Back to top button