Выбор редакцииИнтервью

Нұғман Аралбай, Ұлттық аграрлық ғылымдар академиясының академигі: Өсімдіктерге өз тұлғаларымызды атын бердік

Адамзат тіршілігі мен әл-ауқаты табиғатқа тәуелді. Ғылым тілінде биологиялық алуантүрлілік деп аталатын ұғымға құрлық пен судағы бүкіл тірі ағза, жан-жануар, өсімдік әлемі кіреді. Қоршаған орта, құнарлы топырақ, түрлі дақыл, таза ауа мен климат – барлығын осынау экожүйе қамтамасыз етеді. Табиғат аман болса – адам да аман. Сондықтан да биоалуантүрлілікті көздің қарашығындай сақтау, зерттеу, келесі ұрпаққа табыстау ләзім. Бұл ұлттық стратегия аясында және ғалымдардың қызметі негізінде жүзеге асырылуға тиіс. Отандық ботаника ғылымы және биоалуантүрлілік, ғылымдағы қазақ тілі жөнінде биология ғылымының докторы, Ұлттық аграрлық ғылымдар академиясының академигі, профессор Нұғман Аралбаймен әңгімелескен едік. 

– Нұғман Күлдарбекұлы, сіз ұзақ жылдан бері биология, оның ішінде ботаника саласында ғылыми қызмет атқарып келе жатырсыз. Қазақстан жер көлемі жағынан әлемдегі тоғызыншы мемлекет, осы орайда еліміздің биологиялық байлығы жөнінде қысқаша айтып берсеңіз. 

– Биологиялық алуантүрлілік деген өте күрделі жүйе. Оның ішінде жасуша деңгейінен бастап, жеке ағзаға дейін қамтиды. Популяция, экожүйе деген бар. Осының барлығы биологиялық алуан­ ­­­түрлілікті білдіреді. Дүниежүзіне біркелкі әрі ыңғайлы осы термин алынған. Тірі ағзалар, тірі дүние десек болады. Оған вирустан бастап өзі сияқты ұрпақ бере алатын биологиялық денелер жатады. Оның өзінің иерархиясы, дамуы, өзін-өзі реттейтін тетіктері бар.

Бұл ұғымның философиялық, әлеуметтік, дүниетанымдық маңызы зор. Биологиялық алуантүрлілік жөніндегі халықаралық конвенцияның мәтінін 1994 жылы орыс тілінен қазақ тіліне мен аударған едім. Осы құжаттың алғышартында бірнеше тұғырнамалық мәселе бар, соған назар аударғым келеді. Аталған конвенцияға 150 мемлекет қол қойған, біздің еліміз де қосылған. Құжатқа келісуші жақтар биологиялық алуантүрліліктің адам өміріндегі шексіз құндылығын толық мойындай отырып, оның ұлттар мен ұлыстардың мәдение­тін, дәстүрін қалыптастырудағы рөлін, құндылықтарын ескереді. Міне, осы тұста миға шегеленіп қалатын маңызды алғышарт бар, онда:

«Әр мемлекеттің өзінің биологиялық қорына егемендік құқығы толық мойын­далады. Әр мемлекет өзінің биология­лық қорын сақтап, болашақ ұрпаққа беруін қамтамасыз етеді. Соған сәйкес өзінің ұлттық стратегиясын, жоспары мен бағдарламасын әзірлейді» деп жазылған. Бұл – үлкен жауапкершілік. Биологиялық алуантүрлілік жөніндегі халықаралық конвенция бойынша әр елдің биологиялық егемендігі толық мойындалады және оған басқа біреулердің қол сұғуына болмайды. Біз де осы байлығымызды сақтауға міндеттіміз.

– Бұл жердегі биологиялық егемендік нені қамтиды?

– Біз әлі өзіміздің биологиялық ресурстарымыздың маңызын түйсінбедік. Мұқағали «Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем» деп басталатын өлеңінде:
Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,
Бәрі маған «Отан!» деп сыбырлаған, – деуші еді ғой. Міне, біз табиғатты, туған жерімізді ақын сүйгендей жүрекпен сүйіп жүрген жоқпыз. Ұлы ақын біздің патриоттығымыздың платформасы – табиғат, Жер-ана деп тұр. Ал біз оны түсінбейміз, өйткені туған жеріміздің байлығын танымаймыз, білмейміз.

Алайда ғалымдар қол қусырып отыр­ған жоқ. Қазақстанның өсімдіктер дүние­сіне келетін болсақ, 1999 жылы академик Иса Байтулиннің бас редакторлығымен және ғылыми жетекшілігімен «Қазақстанның биология­лық алуан­түрлілігі: оны сақтау және парықты пайдаланудың стратегиясы мен ұлттық іс-әрекет жоспары» деген үлкен құжат әзірленіп, үкіметке ұсынылды. Бұл құжат – мемлекетіміздің Биологиялық алуантүрлілік жөніндегі халықаралық конвенция алдындағы жауапкершілігі. Сондықтан осы стратегия Парламенттің қарауына берілді. Бірақ біздің Парламент оны бекіткен жоқ, тек «қаперге алынсын» деді. Яғни біздің депутаттар биологиялық байлық жөніндегі стратегияны ұлттық бағдарлама есебінде қабылдауды қажет етпеді. Сонымен ол тартпада қала берді. Біз бұл құжатты Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтеріне де ұсындық, Қазақстанның стратегиясы өте жоғары баға алды.

Сонымен бірге 1999 жылы «Қазақстанның шөлденуге қарсы күрес жөніндегі ұлттық іс-әрекет жоспары» жасалынды. Ол да стратегия. Екі құжат Парламентке қатар берілді, екеуіне де «қаперге алынсын» деген шешім шығарылды. Яғни саяси, құқықтық тұрғыдан пәрмен берілмеді. Атқарушы билік, экология министрлігі, тағы басқа органдарға еш міндет жүктелмеді. Сонымен, бұл саладағы жұмыстар саябырсыды.

– Бұл тақырыпты жылы жауып қойды дейсіз ғой… 

– Иә, жылы жауып қойды. Ұлттық бағдарлама болмаған соң, Мемлекет тарапынан оны ғылыми негіздеуге, әрі қарай іске асыруға, зерттеуге тапсырма болған жоқ. Үкіметке ұсынылған ұлттық стратегияда менің ұстазым, марқұм ­И.Байтулиннің басшылығымен Қазақстанның өсімдіктер дүниесіне тұңғыш рет сандық сипаттама берген едік. Сол кезде жинақталған мәлімет бойынша, елімізде 14 мыңдай биологиялық түр бар деген тұжырым жасалды. Оған өсімдіктер, саңырауқұлақтар, балдырлар, мүктер, қыналар, бәрі кіреді. Соның ішінде түр құрамы жақсы зерттелген екі үлкен бөлім бар. Оның бірі – жоғарғы сатыдағы өсімдіктер.

– Жоғарғы сатыдағы өсімдіктер дегеніміз кәдімгі айналамыздағы жасыл желек қой? 

– Иә, жасыл желек. Ал енді екінші үлкен топ – саңырауқұлақтар. Жалпы алғанда, Кеңес Одағы кезінде микология саласы жақсы зерттелген. Профессор С.Шварцманның басшылығымен «Қазақстанның споралы өсімдіктер флорасы» деген 13 томдық (20 кітап) шыққан. Оған Қазақ КСР-нің Мемлекеттік сыйлығы берілген. Бұл үлкен еңбек, үлкен байлық. Споралы өсімдік дегеніміз, ең алдымен, азық-түлік қауіпсіздігі, адамдардың денсаулығы. Өсімдік ауруларын фитопатология ғылымы зерттейді. Тағы бір айта кетерлігі, бізде медициналық экология дамымаған, мысалы, аллергия ауруы өршіп тұр. Аллергендердің көбі осы саңырауқұлақтардан шығады. Оларды зерттейтін ғылыми мектеп жоқ, барын жоғалтып алдық.

– Ал сіздің зерттеу аймағыңыз қандай? 

– Мен негізінен сол жоғарғы сатыдағы өсімдіктер маманымын. Кеңес Одағында Флорогенетика мектебі деген болған, бұл терминді енгізген Михаил Попов болатын. Попов – атақты Николай Вавиловтың үзеңгілес әріптесі. Кезінде Вавиловтың басына қара бұлт үйірілгенде Попов жер аударылған. Алдымен Ашхабадта, сосын Алматыда ауыл шаруашылық институтында жұмыс істеді. Сол Поповтың кезінде, 1929 жылы Вавилов Алматыға келді. Олар Үлкен Алматы сайына экспедиция жасаған. Сол экспедицияға қатысқан оқушы Аймақ Жанғалиев кейін үлкен ғалымға айналды.

Мұны айтып отырған себебім, биологиялық алуантүрлілік – ұлттар мен ұлыстардың, этностардың мәдениетінің, әдет-ғұрпының, басты құндылықтарының негізі дедік. Флорогенетика флораның түр құрамын, географиясын талдау арқылы оның шығу тегін анықтайды.

– Адам сияқты өсімдіктердің де тегі, түп негізі болады ғой, демек. 

– Иә, флорогенетика флораның тек-тамырын анықтайды. Оның айқын көрінісі – эндемик түрлер. Бұл жағынан алғанда, Қазақстан флорасы – өте текті флора. Елімізде өсетін әр сегізінші түр – эндемик, яғни тек осы жерде өседі. Қазақстанның флористикалық аудандалуы деген картаның жобасын алғаш 1927 жылы Культиасов деген советтік ғалым жасаған. Кейін оны М.Попов, Н.Павлов қайта қарап, редакциялады. Мен оны ғылыми деректермен толықтырып, 2002 жылы жаңарған форматын жария­ладым.

– Флористикалық аудандау географиялық бөлініске қарай жүргізіле ме?

– Аудан, облыс деген әкімшілік бөліктер геоботаникада да бар. Ал флористикалық аудандау жалпы биогеографиялық аудандаудың бір саласы болып есептеледі. Бірақ оның ерекшелігі сол, эндемик түрлердің ареалына негізделген. Яғни белгілі бір өсімдіктердің өсетін жеріне қарай бөлінеді. Ал ондай эндемик бізде жеті жүзден көп.

– Эндемиктің ерекшелігі мен маңызы неде?

– Бізде «Рухани жаңғыру» деген бағдарлама болды, сонда «Сакральді Қазақстан» жобасы бар еді, сакральды бұл «қасиетті» деген сөз ғой. Мәселен, біз үшін ең қасиетті кім? Ол ата-анамыз, туған-туысқанымыз. Биологиялық тілмен айтқанда генетикалық жақынымыз. Ген дегеніміз – сығымдалған тарих. Ата-тек дейді қазақ. Ал енді Қазақстан үшін не қасиетті?

– Жеріміз қасиетті. 

– Ал Жер үшін эндемиктер қасиетті. Эндемиктер қай ауданда көп топтасқан болса, соның қасиеті жоғары. Біздің бабаларымыздың даналығына қайран қаласың. Қасиетті Қаратау дейді. Иә, Қаратауда 170 эндемик өседі. Алатау­дың өсімдігі мүлде басқа. Бұлардың әрқайсысы жеке флористикалық аудан. Суперэндемик деген бар, мысалы Алатаудың теріскейі мен күнгейіндегі өсімдіктер әртүрлі, соның бәрін қосқанда бір аудан болады. Оның өзінің табиғи заңдылықтары бар. Мұқағалидың «әр жәндігін сүйемін жыбырлаған» дегеніндей, осының бәрін сүйіп қана қоймай, ғылыми негіздеу керек.

– Нұғман аға, қазақстандық ботаника ғылымы кеңес үкіметі кезінде қалыптасты. Жалпы осы саланың бастауында кімдер тұр? Өзіңіздің ұстаздарыңыз жөнінде айта кетсеңіз. 

– Жақсы сұрақ. Кеңестік уақыттан бері біз қазақ ботаникасының атасы Николай Васильевич Павлов дейміз. Иә, ол факті. Оны ешкім аттап кете алмайды. 2005 жылы ҚазҰУ-дің ботаника кафедрасының мерейтойы болды. Сол конференцияда белгілі ботаник-флорист Пернебек Мырзақұлов деген ұстазымыз, тағы бір әріптесіміз үшеуміз «Қазақ өсімдіктерінің атауларындағы систематикалық дәстүр» деген баяндама жасадық. Осы жиында біз қазақ ботаникасының, жалпы қазақтың биология ғылымының атасы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы деп жарияладық. Неге? XV ғасырда Өтейбойдақ бабамыз Қазақ хандығының жеріндегі мыңға жуық өсімдіктің тізімін жасады. Екі мыңға жуық рецепт жазды, онда өсімдік те, минерал да, жануар да бар. Биологиялық алуантүрлілік деген осы. Сондықтан біз қазақ ботаникасының атасы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы дейміз. Егер оның еңбектері түгел жеткенде, талай дүниеге көзіміз ашылар еді.

Ал Н.Павловтың еңбегі неде? Академик Қаныш Сәтбаевтың тұсында Николай Васильевич Ұлттық ғылым академиясында ботаника секторын басқарды, кейін Ботаника институтын құрды. Бұл институттан бес институт бөлініп шықты. «Павлов қазаққа «Флораны» берді. Ол одан кейін ештеңе істемесе де төбемізге көтеретін жөніміз бар» деген еді менің ұстазым Иса Байтулин Алтайда экспедиция жүргенімізде.

Біздің бәріміз сол Николай Васильевичтің ғылыми мектебінен тәлім алдық. Кеңес Одағының отыз томдық «Флора» анықтамалығы 1931 жылдан бастап жазылды, сұрапыл соғыс жүріп жатса да тоқтамаған. Рет-ретімен, жоспармен шығып отырған. Көптеген республикалар Москвадағы, Ленинградтағы институтқа тапсырма беріп, өзінің флорасын жаздырды. Қырғыздың, өзбектің флорасы бізден ерте шықты. Өйткені қазақтың үкіметі оларға тапсырыс берген жоқ. «Қазақстан флорасының» бірінші томы 1956 жылы шықты. Бас редакторы Н.Павлов. Оның шығу тарихы былай, Қаныш Сәтбаев өзіне Павловты шақырып, «Николай Васильевич, көршіміздің бәрі флорасын жазып жатыр. Біз өзіміз жаза аламыз ба?» дейді. «Әрине, жаза аламыз». Соның арқасында бізде ботаника мектебі құрылды. Павлов тек қана «Флораны» жазған жоқ, этноботаникадан да көп дүние жазды.

– Бұл ауқымды академиялық еңбек қой, неше жыл бойы жазылды?

– Тоғыз том он жыл ішінде жазылды. Осы он жылда бізде М.Байтенов, В.Голоскоков, Н.Рубцов, В. Фисюн, В. Семиотричева, Б.Быков, Н.Карамышева сияқты ғалымдар бастаған ботаника мектебі пайда болды. Энциклопедияны өзіміз жазғанымыздың арқасында тұтас бір ғалымдар шоғыры қалыптасты.

– Сіз этноботаника деп қалдыңыз. Қаныш Сәтбаев әр өңірге фольклорлық экспедициялар жіберіп, көне мұрамызды жинады. Ботаника саласында да осындай экспедициялар болды ма? 

– Гербарий жинау үшін елдің ішіне шығу керек, жер аралау керек. Менің Зайсаннан жиналған, 12 мың беттік гербарийім Алтай ботаникалық бағында сақтаулы.

– Ол жақта қанша уақыт жүрдіңіз?
– Экспедицияға он жыл бойы шығып жүрдік, жылына 150 күн сол өңірде болатынмын. Ауылға, тауға барасың, қойшымен сөйлесесің дегендей.

– Флористикаға қалай келдіңіз?

– Мені флористикаға студент кезімнен жетектеп келген Пернебек Мыр­зақұлов болатын. Ол кісі кандидаттық диссертациясын Павловтың алдында қорғаған. Мені үшінші курсқа келгенде «сенің ыңғайың бар екен, флорамен айналысшы» деп ғылымға тартты. Дипломдық практикам басталғанда Ботаникалық баққа жіберді, оның директоры Людмила Грузинская Алтайға экспедицияға кеткелі жатыр екен, мені де ала кетті. «Батыс Алтайдың биік таулы талдары» деген тақырыпты жаздым. Қайтып келген соң Грузинская мені кейін өзіне алып қалу үшін өсімдіктер репродукциясы бөліміне жұмысшы етіп қабылдады, оқи жүріп жұмыс істедім. Ол кезде Алматыда қалу деген қиямет. Иса Омарұлы оқуымды бітірген соң мені өзіне шақырды. Аспирантурада Байтулиннің жетекшілігімен қорғадым. Мен мұны мақтан тұтамын. Одан кейін ботаникалық бақтың Шығыс Қазақстандағы филиалына кеттім. Ол кезде басшылар жақсы маман үшін күресетін еді, біз соңғы жылдары кадрлық саясатты бетімен жібердік.

Л.Грузинскаяның керемет идеялары болды. Егер сол кісінің саласына барсам, мына «сакральдылық» деген ойды ерте тұжырымдар ма едім деп ойлаймын. Өйткені ол кісінің айналысқан проблемасы – түрішілік өзгергіштік. Бұл генетикалық үдеріс, селекциялық табиғи сұрыптау. Ботаникада фенетика деген бар. Фенетика – морфологиялық белгілердің жиынтығы, соның кеңістік пен уақытта өзгеруі.

– Кандидаттық диссертацияңыздың тақырыбы қандай еді?

– 1990 жылы «Солтүстік Зайсан өңірінің флорасы» деген тақырыптан қорғадым. 1997 жылы докторлық еңбекті қорғап, ғылыми атақ иелендім. Ол «Зайсан ойпатының флорасы, оның генезисі және талдау» болатын.

– Халқымыз әрбір өсімдіктің, ағаш пен бұтаның қадір-қасиетін жақсы біліп, соған лайық атау берген ғой. Сол ұлттық атаулар қазіргі ғылымда қолданыла ма? Қазақ тілінде «Қазақстан флорасы» академиялық еңбегі қашан жарыққа шығады? 

– Өтейбойдақ бабамыздың тізіміндегі өсімдік атауларының жиырма пайыз­дайы қазір біздің қолданыста. Алма, өрік, алша, қарағай, тал, терек, жусан дегендей. Обалы не керек, Николай Павлов «Флора» еңбегінде өсімдіктердің қазақша атауын берді. Мысалы қазақ итмұрынды екіге бөледі. Гүлі ақшыл, қызғылт, ылғал жерлерде өсетін түрін итмұрын дейді. Ал құрғақ, далалы жерде, тіпті кейбір шөлейт жерлерде өсетіні бар, гүлі сары, жемісі қара – оны қазақ шеттік дейді. Енді сасырды қараңыз (ферула). Сасырдың бір түрін шайыр, екіншісін кеурек дейді. Одан дәрі жасайды. Жусанның ермен, шағыр сияқты туыс тармақтары бар. Сонда біздің қазақтың ботаникалық білімі, өсімдіктерді жүйелеу дәстүрі жоқ деп кім айтады? Айырмашылығын біліп тұр ғой.

«Флора» неге қазақша шықпады дегенге келсек, бізде керенаулық, көнбістік басым. «Жаман болса да аман болсын» деген бар, ол жақсылыққа, жарыққа ұмтылмау деген сөз. Бұл біз ұстанатын дүние емес. «Қазақстан флорасын» қазақша шығару жөнінде 2020 жылы Президентке ашық хат жазған болатынмын. Сол хатта «Бүгінгі қазақтың баласы мектепте, жоғарғы оқу орнында өз елінің табиғи ресурсы туралы ештеңе білмейді» дедім. Бұл ойды ҰҒА Президенті Ақылбек Күрішбаевтың қабылдауында болғанда да айттым. Біз, кезінде биология факультетінде бірге оқыған жігіттер, ізімізді басатын жастарды ойласақ сары уайымға салынамыз. Жастар ботаникадағы қарапайым нәрселерді білмейді. Кез келген биолог төрт амин қышқылынан бастап биосфераға дейінгі бүкіл экожүйені білуі керек қой.

– Жас ғалымдардың базалық білімі төмен бе? Неліктен? 

– Биология факультетіндегі кафедралар жабылып қалса, базалық білім қайдан болсын. Біз оқыған кезде 11 кафедра болды, қазір төртеу. Биология­дағы негізгі нысан – өсімдік, жануар, микроорганизм, сондықтан іргелі ботаника, зоология, микробиология кафедралары болуы керек. Бәрі қысқартылса, қайдан толыққанды білім болады? Ботаника кафедрасы жоқ жерде қалай геоботаник маман дайындайсың. Иә, ақша үнемдедік, бірақ маман жоқ. Бүйте берсе ғылымда сабақтастық үзіледі.

Қазір бүкіл әлемде азық-түлік қауіпсіздігі, соның ішінде табиғи тағам өнімдерін әзірлеу мәселесі өткір тұр. Бізде ауыл шаруашылығы ғылымының стратегиясы немесе тұжырымдамасы бар ма – жоқ. Органикалық азық-түлік тұжырымдамасын жасау қиын емес, Біріккен Ұлттар Ұйымының сарапшылары жасаған қағидаттарды Қазақстанның жағдайына икемдеу керек. Бәрі мемлекетшілдікке келіп тіреледі.

 – Екі жыл бұрын Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Асыл ағаш, асыл шөп» атты анықтамалықтың алғашқы кітабын таныстырдыңыздар. Бұл «Қазақстан флорасы» энциклопедиялық анықтамалығының бастамасы деуге бола ма?

– «Қазақстан флорасы» – энциклопедиялық анықтамалық. Ол академия­лық еңбек. Ондай академиялық еңбекті мемлекет қаржыландыруы керек, бірақ мәселе қаржыландыруда емес. Жаңа энциклопедияны Ботаника және фитоинтродукция институты шығаруға тиіс,  ол қазір Экология министрлігіне қарайды, Ғылым және жоғары білім министрлігінің құзырында емес. Ботаника ғылымының басты мекемесі әзірше өзімен-өзі, ғылымға еш қатысы жоқ мекемеге айналған.

– «Асыл ағаш, асыл шөп» танымдық сериясы бойынша жұмыс қалай жүріп жатыр? Мамандар жеткілікті ме? 

– Ең алдымен осы «Асыл ағаш, асыл шөп» анықтамалығын шығару жөніндегі идеяны іс жүзінде қолдап отырған Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбековаға ботаниктердің ризашылығын айтқым келеді. Бұл екі-үш адам бітіре салатын дүние емес, серияны әзірлеуге жеті қаладан 36 ғалым және 20 шақты ерікті атсалысып жатыр. «Көз қорқақ – қол батыр» деген, қазіргі уақытта жоспарланған 16 томның 12 томы дайын. Соңғы кітаптар редакцияланып, Ғылым комитетінде талаптың бәрінен өтіп, университет сенатының қолдауымен баспаға жіберілді. Жұмыс қайнап жатыр десек болады. Әсіресе өз еркімен көмектесіп жүрген студенттерге ризамын. Бұл анықтамалық – қазақ тіліндегі «Қазақстан флорасы» деген академия­лық еңбектің алғашқы баспалдағы.

– Сіз бір сөзіңізде елімізде ғылым беделінің төмен болуы оның ұлттық мазмұнының жоқтығында деген едіңіз. Ғылым мен білім саласында қазақ тілінің мүддесі ескерілмей, қолданысы ақсап отыруының себебі неде?

– «Мемлекеттік тіл – біздің тәуелсіздігіміздің символы» деп Президент Қ.Тоқаев атап айтты. Символ деген қасиет қой, ана тілден асқан қандай қасиет болуы мүмкін. Бізде Конституцияның 7-бабы да, 93-бабы да орындалмай отыр. Ғылымды қазақ тілінде дамыту ғылым туралы бұрынғы заңда да, қазіргі заңда да ескерілмеді.

Шындап келгенде ұлттық мазмұн деген – ұлттың тілі. Ол әлімсақтан бергі бабаларымыздың бізге қалдырған аманаты. Сондықтан біз оны сақтап, жаңартып, байытып, болашаққа тапсыруымыз керек. Бұның бәрі ар-намысқа келіп тірелетін мәселе. Ғылымның қазақша сөйлемеуі біздің ар-намысымыздың әлсіздігін көрсетеді.

– «Асыл ағаш, асыл шөп» сериясын дайындау барысында халықтық атаулар жаңғыртылып жатыр ма? Өсімдік атаулары ұлттық дүниетанымның бір бөлігі ғой. 

– Өсімдік түрлерін анықтап, атауын беретін кезде ұстанатын үш қағида бар: морфологиялық, географиялық ерекшелігі және адам аттары. Мысалы, ақ гүл-сары гүл, Қаратау, Алатау қызғалдағы деп кете береді. Енді адам атына келейік, кезінде Ресейден ғалымдар келіп зерттеп, өсімдіктерге түрлі атау берді: Альберт, Регель, Корольков, Колпаковский қызғалдағы, т.б. Корольков қызғалдағының қазақша атауы – тауалғы. Жамбыл, Шымкент облыстарында ашаршылық болған кезде жұрт осы шөптің тамырын қазып жеген, ресурс­тық маңызы жоғары өсімдік.

Мұның құқықтық жағы да бар, яғни әлемдік ботаникаға орысша атаумен енгізілген. Ал халықаралық конвенция бойынша, әр елдің биологиялық егемендік құқығы толық мойындалады. Ендеше, халықаралық заңнамаға қайшы емес. Конституциямызда да «жердің астыңғы, үстіңгі байлығының бәрі халықтың иелігінде» делінген. Ресурс біздікі болса – кімнен қорқамыз, несіне жалтақтаймыз? Сондықтан да бұл еңбекте өсімдіктерге әл-Фараби, Ясауи және басқа өз тұлғаларымыздың атын бердік.

2001 жылы Халықаралық қазақ-түрік университетінің он жылдық мерейтойына орай конференция өтті, сонда «Қазақ тілі» қоғамының президенті Әбдуәли Қайдаров академик Рахманқұл Бердібаев ағамыздың кеудесіне алтын медаль тақты. Бүкіл зал қошемет көрсетті. Рахманқұл ағамыз сонда: «Тілдің жолында жүректер тоқтаса, тоқтасын. Күрестер тоқтамасын» деді. Бұдан артық қалай айтуға болады? «Асыл ағаш, асыл шөп» еңбегінің ішінде 56 адамның жүрегі бірге соғып тұр. Қолдап тұрған университет бар, жұмысымыз жалғаса береді.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Дереккөз: Ана тілі газеті

Другие новости

Back to top button