Негізгі ҰБТ қай күні басталатыны белгілі болды

2025 жылғы негізгі ҰБТ 16 мамырда басталып, 5 шілдеге дейін жалғасады, деп хабарлады Azattyq Rýhy Ұлттық тестілеу орталығына сілтеме жасап.
Өтініш 12-25 сәуір аралығында қабылданады, оның ішінде 12-18 сәуір аралығында бір рет өтініш беруге, 19-25 сәуір аралығында бір немесе екі рет өтініш беруге болады.
Талапкерлер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатыса алады. ҰБТ-ға қатысу үшін Ұлттық тестілеу орталығының http://app.testcenter.kz сайты немесе UTO.kz қосымшасы арқылы өтініш беруге болады.
«Талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдайды. Бұл ретте олар екі мүмкіндік үшін бейіндік пәндердің бір ғана комбинациясын белгілейді», — делінген хабарламада.
ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. ҰБТ тапсырмалар саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырмадан. Жоғары балл – 140.
Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек.
Апелляцияны тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде беруге болады. Сертификат апелляция қаралғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.
Шекті балдар өзгеріссіз қалды: «Құқық» және «Педагогикалық ғылымдар» бағыттарына түсу үшін кемінде 75 балл, «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» үшін кемінде 70 балл жинау қажет; ұлттық ЖОО-на түсу үшін кемінде 65 балл, басқа ЖОО-на түсу үшін кемінде 50 балл жинау қажет.
2025 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе басқа да ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда, талапкердің ҰБТ нәтижелері жойылады.