Госорганы

«Не ауыл емес, не қала емес»: Аманжол Әлтай Қазақстандағы кенттердің мәселесін қозғады

Бүгін мәжілістің жалпы отырысында депутат, AMANAT фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай Қазақстандағы кенттердің мәселесін көтерді, деп жазады Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, құжаттағы мәртебесі кент болғанымен, қазір көп шағын қалалардағы халықтың жағдайы күн санап нашарлап барады. Өйткені, ауыл халқына және ауылдағы мамандарға беріліп жатқан мемлекеттік қолдау бұндай кенттерге бөлінбейді.

«Қаланың, не ауылдың санатында жоқ Кенттер мемлекеттік қолдауға зәру. Кешегісінен бүгіні, бүгінінен ертеңі қиындап бара жатқан Кент тұрғындарының жанайқайына көңіл бөліңіз. Қалалардағы секілді инфрақұрылымы, басқа да өмір сүруге қолайлы мүмкіндіктер жоқ болғандықтан, ауылдардаға тиесілі мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдаудан тыс қалғандықтан Кенттерге білікті жас мамандардың келуі өте сирек. Соның салдарынан кадр тапшылығы күн сайын күрделеніп барады. Қалалық типтегі кенттер — тек елді мекендер ғана емес, ондағы өмір сүріп жатқан сан мыңдаған халықтың атамекені, тағдырын тәуекелге байлаған алтын ұясы, бүгіні мен болашағының қастерлі қара шаңырағы. Алайда, осы өңірлердегі халық, өкінішке қарай назардан тыс қалып, «ауылдық вакуумда» өмір сүруге мәжбүр», — дейді Аманжол Алтай.

Яғни, оның айтуынша, қалалық типтегі кенттер өздерінің арнайы аралық мәртебесі жоқтығы салдарынан көптеген мемлекеттік бағдарламалардың қамту аймағынан шеттетілген, бұл жағдай үкімет жергілікті тұрғындарды күрделі әлеуметтік-экономикалық қиындықтармен бетпе-бет қалдырып отыр.

«Қалалық типтегі Кент тұрғындарының басты мәселелерінің бірі – білім беру саласындағы мұғалімдер тапшылығы. Әсіресе химия, биология, физика және математика пәндері бойынша педагог кадрлардың жетіспеушілігі оқушылардың сапалы білім алуына айтарлықтай кедергі келтіріп жатыр. Денсаулық сақтау саласында да кадр тапшылығы орын алуда. Білікті дәрігер мамандардың жетіспеушілігінен халықтың денсаулық деңгейі төмендеп барады», — деп атап өтті депутат.

Осының кесірінен осындай кенттердегі халықтың тұрмыс сапасы нашарлайды дейді Аманжол Әлтай.

«Қалалық типтегі кенттер 2023-2027 жылдарға арналған ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасына да енгізілмеген, осы себепті олар қолдау шараларынан тыс қалып отыр. Бұл жағдай әлеуметтік әділетсіздік пен теңсіздікті тудырады. Сондықтан, осы маңызды мәселелерді шешу үшін нақты шаралар ұсынылады:

1.            Ұлттық экономика министрлігі  қалалық типтегі кенттерге инфрақұрылымдық және экономикалық қолдау көрсетуге бағытталған бағдарламалар әзірлеуі тиіс.

2.            Білім және ғылым министрлігі тарапынан аталған аймақтардағы педагогикалық кадр тапшылығын жою, әсіресе STEM пәндері бойынша мұғалімдермен қамтамасыз ету үшін нақты бағдарлама қажет.

3.            Жас мамандарды осы аймақтарға тарту мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арнайы ынталандыру тетіктерін қарастыруы қажет.

4.            Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қалалық типтегі кенттерге заманауи инфрақұрылымдық жобаларды енгізу маңызды.

5.            Кенттерге келген жас мамандарды баспанамен қамту мәселелері оң шешімін табуы тиіс», — деді талаптарын атаған ол.

Другие новости

Back to top button